Редакция таңдауы

Он жеті жасында майданған аттанған жауынгер

Ұлы Отан соғысының майдан даласында қан кешіп, намыс туын көтеріп, Жаратқанның жазуымен елге аман қайтқан майдангерлерден Шымкентте бүгінде көзі тірі екеуі ғана қалды. Сол аңызға айналған қос батырдың бірі – Мұраталы Төлепбергенұлы. Шымкент қаласында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагерін Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары Жеңістің
80 жылдығына орай құттықтауға барды.

Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов пен депутаттар Қанатбек Досалиев, Қайрат Имашев, Исламбек Төлебаев, Асқар Молдабек ғасырмен құрдас ақсақалдың үйіне арнайы ат басын тіреді.

– Мұраталы Төлепбергенұлы атамыз 20 мамырда 100 жасқа толады. Ғасыр жасаған қаһарманға баршамыз тағзым етуіміз керек. Бұл кісілер басынан не өткізбеді?! Ұжымдастырудан бастап, ашаршылық, қуғын-сүргінді, одан беріде Ұлы Отан соғысын көрді. Бір үйдің бес баласы соғысқа аттанды. Ол кезде атамыздың 18-ге толар-толмас шағы екен. Тұрар Рысқұловтың ұрпақтары болғандықтан, бұл отбасыға еш аяушылық болмаған. Майдан даласынан аман-есен келгеннен кейін де оңай күн кешпеді. Экономика құлдырап, азық-түлік тапшы кезде, аштықта, суықта еңбек етіп, елді көтерді. Сондықтан бұл аталарымыз әрі қан майданда, әрі еңбек майданында маңдай терімен еліміздің дамуына атсалысты. Ата-бабамыздың ерлігі, жанашырлығы болмағанда бүгінгі күніміздің қалай болары белгісіз еді. Ақсақалдың батасын алудың өзі – бір ғанибет. Бұл іс-шара кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Жеңіс үшін, бейбіт өміріміз үшін осы ардагерлерімізге мың алғыс айтамыз!, – деді Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Мәдәліұлы.

Мұраталы ақсақал 1925 жылдың 20 мамырында бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Жаскешу ауылында дүниеге келген. 1943 жылы 17 жасында майданға аттанған. Жалпы, Мұраталы қарияның әскер қатарындағы қызметі 7 жыл 6 айға созылған.

Мәслихат депутаттары қарияның иығына шапан жауып, сый-сыяпатын жасады. Бата сұрап алқалаған ағайынға ақ батасын жаудырған ақсақалдың сөзі түзу, қимылы ширақ. Соғыста жаумен қалай шайқасқанын еске түсіріп, өткен күндерінің естелігін шолып шықты.

– 1943 жылдың ақпан айынан Ташкентте 6 ай оқып, 3-ші дәрежелі радист мамандығын алып шықтым. Сол жылдың қыркүйек айында Калинин облысының Реткин стансасында майданға қатыстым. №339 зеңбірекшілер бригадасында болдым. Брест қамалы, Донецк, Варшава, Висмар, Виттенберг, Перлеберг қалаларының шайқасына қатыстым. Германияның Виттенберг қаласында жауынгерлік жолым жеңіспен аяқталған соң елге 1950 жылы оралдым, – деген ардагері соғыс деген зұлмат енді қайтып келмесін деп, елімізге бейбітшілік тіледі.

Туған жерге есен-аман келген соң 1950 жылдан 1953 жылға дейін Түлкібас МТС тракторлық бригадасының бригадирі, 1958-1959 жылдар аралығында Калинин колхозында бухгалтер, 1959-1965 жылдары Калинин колхозы фермасының менгерушісі қызметтерін атқарған.

Бүгінгі таңда 2 ұл 6 қыз өсіріп, 21 немере, 3 шөбере сүйіп отырған ардақты соғыс және еңбек ардагері соғыста көрсеткен ерліктері үшін ІІ–ші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» және басқа да мерекелік медальдармен марапатталған.

Соғыс ардагерінің кенже ұлы Бекжан Мұраталыұлы әкесінің ғасыр тойына аман-сау жеткеніне шүкірлік етеді.

–Ұлы жеңістің 80 жылдығында әкеміз 100 жасқа толып отыр. Әкем туралы айтсам, өмір бойы атпен және жаяу көп жүрді. Соның арқасында денсаулығы жақсы. Ішімдік ішпеді, темекі шекпеді. Көп еңбек етті. Зейнетке шыққан соң тыным таппады. Осындай әкемнің барын мақтан етемін, – деп ағынан жарылды.

Былтырдан бері әкімдік тарапынан ардагерлер мен олардың жақындарына ауқымды әлеуметтік қолдаулар көрсетіліп келеді. Мәселен, 9 мамырға орай 2 ҰОС ардагеріне – әрқайсысына 1272 АЕК немесе 5 001 504 теңге мөлшерінде бір реттік әлеуметтік көмек тағайындалған. Мұраталы Төлепбергенұлы 2014 жылдың желтоқсан айында мемлекет тарапынан Шымкент қаласынан 1 бөлмелі, 2024 жылы демеушілер есебінен 2 бөлмелі пәтер берілген. Ардагерлерге мамыр айында ғана емес, жыл бойына тегін медициналық және санаторлық көмек көрсетіледі. Ол кісілердің қараушыларына да жәрдемақы қарастырылған. Тарихтың көзі тірі куәгерлеріне не берсеңіз де, қанша берсеңіз де, артықтық етпейді. Өйткені, бүгінгі бейбіт күніміз бен ашық аспанымыз үшін сіңірген еңбегінің бағасы өлшеусіз.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

Соңғы жаңалықтар