«Заңды білу – заман талабы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде өткен іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүргізу және заңнамалық талаптарды түсіндіру.
Шараға Шымкент қалалық полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Әлішер Айсаев қатысып, жастарға Қазақстан Республикасының заңнамасындағы негізгі нормалар, алаяқтықтың түрлері, одан сақтану жолдары, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ құқық қорғау органдарының жұмысы туралы баяндады.
– Қазір белең алған мәселе – интернет алаяқтық. Оның құрығына кәрі де, жас та ілігіп жатыр. Телефонға банк қызметкері ретінде звондап, адамның сеніміне кіріп, банктік шотындағы ақшаны аударуға көндіреді.
Екінші алаяқтықтың түрі – инвестиция. Кей адамдар үйде отырып жеңіл жолмен ақша тапқысы келеді. Әлеуметтік желі арқылы жарнамасын “Ақшаңызды еселеп көбейтіп береміз!” деген сияқты лозунгпен жақсылап жасайды. Халық Банктің өзі жылдық мөлшерлемесін 12-14 %-дан асырмайды. Ендеше азаматтар “Бұл деген батпан құйрық?!” деп ойлануы керек қой. Әлгі алаяқтар 2-3 күннен соңи “Ақшаңызды 3 есе көбейтіп қойдық. Тағы салсаңыз, пәленбай миллион пайда табасыз” деп сенімге кіріп хабарласады. Тіпті, 20-25 миллион теңгелік үйін сатып, алаяқтарға бере салған адамдар бар. Оңай табысты көздеймін деп, “Дубайдан үй аламын, Антальядан жер аламын” деп оңбай опық жегендер жетерлік.
Одан кейін ақша аударымдарын жасағанда, аса сақ болу керек. Өйткені, алаяқтар штрих код арқылы қаржыңызды иемденіп алуы мүмкін, – дейді Алишер Айсаев.
Полиция подполковнигінің сөзінше, студенттердің арасында өз шотын біреуге жалға беру де тыйылар емес. Оларды “Сіздің шотыңыздан ақша аударымын жасаймыз. Әр айналымнан мынанша береміз!” деп алдайды. Межелі соманы жинап алған соң “Сіз енді басқа шотқа аударыңыз. Сізге айдың соңында хабарласамыз!” дейді де, зым-зия жоғалады. Шотында көп қаржы айналымы болған адамның банк карталары бұғатталады. Келтірілген залал мойнына ілінеді. Соның барлығын өндіріп беруге міндетті болады. Ал шотынан шыққан қаржы биткоин, криптовалюта боп шетелге кетеді. Міне, осылайша әлеуметтік желі арқылы жалған жарнамаға сеніп, ата анасын несиеге “тыққан” жастар бар.
“Тағы бір алаяқтықтың түрі – телефонға “Сим-картаңыздың мерзімі бітті. Бұл нөмір сізге керек пе?!” деп қоңырау шалады. “Иә” десе, телефонына код жібереді. Соны басса, атына несие рәсімдейді. Сондықтан, ешкімге, тіпті, банк не полиция қызметкері болса да, жеке құжат, банктік шот туралы ешнәрсе айтпау қажет”, – деп ескертеді заң қызметкері.
Дөңгелек үстел барысында заң бұзушылықтың алдын алу жолдары, жемқорлықпен күрестегі жастардың рөлі, сондай-ақ құқықтық сауаттылықтың маңыздылығы жайлы кеңінен сөз қозғалды.
Сонымен қатар, студенттер құқықтық мәселелер бойынша көкейіндегі сұрақтарын қойып, сала маманынан нақты жауаптар алды. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық, лудомания, алаяқтық, киберқылмыстың қоғамға тигізетін кері әсері, оның алдын алу жолдары мен жастардың азаматтық жауапкершілігі туралы пікір алмасты.
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ