Редакция таңдауы

«Оңтүстік» телеарнасы 35 жылдық мерейтойын игі іспен бастады

Оңтүстік өңірінің ақпарат кеңістігінде ерекше орны бар «Оңтүстік» телеарнасы биыл 35 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осыған орай телеарна ұжымы Абай саябағында 35 түп шырша отырғызып, табиғатты қорғауға өз үлесін қосты. Бұл шара «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылып, оған телеарна қызметкерлерінің барлығы қатысты. Ұжым алдағы уақытта 35 игі іс атқаруды жоспарлап отыр.

Бұл телеарна 1989 жылы өз жұмысын бастаған. Бастапқыда шағын шығармашылық топтан құралған арна бүгінде өңірдегі ең ірі ақпарат құралдарының біріне айналды. Жылдар өте келе техникалық базасын жетілдіріп, көрермендерге сапалы контент ұсынатын деңгейге жетті. Қазіргі таңда арнаның эфирінде жаңалықтар, танымдық бағдарламалар, сараптамалық жобалар мен түрлі мәдени-әлеуметтік хабарлар көрерменге жол тартады. БАҚ өкілдерінің бұл игі істі бастауына басшылық құрам қолдау көрсеткен. Бұл туралы «Оңтүстік» телеарнасы басшысының орынбасары Гүлсара Қуанышбаева айтты.

– Телеарна тек ақпарат таратумен ғана шектелмей, өңірдің дамуына да үлес қосып келеді. Әлеуметтік мәселелерді көтеру, тарихи-мәдени құндылықтарды насихаттау, жастардың білім мен өнерге деген қызығушылығын арттыру – арнаның басты бағыттарының бірі. Сонымен қатар, жаңа цифрлық технологияларды енгізу арқылы көрермендерге ақпаратты заманауи форматта ұсынуда, – дейді ол.

35 жылдық белес – тек мерейтой ғана емес, жаңа белестерге бастау болмақ. Телеарна ұжымы қоғамға пайдалы істер атқарып, ақпараттық саланың дамуына одан әрі үлес қосуды көздейді.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Соңғы жаңалықтар