Шымкент қаласының Наурыз алаңында республикалық Оркестрлер шеруінің салтанатты ашылуы өтті. Қала күніне орай 15-17 маусым күндері Наурыз алаңында еліміздің әр өңірінен келген классикалық, ұлттық және заманауи жанрдағы оркестр ұжымдары өнер көрсетті.
Оркестрлер шеруінің ашылу рәсіміне «Шымкент-концерт» концерттік ұйымының Қазақ ұлттық аспаптар оркестрі мен Шымкент қалалық Опера және балет театрының симфониялық оркестрі қатысып, қала тұрғындарына керемет мәдени демалыс сыйлады.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек оркестрлер шеруі қала күніне арналған іс-шаралар онкүндігі аясында өтіп жатқанын айтып, қала тұрғындары мен қонақтарын керемет концерттерді тамашалауға шақырды.
17 маусымда екі күнге жоспарланған республикалық Оркестрлер шеруінің салтанатты жабылу рәсімі өтті. Еліміздің әр өңірінен келген классикалық, ұлттық және заманауи жанрдағы оркестр ұжымдары өнер көрсетті. Атап айтқанда, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының «Ақжауын» камералық оркестрі, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақстан Республикасының Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі, Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының Ш.Қажығалиев атындағы эстрадалық-симфониялық оркестрі, CDA Big Band джаз оркестрі ұжымдары қатысты. Бәрі де үздік шығармаларды орындап, қала тұрғындары мен қонақтарына керемет көңіл-күй сыйлады.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек өңірлерден келген оркестр ұжымдарына алғысын жеткізіп, барша қатысушыларды арнайы сый-сияпаттармен марапаттады.
Айта кетсек, республикалық Оркестрлер шеруін Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Тағабай ҚАСЫМОВ