Редакция таңдауы

ОРНЫҚТЫ ДАМУҒА ҚАДАМ БАСҚАН ҚАЛА

Қазір Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы урбанизация үдерісінің қарқынымен тығыз байланысты болып отыр. Қаланың кеңеюі, жаңа тұрғын үй кешендерінің, коммерциялық және әлеуметтік нысандардың салынуы қалалық ортаның сапасына қойылатын талаптарды бұрынғыдан да күшейтті. Осы жағдайда құрылыс саласындағы заңдылықты сақтау, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инфрақұрылымның сапасын арттыру және қаланың сәулеттік келбетін реттеу мемлекеттік басқарудың маңызды бағыттарының біріне айналды. Бұл міндеттерді іске асыруда шаһардың қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы негізгі үйлестіруші әрі бақылаушы орган ретінде биыл он бір айда ауқымды әрі көпқырлы жұмыс атқарған.

Қаладағы құрылыс белсенділігі нақты статистикамен айқындалады. Биыл басқармаға құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталатыны туралы 1909 хабарлама келіп түскен. Бұл көрсеткіш Шымкенттегі құрылыс көлемінің жоғары екенін аңғартады. Алайда, осы хабарламалардың барлығы бірдей талапқа сай бола бермейді. Нәтижесінде 1309 хабарлама ғана басқарманың реестрінде тіркеліп, 600 хабарлама түрлі заңнамалық және рәсімдік талаптардың сақталмауына байланысты кері қайтарылған екен. Мұның өзі құрылыс саласында бақылаудың формалды емес, нақты мазмұнға негізделгенін көрсетеді. Басқарма тарапынан әрбір құрылыс нысанының заңды негізде басталуына ерекше назар аударылып отыр.

Құрылыс жұмыстарының аяқталу кезеңіндегі бақылау да аса маңызды. Осы орайда объектілерді пайдалануға қабылдау актілерін салыстырып қарауға байланысты 1721 өтініш түскен. Соның ішінде тек 642 өтініш оң қорытынды алып, пайдалануға рұқсат етілсе, 1079 өтінішке бас тарту туралы шешім қабылданған. Бұл дерек құрылыс нысандарының едәуір бөлігінде жобалық-сметалық құжаттамаларға, техникалық регламенттерге немесе сапа талаптарына сәйкессіздіктер бар екенін көрсетеді. Басқарманың мұндай қатаң ұстанымы кейінгі кезде апаттық жағдайлардың, тұрғындардың шағымдарының және қауіпсіздікке төнетін қатерлердің алдын алуға бағытталғанын айта кеткен жөн.

Құрылыс саласын жүйелі дамытуда лицензиялау және аттестаттау тетіктерінің рөлі ерекше. Биыл басқармаға лицензиялауда жалпы саны 479 өтініш келіп түскен. Алайда олардың ішінен небәрі 40 өтінішке лицензия берілген. 181 өтініш қайта рәсімделіп, 61-не бас тартылған. Ал 197 өтініш кері қайтарылған. Бұл құрылыс саласында қызмет көрсететін субъектілерге қойылатын талаптардың жоғары екенін, салаға тек заң талаптарына толық сай келетін ұйымдар мен мамандардың ғана жіберілетінін білдіреді. Сонымен қатар, биыл қаңтар мен қыркүйек айлары аралығында құрылыс саласында сарапшылық және инжинирингтік қызметтерді жүзеге асыру үшін 196 сарапшыға аттестат берілген. Мұның өзі кадрлық әлеуетті нығайтуға және құрылыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды көрсеткіш деп айтуға негіз бар екенін көрсетіп береді.

Қалалық орта сапасын қамтамасыз етудегі ең күрделі әрі өзекті мәселенің бірі – әкімшілік құқық бұзушылықтармен күрес. Биыл басқарма тарапынан 178 құрылыс объектісіне 422 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, тиісті хаттамалар толтырылды. Нәтижесінде жалпы сомасы 102 миллион 308 мың теңгеден астам айыппұл салынған. Соның 80 миллион 517 мың теңгеден астамы өндірілген. Ал, бұл заң бұзушылықтарға қатысты қабылданған шаралардың нақты нәтижесі бар екенін көрсетеді. Әсіресе, қала аумағындағы заңсыз құрылыстарға қатысты деректер ерекше алаңдаушылық тудырады. 125 құрылыс объектісі бойынша 369 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 70 миллион 712 мың теңгеден астам айыппұл салынған. Соның ішінде 58 миллион 907 мың теңгесі өндірілген. Заңсыз құрылыс  –  тек сәулеттік тәртіпті бұзу ғана емес, бұл инженерлік желілерге түсетін салмақтың артуына, тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнуіне алып келетін фактор. Сондықтан бұл бағытта басқарманың ұстанымы қатаң әрі жүйелі болуды қажет етері түсінікті.

Аудандарда жүргізілген сараптама да құрылыс тәртібінің әркелкі сақталатынын көрсетеді. Абай ауданында 30 құрылыс объектісінде 99 құқық бұзушылық анықталып, 20 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Әл-Фараби ауданында 36 объектіде 98 құқық бұзушылық тіркеліп, айыппұл көлемі 18 миллион теңгеден асты. Еңбекші, Қаратау және Тұран аудандарында да ондаған нысанға әкімшілік шаралар қолданылған. Бұл деректер қаланың барлық аумағында бақылаудың бірдей жүргізіліп отырғанын дәлелдейді.

Құрылыс сапасына қатысты анықталған құқық бұзушылықтар да аз емес. 38 құрылыс объектісінде құрылыс сапасына байланысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, 22 миллион теңгеден аса айыппұл салынған. Бұл салада тек құжаттың болуы емес, нақты орындалған жұмыстың сапасы басты назарда екенін көрсетеді. Сонымен қатар, үлестік қатысу туралы заңнаманы бұзу фактілерде 15 тұрғын үй кешеніне қатысты әкімшілік істер қозғалып, сот шешімдері негізінде айыппұлдар салынды. Бұл шаралар үлескерлердің құқықтарын қорғауға және тұрғын үй нарығындағы ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталғаны белгілі болып отыр.

Басқарма жүргізген мониторинг нәтижесінде қала аумағында 185 құрылыс жұмыстары анықталған. Солардың 83-нің хабарламасы тіркелгенімен, 102 нысан тиісті құжаттарды толық ресімдемей жүргізілгені белгілі болды. Бұл нысандардың 41-інде нақты шаралар қабылданып, қалған 61 нысанға қатысты тексеру жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар, 25 құрылыс нысанында сотқа талап арыз жолданып, бірқатары қанағаттандырылып, заңсыз салынған нысандарды бұзу жұмыстары толық аяқталды. Ал бұл еліміздегі «Заң және тәртіп» қағидатының нақты көрінісі.

Қалалық орта сапасы тек құрылыс саласымен шектелмейді. Газ техникалық инспекция саласында жүргізілген жұмыстар тұрғындардың күнделікті қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Биыл газды пайдалану қауіпсіздігінде кең ауқымды түсіндіру және насихат жұмыстары жүргізіліп, жүздеген брифинг, мақала, әлеуметтік желілердегі жарияланым ұйымдастырылды. 190 мың дана жадынама таратылып, қала тұрғындарына газ қауіпсіздігінің маңызы кеңінен түсіндірілген. Нәтижесінде газ қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін жеке және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Газдан улану фактілеріне жүргізілген талдау нәтижесінде тәуекел аймақтар анықталып, 190 мыңнан астам үйді қамтыған тексеру барысында 2835 ақау белгілі болған. Соның бір бөлігі жойылып, қалғандарына қатысты жұмыстар жалғасын тауып келеді.

Тұрғын үй инспекциясы саласында да маңызды өзгерістер орын алып жатыр. Қаладағы 2595 көпқабатты тұрғын үйдің басым бөлігінде басқару нысандары әлі толық қалыптаспаған. Осыған байланысты тұрғындармен түсіндіру кездесулері ұйымдастырылып, заңнамалық өзгерістердің мәні жеткізіліп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрғын үй қорын тиімді басқаруға көшуге негіз қалайды.

Сондай-ақ лифт шаруашылығы саласында да басқарманың бақылауы күшейтілген. Қаладағы 1370 лифтінің қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатында ескі лифтілерді кезең-кезеңімен ауыстыру жоспарланып, мемлекеттік бағдарламалар аясында нақты қаржы бөлінді. «Айкөмек 109» орталығымен интеграция арқылы тұрғындардың шағымдарына жедел әрекет ету жүйесі жолға қойылды. Жыл басынан бері түскен жүздеген шағымның басым бөлігі дер кезінде шешімін тауыпты.

Жалпы алғанда, Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының биыл он бір айдағы қызметі қаланы заңды, қауіпсіз әрі сапалы дамытуға бағытталған кешенді әрі жүйелі саясаттың жүзеге асырылып жатқанын көрсетіп отыр. Бұл жұмыстар қаланың сәулеттік келбетін сақтауға ғана емес, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және шаһардың болашақ дамуына берік негіз қалыптастыруға бағытталған.

Қалалық ортаның сапасын қамтамасыз етуде тек анықталған заң бұзушылықтарға шара қолдану ғана емес, алдын алу тетіктерін күшейту де ерекше маңызға ие. Осы тұрғыда Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы жүргізіп отырған құқықтық мониторинг жұмыстары жүйелі сипат алып отыр. Құрылыс нысандарының құқықтық мониторингі барысында жобалық құжаттаманың болуы, жер учаскесінің мақсатты пайдаланылуы, инженерлік желілерге қосылу шарттары және авторлық, техникалық қадағалау талаптарының сақталуы кешенді түрде қаралады. Мұндай тәсіл қала аумағында бейберекет құрылысқа жол бермеуге, инженерлік инфрақұрылымға түсетін артық жүктемені азайтуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Әсіресе, құрылыс-монтаждау жұмыстары басталмай тұрып берілетін хабарламалардың сапасына қойылатын талаптардың күшейтілуі маңызды рөл атқарып отыр. Биыл тіркелмей қалған 600 хабарлама  –  құрылыс салушылардың бір бөлігінің әлі де болса заң талаптарын толық сақтамайтынын көрсететін индикатор. Басқарма бұл мәселеде түсіндіру жұмыстарын қатар жүргізіп, құрылыс субъектілеріне заңнама талаптарын сақтау қажеттігін ескертіп келеді. Бұл өз кезегінде әкімшілік жазалау шараларымен қатар, құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталғанын баса айтқан дұрыс.

Құрылыс объектілерін пайдалануға қабылдау кезінде бас тартылған 1079 өтініш те кездейсоқ көрсеткіш емес. Яғни бұл нақты техникалық кемшіліктердің, жобадан ауытқулардың немесе қауіпсіздік талаптарының сақталмауының салдары десек болады. Басқарма тарапынан қабылданған мұндай шешімдер уақытша қолайсыздық тудыруы мүмкін болғанымен, ұзақ мерзімді перспективада тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған. Себебі сапасыз немесе талапқа сай келмейтін нысандарды пайдалануға беру кейінгі жылдары күрделі апаттарға, әлеуметтік шиеленістерге алып келуі әбден ықтимал.

Лицензиялау саласында кері қайтарылған және бас тартылған өтініштердің көп болуы да саладағы сүзгінің күшейгенін аңғартады. Өйткені құрылыс  – жоғары тәуекелді сала. Сондықтан лицензия алу процесінің қатаң болуы кездейсоқ емес, қажетті талап ретінде қараған абзал. Қайта ресімделген 181 өтініш те құрылыс субъектілерінің құжаттарын заң талаптарына сәйкестендіруге мүмкіндік беретін механизм ретінде қарастырылады. Бұл жерде басқарманың мақсаты  –  бизнесті шектеу емес, мұны заңды алаңға шығару.

Әкімшілік құқық бұзушылықтар статистикасына тереңірек үңілсек, айыппұлдардың едәуір бөлігінің өндірілгені бақылау шараларының нәтижелілігін көрсетеді. Өндірілген 80 миллион теңгеден астам қаражат  тек бюджет кірісі ғана емес, бұл заң бұзушылық жасаған субъектілердің жауапкершілікті сезіне бастағанының белгісі екені түсінікті. Заңсыз құрылысқа қатысты салынған айыппұлдардың көлемі мен саны бұл мәселенің әлі де өзекті екенін көрсеткенімен, сонымен қатар мемлекет тарапынан бұған деген төзбеушілік саясатының нақты іске асып жатқанын дәлелдейді.

Аудандар бөлінісіндегі деректер қаланың әр бөлігінде құрылыс белсенділігінің жоғары екенін көрсетеді. Әсіресе, Абай және Әл-Фараби аудандарындағы көрсеткіштер бұл аумақтарда құрылыс қарқынының жоғары екенін аңғартады. Тұран ауданындағы 91 әкімшілік құқық бұзушылық та соңғы жылдары бұл аумақта белсенді құрылыс жүріп жатқанын аңғартып отыр. Бұл жағдайда басқарманың міндеті  дамуды тоқтату емес, мұны реттеу, заң аясында жүргізу болуы керек.

Сонымен қатар, құрылыс сапасына қатысты анықталған құқық бұзушылықтар мәселесіне де ерекше тоқталған жөн. Құжат жүзінде барлық рұқсаттары бар нысандардың өзінде сапа талаптарының бұзылуы кездеседі. Бұл материалдарды үнемдеу, технологиялық процестерді сақтамау немесе техникалық бақылаудың әлсіздігімен байланысты. Бұған сәйкес басқарманың құрылыс сапасын жеке бағыт ретінде бақылауға алуы тұрғындардың қауіпсіздігі үшін маңызды қадам болғаны анық.

Үлестік қатысу саласындағы құқық бұзушылықтар да әлеуметтік маңызы жоғары мәселеге айналып отыр. Себебі тұрғын үй кешендеріне қаржы салған азаматтардың құқықтарын қорғау мемлекет үшін басым міндеттердің біріне айналып келеді. Осы бағытта сотқа жолданған істердің нәтижесінде әкімшілік жауапкершілікке тартылған құрылыс компаниялары нарыққа белгілі бір дабыл береді. Яғни бұл үлескерлердің қаражаты заңсыз немесе ашық емес тетіктер арқылы пайдаланылмауға тиіс деген қағиданы ескертеді деген сөз.

Қалалық орта сапасын бақылауда жүргізілетін мониторингтік тексерулер де маңызды рөл атқарады. Құжаттары толық ресімделмей жүргізіліп жатқан 102 құрылыс нысан  –  алдын алу шараларының қажеттігін көрсететін нақты мысал. Мұндай мониторингтің арқасында заң бұзушылықтар құрылыс аяқталғаннан кейін емес, бастапқы кезеңдерінде анықталып, салдарын ауырлатпай тоқтатуға мүмкіндік береді.

Сотқа жолданған талап арыздар мен бұзылған құрылыс нысандары да қалалық саясаттың қатаң бағытын көрсетіп отыр. Заңсыз салынған нысандарды бұзу  –  ең соңғы, бірақ қажет шара. Бұл қадам қаланың сәулеттік келбетін сақтау ғана емес, қоғамда «заң бәріне ортақ» деген қағиданы нығайтады. Коммерциялық ұйымдар мен жеке тұлғаларға қатысты бірдей талаптың қолданылуы құқықтық әділеттіліктің негізі екені мәлім.

Ал газ техникалық инспекция саласында атқарылған жұмыстардың ауқымы қалалық орта сапасының тағы бір маңызды қырын ашады. Газбен байланысты қауіптер адам өміріне тікелей әсер ететін фактор екенін аңғарып отырмыз. Сондықтан жүргізілген үгіт-насихат жұмыстары, мыңдаған тұрғынды қамтыған түсіндіру іс-шаралары және анықталған ақауларды жою тек статистика емес, нақты адам өмірін сақтауға бағытталған әрекет. Олай болса газдан улану фактілеріне талдау жасап, тәуекел аймақтарды белгілеу аналитикалық тәсілдің қолданылып отырғанын көрсетеді.

Тұрғын үй инспекциясы саласында басқару нысандарын қалыптастыру мәселесі алдағы жылдардың басты күн тәртібінде қала беретіні анық. Мыңнан астам тұрғын үйде басқару нысанының таңдалмауы тұрғындардың белсенділігін арттыру қажеттігін көрсетеді. Бұл бағытта жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы реформалардың біртіндеп жүзеге асуына ықпал етсе, құба құп. Ал лифт шаруашылығына қатысты жұмыстар да қалалық ортаның сапасын арттырудағы маңызды құрамдас бөлік. Себебі жеделсаты қазір күнделікті тұрмыстағы ең көп пайдаланылатын инженерлік құрылғылардың біріне айналған. Сол үшін бұлардың қауіпсіздігі мен үздіксіз жұмысы тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында лифтілерді жаңарту, қызмет көрсетуші ұйымдардың жауапкершілігін арттыру және «Айкөмек 109» арқылы жедел әрекет ету жүйесінің енгізілуі бұл саланың жаңа деңгейге көтеріліп жатқанын көрсетеді.

Осылайша, Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының биылғы жұмысы қаланы қауіпсіз, заңды және өмір сүруге қолайлы етуге бағытталған кешенді мемлекеттік саясаттың көрінісіне айналғанын аңғартып берді. Ал бұл жұмыстардың ауқымы мен мазмұны алдағы жылдары Шымкенттің орнықты дамуына, тұрғындардың сенімінің артуына және қалалық ортаның сапалы қалыптасуына негіз болары сөзсіз.

 

Жадыра МҮСІЛІМ

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win