Редакция таңдауы

ОШ ТӨРІНДЕ ТОҒЫСҚАН ТАЛАНТТАР

Қырғыз елінің қасиетті Ош қаласында түркі әлемінің жас ақындары бас қосқан тарихи әрі тағылымды шара, Жолон Мамытов атындағы халықаралық жас ақындар фестивалі жоғары деңгейде өтті. Бұл фестиваль түркі жұртының рухани тамырын бір арнада тоғыстырған, поэзия арқылы халықтар арасындағы бауырластықты бекемдеген бірегей алаңға айналды. Фестивальға Қазақстан, Өзбекстан, Түркменстан, Венгрия, Әзірбайжан, Қырғызстан елдерінің талантты жас ақындары қатысты. Түркі дүниесінің мәдени, әдеби байланысын нығайту мақсатында ұйымдастырылған бұл үлкен шара жас дарындар үшін шабыт пен серпіліс сыйлады. Әдебиеттің алтын арқауы поэзия арқылы өрілген достық жырдан жалау желбіретіп, бауырлас елдердің арасындағы рухани байланысты жаңа белеске көтерді.

Қазақстаннан аттанған делегацияны Түркі дүниесі жазушылар одағының төрағасы Ұ.Есдәулет, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төраға орынбасары Қ.Бегманов, TURKSOY ұйымының бас хатшысы С.Раев, бас хатшының кеңесшісі, ақын М.Шоқан, арқалы ақын М.Райымбекұлы бастап, ел үмітін арқалаған жалынды жас ақындар – М.Қарт, А.Мұраталиева, Е.Нарын, Ө.Еділханұлы және мен айтулы жиынның куәсі болдық. Жас ақындардың үшеуі Жолон Мамытов атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты, екеуі фестиваль дипломанты атанды. Бұл – қазақ поэзиясы мектебінің биіктігін, жастардың деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеген үлкен жетістік.

Фестиваль аясында ақындар тек жыр оқып қана қоймай, өзара пікір алмасып, шығармашылық байланыс орнатты. Түркі жұртының түкпір-түкпірінен келген жастар арасында әдеби ықпалдастыққа жол ашатын орта қалыптасты. Түркі дүниесінен жиналған қаламгерлер Жолон Мамытовтың шығармаларын өз тілінде оқыды. Түркі әлемінің рухани тұтастығы мен мәдени мұрасының өміршеңдігін паш еткен бұл шара әрбір қатысушы үшін шабыттың шуағына, жүрек пен жүректі жалғаған алтын көпірге айналды.

Айта кетерлігі, фестиваль тек әдебиет шеңберінде шектеліп қалмай, қатысушылардың таным көкжиегін кеңейткен мазмұнды кездесулерге ұласты. Солардың бірі – аударма ісіне арналған халықаралық конференция. Онда түркі халықтары арасындағы әдеби шығармаларды өзара тәржімалау, ортақ рухани құндылықтарды насихаттау мәселелері сөз болды. Бұл түркі әдебиетінің өзара байланысын нығайтатын маңызды бастамаларға жол ашары сөзсіз.

Ақындар Ош қаласының ортасында орналасқан Сүлеймен тауына шығып, табиғатпен сырласып, рухани тыныстауға мүмкіндік алды. Бұл сәт те әр қатысушының жан дүниесін байытып, поэзияға деген шабытын жаңа шарықтатты. Ақындар қауымы рухани мазмұны терең, ұйымдастыруы жоғары деңгейде өткен фестивальге бастамашы болған TURKSOY ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев мырза мен Жолон Мамытов атындағы қоғамдық қордың директоры Гулзар Абдимиталипова ханымға ерекше алғыс білдірді.

Бұл – поэзия мерекесі ғана емес, бірлік пен бауырластықтың биік көрінісі. Түркілік жырмен тұтасқан жүрек әуені мәңгілікке жалғаса бергей!

Эльмира СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар