Редакция таңдауы

Отандық өнімдер көрмесі өтті

Шымкентте «Қазақстанның үздік тауары» байқауының аймақтық кезеңі аяқталды. «Көрме» орталығында көрме-байқау түрінде ұйымдастырылған іс-шараға 100-ден астам кәсіпорын мен «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында жеке кәсібін ашқан 40 кәсіпкер қатысты.

Мегаполисте дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл шарада Шымкенттен шығатын түрлі тауарды таба аласыз. Барлығы – ел игілігі үшін жасалған отандық өнім. Азық-түлік, фармацевтика, машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіп пен құрылыс индустриясындағы компаниялар, текстиль, медициналық тауарлар, жиһаздар мен өндірістік құрылғылар өндіретін кәсіпорындар, «Сайрам-нан», «Фиркан», «Бал текстиль», «ЭкоФарм», «Карлскрона» және басқа да ірі компаниялармен қоса жұмысын жаңадан бастаған кәсіпкерлік нысандар да бар. Бұл фестивальдің басты ерекшелігі – үздік өнім Астана қаласында өтетін байқауға жолдама алады.

Жиынға Шымкент қаласының әкімі Ғ.Сыздықбеков, салалық басқармалардың басшылары қатысты. Қала әкімі кәсіпкерлермен тілдесіп, бизнестің қарқынды дамуына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.

Көрмеде ірі компаниялар ғана емес, шағын және орта бизнес өкілдері де өздерін танытуға мүмкіндік алып, жергілікті тауар өндірушілер «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысып, өздерін көпшілікке таныстырды. Конкурс қатысушылары өнім сапасы мен бәсекеге қабілеттілігі тұрғысынан сынға түсті.

Іс-шара аясында «Қазақстанның үздік тауары–2025» өңірлік байқауының жеңімпаздарына арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. «Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясы бойынша «Мир KDM тігін әлемі» ЖШС, «Sagitex» ЖШС және «Бал Текстиль» ЖШС марапатталса, «QazAlPack» ЖШС, «Asia Trafo» ЖШС және «Karlskrona LC AB» ЖШС «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымын иеленді. Ал, «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша «Алан и Компания» ЖШС, «Фиркан» ЖШС және «Сайрам нан» ЖШС алға шықты. Сондай-ақ, бұл жеңімпаздар Астана қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары-2025» республикалық байқауына жолдама алды.

Сонымен қатар, «Бір ауыл – бір өнім» көрмесіне қатысушылар арасынан «Мен кәсіпкермін» жобасының бірқатар үздік өнімі іріктеліп, келесі кезеңге жолдама алды. Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекованың айтуынша, келесі кезеңге өткен кәсіпкерлер «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында 5 миллион теңге көлемінде қаржылай мемлекеттік грантқа қатысу үшін өтінім білдіре алады.

– «Бір ауыл – бір өнім» жобасы – бұл оқыту және консультациялық сүйемелдеу арқылы жергілікті өнімнің бірегей түрлерін жасау және олардың сапасын арттыруды көздейді. Жобаға қатысушылар жергілікті брендтер қалыптастыру үшін нақты көмек, сондай-ақ, халықаралық және республикалық сауда алаңдарына шығу үшін маркетингтік сүйемелдеуге қол жеткізеді,-дейді Сабира Адамбекова.

Көрме аясында концерттік бағдарлама да ұйымдастырылды. Айта кетейік, бұл байқау – мегаполисте дәстүрлі түрде өтетін ең ірі көрме. Алдағы уақытта «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында анықталған үздіктер арасынан комиссия мүшелерінің шешімімен 5 миллион теңгелік мемлекеттік грант жеңімпазы нақтыланады.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Соңғы жаңалықтар