Редакция таңдауы

Отанға қызмет – абыройлы міндет

Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азамат міндетті. Себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Бұл дегеніміз – батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны. Өзін ер азаматпын деп санайтын, кеудесінде ар-намысы, бойында жігері, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет – осы екені де талассыз.

Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Отар гарнизоны 30212 әскери бөліміне жас сарбазадарды салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. Қалада 1 наурыз бен 30 маусым аралығында көктемгі әскер қатарына шақыру науқаны жүргізілуде. Биылғы көктемгі науқанда 1000-нан астам азаматты әскер қатарына жіберу көзделген.

Жиынға қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы, полковник Әбдіғабит Шегебаев, әскери саланың ардагерлері, сарбаздардың ата-аналары, бауырлары қатысты.

Полковник Ә.Шегебаев әскерге бару әрбір азаматтың қасиетті борышы екенін атап өтіп, жас сарбаздарға сәттілік тіледі.

– Мерзімді әскери борышын өтеу – әрбір ер азамат үшін зор абырой. Жылдан жылға Қазақстан Қарулы Күштерінің қуаты артып, әскери дайындық деңгейі жоғарылап келеді. Отан қорғау – перзенттік парыз, мәртебелі міндет. Келесі жылы жас сарбаздарды зор құрметпен қарсы алайық, – деді Әбдіғабит Құрбанұлы.

Сондай-ақ, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Күзенбаев әскерге шақырылушыларға ақ жол тілеп, елдің қауіпсіздігін сақтау аса маңызды міндет екенін атап өтті.

Бүгінгі іс-шарада 30 азамат Қарулы күштердің қатарына жіберілді. Ендігі кезекте қаладан Ұлттық ұлан қатарына жас сарбаздарды шығарып салу рәсімдері жүргізіледі.
Иә, Отан қорғау – перзенттік парыз, мәртебелі міндет. Еліміздің тыныштығы мен жеріміздің тұтастығын сақтау жолында қалтқысыз қызмет етіп жүрген ержүрек жауынгерлеріміздің еңбегі ерен. Халқымыз антына адал, сертіне берік перзенттерін қадір тұтады.

Даңқты батыр Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген сөзі ешқашан мәнін жоймақ емес. Осынау ақиқатты өскелең ұрпақтың санасына сіңіріп, жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің маңызы зор.

Бабаларымыз ақ білектің ұшымен, ақ найзаның күшімен кең байтақ даламызды қорғап, бүгінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырған. Бабалардың аманатына адал болу – бүгінгі ұрпақтың перзенттік парызы.

Тағабай ҚАСЫМОВ

Соңғы жаңалықтар