Редакция таңдауы

Қайнарбұлақта көшпелі қоғамдық қабылдау өтті

AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалы Қоғамдық қабылдау бөлмесінің ұйымдастыруымен Қайнарбұлақ елдімекенінде мобильді қоғамдық қабылдау өтті. Бұл шара «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында жүзеге асты.

Мобильді қабылдауға партияның Орталық аппаратынан келген Ұйымдастыру және аумақтық жұмыс департаментінің инспекторы Жәнібек Дарханбаев, қалалық филиал атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Қоғамдық қабылдау меңгерушісі Гүлжанат Баетова, Абай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Әбдез Рахманұлы және аудандық әкімдік қызметкерлері қатысты.

Іс-шара барысында азаматтар инфрақұрылым, қоғамдық көлік, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау бағытындағы мәселелерін көтерді. Қабылдауға келгендердің өтініштері жеке-жеке тыңдалып, бірқатар мәселелер сол сәтте шешімін тапты. Ал зерделеуді қажет ететін өтініштер хаттамаға тіркеліп, партиялық бақылауға алынды.

Жиын барысында Жәнібек Дарханбаев азаматтардың өтініш-шағымдарын жедел әрі сапалы қарау – партия жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. «Халықпен кері байланысты нығайтып, нақты көмек көрсету – біздің басты міндетіміз», – деді ол.

Тұрғындар да мұндай бастамаларға ризашылықтарын білдіріп, қабылдаудың жиі ұйымдастырылып тұруын ұсынды. Жалпы, жыл басынан бері Шымкент қаласының шалғай елдімекендерінде осындай 17 көшпелі қабылдау өткізіліп, 300-ден астам азаматтың мәселесі қаралған. Олардың 60 пайыздан астамы оң шешімін тауып, қалғанына заң аясында кеңес берілген.

Молдияр АМАНБЕК

Соңғы жаңалықтар