Редакция таңдауы

Қайырымы мол қордың көмегі зор

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры бүгінде еліміздің әлеуметтік саласының дамуына жүйелі үлес қосып келеді. Қор қызметінің негізгі мақсаты — денсаулық сақтау, білім беру, инклюзия, әлеуметтік қолдау және ауылдарды дамыту бағыттарында нақты әрі нәтижелі қайырымдылық жобаларын жүзеге асыру. 2025 жылғы Ұлттық қайырымдылық конференциясы аясында басталған өңірлік баспасөз турының алғашқы бағыты Шымкент қаласында өтті. БАҚ өкілдері өңірдегі маңызды әлеуметтік мекемелерді аралап, қордың қолдауымен іске асқан жобалардың нәтижесіне көз жеткізді. Баспасөз туры барысында алты әлеуметтік нысанның жұмысы таныстырылды. Аталған мекемелердің барлығы — ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту, білім беру және инклюзивті орта қалыптастыру бағытында жұмыс істейтін ұйымдар.

Шымкентте 18 жоба қолға алынған

«Қазақстан халқына» қоры  (Қор-ред.) құрылғалы елімізде әлеуметтік маңызы жоғары жобалар жүйелі түрде іске асып келеді. Бұл туралы Қордың қайырымдылық бағдарламаларын үйлестіру орталығының басшысы Шыңғыс Шарапиев мәлім етті.

– Биыл 1 шілдеге дейін Қорға 267 миллиард теңгеге жуық қаражат түсті. Оның 215 миллиарды қайырымдылыққа жұмсалды. Ал Шымкент қаласына келсек, мұнда үш жыл ішінде жалпы сомасы 12 миллиард 195 миллион теңгенің жобалары жүзеге асырылды. Оның ішінде денсаулық сақтау саласына 10,5 миллиард теңге бағытталды. Бұл қаражат дәрі-дәрмек сатып алуға, онкологиялық және сирек кездесетін ауруларға шалдыққан науқастарды қолдауға жұмсалды, – деді ол.

Шымкентте Қордың қолдауымен 18 жоба жүзеге асырылған. Соның ішінде 7 жоба – әлеуметтік маңызы бар нақты нысандар. Бүгінгі баспасөз турына таңдалған 6 нысан – дәл осы бағыттағы жобалар. Ал жетінші жоба – офтальмологиялық скрининг жүргізуге арналған құрал-жабдықтармен жабдықтау бастамасы. Қалған 11 жобада дәрігерлердің біліктілігін арттыру, білім беру гранттары және өзге де салалар қамтылған. Шыңғыс Шарапиевтің айтуынша, мұндай әлеуметтік жобаға қатысу үшін сайт арқылы қорға өтінім беру керек.

– Қордың жұмысында жүйе мен нақты жоспарға басымдық берілген. Жобаларға өтініш сайт арқылы ғана қабылданады. Әрбір ұсыныс сараптамадан өтеді. Жобалар жүзеге асқаннан кейін мониторинг жүргізетін арнайы серіктестік тетігі бар. Тексеру жұмыстары әр жарты жыл сайын арнайы ұйымдастырылады. Бүгінде Қызылорда, Павлодар, Семей және Шымкент қалаларында пилоттық негізде мониторинг іске қосылды. Бұл – жобалардың тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етудің маңызды құралы, – деп нақтылады қор өкілі.

Қордың болашақ жоспарына да тоқталды. Атап айтқанда, биыл Шымкент қаласында ангар типті 2 спорт кешенінің құрылысы жоспарланған. Әр нысанның құны – 200 миллион теңге. Сонымен қатар, мәдениет саласында да жаңа жоба жүзеге аспақ.

 

Ерте анықтап, асқынудың алдын алады

БАҚ өкілдері, ең алдымен, Шымкент қаласының №2 оңалту орталығы жанынан ашылған Ерте араласу орталығының жұмысымен танысты. Орталық «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен балалардың дамуындағы ақауды ерте анықтап, уақытылы оңалту қызметін көрсету арқылы олардың өмір сапасын жақсартуға арналған құрал-жабдықтармен қамтылған. Оған қор есебінен 64 миллион теңгеден астам қаржы қаралған.

Ерте араласу орталығында балалардың дамуында ауытқуды ерте кезеңде анықтап, оған дер кезінде ем-дом тағайындап, оңалту шаралары арқылы емделуіне мүмкіндік мол. Сонымен қатар, ерекше балалардың ата-аналарына да кеңес беріп, қолдау терапияларын алуға жағдай жасалған. Мекеменің жұмысымен №2 Оңалту орталығының бас дәрігері Айгүл Сапарғалиева таныстырды.

– Біз Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты мемлекеттік мекемеміз. Орталықта стационалық және амбулаторлық негізде балаларға оңалту қызметі көрсетіледі. Стационарда емделу үшін өзі тіркелген емханадан жолдама алып, портал арқылы он бес күндік оңалту еміне қабылданады. Ал амбулаторлық емге емхананың жолдамасы жеткілікті. Емдеу курсы кешенді түрде жүргізіледі. Балалармен педагогтар, эрготерапевттер, психологтар, логопедтер мен дефектолог-дәрігерлер жұмыс істейді. Сонымен қатар, физиотерапевт-инструкторлар емдік дене шынықтыру жаттығуларын, массаж жасайды. Интерактивті, сенсорлық, механикалық терапия бөлмелеріне апарып, дәрігерлік тағайындама негізінде оңалту шараларын жүзеге асырады,-дейді бас дәрігер.

№2 Оңалту орталығы 2012 жылдан бері жұмыс істейді. Орталық жанынан Ерте араласу орталығы ашылғанға дейін жылына шамамен 1500 баланы оңалтудан өткізіп келген ұйым бүгінде «Қазақстан халқына» қорының қолдауының арқасында емделушілер санын екі есеге арттырған. Биыл алғашқы жартыжылдықта 1181 бала ем қабылдапты. Бұған білікті мамандар мен орталықтың базалық жағдайының жақсаруы себеп болып отыр. «Қазақстан халқына» қоры тарапынан бөлінген 240 миллион теңге қаражатқа заманауи оңалту құрал-жабдықтары жеткізілген. Атап айтқанда, шунгит бөлмесі, тұз шахтасы, сенсорлық бөлмелер, интерактивті кабинеттер, механо-терапия залдары жабдықталған. Мұнда балаларға арналған жоғары технологиялық құралдармен ем жүргізіледі. Мысалы, «Баллу терасейшн» құрылғысы, қол мен аяқтың қозғалысын қалпына келтіретін локомат аппараттары, эргометрлер, сондай-ақ логопед, дефектолог, психолог мамандарының оңалтуға қолданатын  жабдықтары орталық қызметін анағұрлым тиімді етуге сеп болып отыр.

– Біздің орталыққа негізінен неврологиялық дерті бар балалар қабылданады. Оның ішінде балалар церебральды сал ауруы (ДЦП), психо-сөйлеу дамуының тежелуі, аутизм спектрінің бұзылыстары, ортопедиялық аурулар (мысалы, коксартроз), отадан кейінгі және жарақаттан кейінгі оңалту курстарынан өтеді. Сонымен қата,р кардиохирургиялық отадан кейінгі үшінші кезеңдегі балалар да осында оңалту емпін алады. Қазіргі уақытта орталық бір күнде 65 балаға дейін амбулаторлық көмек көрсете алады. Ал, стационарға 60-қа жуық бала қабылданады. Бұл — құрал-жабдықтардың тиімді пайдаланылуы мен екі ауысыммен ұйымдастырылған жұмыстың нәтижесі. Жаңа жабдықтар оңалту процесінің сапасын арттырып, көп баланың өміріне оң өзгеріс әкелуде. Жағдайы жақсарған балалардың саны көбейіп келеді, – дейді Айгүл Сапарғалиева.

 

QH оңалту орталығы – кешенді оңалтудың жаңа кеңістігі

Журналистерге «QH оңалту орталықтары» жобасы аясында іске қосылған мекеменің жұмысы таныстырылды. Қор қолдауымен оған 191 миллион теңгеден астам қаражат бөлініп, интерактивті, сенсорлық бөлмелер, логопед және дефектолог кабинеттері, арнайы тренажерлермен жабдықталған кеңістік ашылған. Бұл жерде мүмкіндігі шектеулі балаларға кешенді оңалту көмегі көрсетіледі. Жоба бала ағзасындағы бұзылыстарды бір мезгілде бірнеше бағытта түзетуді көздейді: сөйлеу, моторика, есту-сезу, мінез-құлық, және тұрмыстық машықтар. Осындай тәсіл баланың мектепке дейінгі және мектеп жасындағы бейімделуін реттейді.

 

Мектеп жабдығы жаңарды

Мемлекеттік тапсырыс аясында жүзеге асып жатқан әлеуметтік жобалардың бірі – Шымкент қаласындағы №1 Көмекші мектеп-интернаты. Бұл арнайы білім беру ұйымы ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды оқыту, тәрбиелеу және әлеуметтендіру жұмыстарын жүргізіп келеді. «Қазақстан халқына» қоры тарапынан бұл мекемеге жалпы сомасы 110 миллион теңгеге қажетті құрал-жабдықтар жеткізілген. Оның аясында сенсорлық бөлме, логопед және дефектолог кабинеттері заманауи технологиялармен жарақтандырылып, балалардың жеке даму ерекшеліктерін ескеруге мүмкіндік беретін оқыту әдістемелері енгізілді.

«№1 Көмекші мектеп-интернаты» КММ директорының орынбасары Гүлнәр Мықтыбаеваның айтуынша, қазіргі уақытта оқушылардың жеке қабілетіне сай оқыту мен бейімдеу жұмыстары жаңа деңгейге көтерілген.

– Бүгінгі таңда мекемеде 200-ге жуық бала білім алады. Қордан келген жабдықтар арқылы баланың қабылдауын, танымдық дағдыларын, сөйлеу, қимыл-қозғалыс мүмкіндіктерін дамыту жұмыстары күшейе түсті, – дейді ол.

Білім ордасында оқушылардың жұмыс істеуіне қолайлы шеберхана, арнайы еңбек дағдыларына бейімдейтін құралдармен жабдықталған дәрісханалар бар. Оқытушылар мен мамандар ата-аналармен тұрақты жұмыс жүргізіп, баланың дамуындағы әрбір оң өзгерісті бірлесіп бақылауға жағдай жасаған. Бұл жүйе ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың қоғамға бейімделу мүмкіндігін арттырып отыр.

 

TEN QOGAM – үйде оңалтудың жаңа деңгейі

Журналистер назарына ұсынылған келесі жоба — «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» бағдарламасы бойынша жабдықталған TEN QOGAM әлеуметтік қолдау орталығы. Қордың 576 миллион теңгеге жуық қаржылай қолдауымен мұнда инновациялық техникалық оңалту құралдарының бірнеше түрі  алынған. Көпфункционалды арбалар, вертикализаторлар, жаяу жүргіншілер және тренажерлер мүмкіндігі шектеулі балалардың үй жағдайында да оңалту терапиясын жалғастыруына мүмкіндік береді.

Құрал-жабдықтар әр баланың қарым-қабілетін бағалау арқылы таңдалады. Бұл, әсіресе, ауылдық жерлерде тұратын немесе жиі орталыққа келе алмайтын отбасы үшін үлкен мүмкіндік. Орталық мамандарының айтуынша, мұндағы басты ерекшелік – оңалту процесінің өз отбасында, яғни баланың үйреншікті ортасында өтуімен ерекшеленеді. «Біз мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың отбасы мүшелеріне қызмет көрсетумен шектелмейміз, сонымен қатар оларды ақпараттандырып, өз баласына қалай көмектесу керек екенін  үйретеміз», – дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы» ШЖҚ РМК Шымкент қалалық филиалының директоры Салтанат Ибраева.

TEN QOGAM орталығы арқылы 2025 жылдың бірінші жартысында 600-ден астам бала мен ересек азаматтар оңалту курсынан өткен. Мамандардың айтуынша, үй жағдайындағы оңалтудың тиімділігі жоғары, себебі ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас үзілмейді және үйреншікті ортада психологиялық күйзеліс аз болады.

 

«Қамқорлықтың» қамқорлығы мол

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының бастамасымен Шымкент қаласында 2023 жылы ашылған «Қамқорлық» аутизм орталығы бүгінде ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар мен олардың отбасына кешенді көмек көрсететін бірегей мекемеге айналған. Қазіргі таңда бұл орталықта аутизм диагнозы қойылған және жүйке жүйесінің дамуына байланысты түрлі қиындықтары бар 150 бала тұрақты түрде ем алып келеді.  Орталықта сегіз бағыт бойынша кешенді қызмет ұсынылады. Мұнда әлеуметтік, педагогикалық, медициналық, психологиялық, құқықтық, тұрмыстық, еңбекке бейімдеу және экономикалық көмек түрлері қамтылған. Бұл – тек ем алу орны емес, баланың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жоба. Орталық директоры Ержан Иманбердиев мекеменің жұмысымен таныстырды.

– Бізде неврологиялық-функционалды коррекция (НФК) бөлмесі, дефектолог пен логопед кабинеттері, әлеуметтік-тұрмыстық бағдар беру және сенсорлық кабинеттер толық жабдықталған. Бұның барлығы «Қазақстан халқына» қорының 127 миллион теңге көлеміндегі қолдауының нәтижесі. Қор бізге тек қаржы бөліп қойған жоқ, балаларға арналған заманауи жабдықтардың толық жиынтығын жеткізіп берді. Орталыққа жеткізілген құрал-жабдықтардың арасында емдік дене шынықтыру кабинеті мен сенсорлық терапияға арналған заманауи кешендер, әлеуметтік-тұрмыстық дағдыларға арналған (СВО) бөлме, қыш шеберханасы және балалардың тілін, моторикасын дамытуға арналған арнайы құрылғылар бар. Әрқайсысы баланың нақты қажеттілігіне сай іріктелген. Мысалы, әлеуметтік-тұрмыстық дағдыларға арналған бөлмеде балалар тамақ дайындау, ыдыс жуу, кір жуу секілді тұрмыстық машықтарды үйренеді. Бұл – болашақта олардың өз-өзіне қызмет ету қабілетін арттырып, қоғамда өз орнын табуына үлкен сеп.

Ержан Нарынбайұлы орталық мамандарының біліктілігіне де ерекше тоқталды. «Қызметкерлеріміздің кәсіби деңгейін арттыруға да мүмкіндік туды. «Қазақстан халқына» қорының бастамасымен мамандарымыз Ресей мен ел ішіндегі іргелі білім беру орталықтарында оқып келді. Бұл қызмет сапасын арттыруға үлкен серпін берді»,-дейді ол.

Ата-аналар орталық жұмысына оң бағасын беріп отыр.

– Орталық ашылған күннен бастап келіп жүрмін. Немеремнің диагнозы – аутизм, қосымша ЗПР және сенсомоторлы алалия. Бұрын айтқанды орындамайтын, өздігінен тамақ ішпейтін, сөйлеспейтін. Қазір өзін-өзі басқару дағдылары қалыптасты. Тамақ ішеді, сөзге құлақ асады, дәретханаға өзі барады. Бұл – орталықтың және мамандардың еңбегінің жемісі. Ата-аналар асықпай, нәтиже күтуді үйренсе деген тілегім бар. Біздің балаларға уақыт қажет,-дейді немересін орталыққа тұрақты емге әкеліп, оң нәтижесін көріп отырған Гүлнар Жетібаева.

Мұндағы әрбір қызмет – баланың болашағына арналған шешім. Мысалы, логопед , дефектолог мамандар сөйлеу мен танымдық қабілеттерді дамытса, сенсорлық бөлме жүйке жүйесін реттеуге көмектеседі. Дене шынықтыру мен механотерапия баланың дене қозғалысын қалыпқа келтірсе, қыш шеберханасы – ұсақ моторика мен зейінді дамытуға арналған. Қуантарлығы, барлық қызмет тегін көрсетіледі.

«Қамқорлық» орталығы – мемлекет, қоғам және ата-ананың өзара қолдауымен дамып жатқан, ерекше балаларға тең мүмкіндік беретін әлеуметтік маңызы зор орталық. Бұл – «Қазақстан халқына» қорының нақты әрі жүйелі көмегінің нәтижесі.

 

«Тұсаукесер» тұрмысқа бейімдейді

Денсаулық сақтау бағытындағы маңызды бастамалардың бірі – «Тұсаукесер» жобасы. Бұл жоба арқылы тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған емдік дене шынықтыру кабинеттері мен құралдары жеткізіліп, оңалту шаралары кешенді түрде жүргізіліп отыр. Шымкент қаласындағы жоба аясында арнайы құрал-жабдықтар алынып, емдік дене шынықтыру бөлмелері толық жарақтандырылды. Жалпы жобаның құны 33 миллион 600  мың теңгеден асқан.  Бұл жерде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған дене шынықтыру-сауықтыру үйірмелері жұмыс істейді. Мамандар балалардың қоғаммен қарым-қатынас орнатуы, өзіне деген сенімін қалыптастыру – бәрі осы дене белсенділігі арқылы қалыптасатынын тілге ттиек етті. Жоба аясында кинезиотерапиялық әдістер мен психологиялық қолдаудың заманауи үлгілері қолданылады. Бұл – балалар үшін тек физикалық қимыл ғана емес, қоғаммен араласудың жаңа мүмкіндігі.

Аталған әлеуметтік мекемелерде көрсетілетін қызметтер баланың жан-жақты дамуына ықпал етеді. Мысалы, медициналық оңалту — тірек-қимыл жүйесі бұзылған, неврологиялық ауытқулары бар балалардың физикалық жағдайын ерте анықтап,  асқынудың алдын алуға көмектеседі. Психологиялық қызметтер арқылы бала эмоциялық тұрақтылыққа ие болып, әлеуметтік ортада бейімделуге үйренеді. Ал логопед пен дефектологтың жүйелі жұмысы сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға, сөздік қорын дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, әлеуметтік-педагогикалық бағытта берілетін тұрмыстық дағдылар – киіну, тамақтану, өзін-өзі күту сияқты әрекеттерді меңгертеді. Бұл – баланың күнделікті өмірде тәуелсіз болуына жол ашады. Кейбір орталықтарда ұйымдастырылатын еңбек терапиясы мен шығармашылық шеберханалары балалардың ұсақ моторикасын, зейінін, ерік-жігерін дамытып, әлеуметтенуге үлкен септігін тигізеді.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Соңғы жаңалықтар