Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаладағы бизнес-қоғамдастық өкілдерімен жыл сайынғы дәстүрлі кездесуін өткізді. Ашық форматта өткен жиын кәсіпкерлер мен қала әкімдігі арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту мен инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталды.

Кездесу барысында кәсіпкерлік қызметке тікелей әсер ететін бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау шараларына басымдық берілді. Атап айтқанда, арнайы салық режимі мөлшерлемесін 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендету, әкімшілік кедергілерді азайту, қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру және тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі ұсыныстар талқыланды.
– Шағын және орта кәсіпкерлік – ел экономикасының тірегі. Биыл кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына 20 млрд теңге бағытталып, нәтижесінде 1 971 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Бұл нақты жұмыс орындарын ашуға және өндірістік қуатты арттыруға мүмкіндік берді. Осындай жүйелі қолдаудың нәтижесінде қала экономикасында шағын және орта кәсіпкерлік секторы арқылы өндірілген өнім көлемінің үлесі 41 пайыздан 58 пайызға дейін өсті, – деді Ғабит Сыздықбеков.
Шымкент экономикасының даму қарқынына тоқталып, инвестиция тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті. Оның айтуынша, 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қалаға тартылған инвестиция көлемі 715,2 млрд теңгеден асты. Бұл көрсеткіш мегаполистің инвестициялық тартымдылығы артып келе жатқанын айғақтайды.
Сонымен қатар, Ғабит Сыздықбеков Астанада өткен Жаһандық инвестициялық форум аясында жалпы құны 863 млн АҚШ долларын құрайтын бес ірі инвестициялық жобаны іске асыру жөнінде келісімдерге қол қойылғанын жеткізді. Аталған жобалар өндіріс көлемін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қаланың экономикалық әлеуетін күшейтуге бағытталған.
Кездесу барысында қала басшысы бизнесті тікелей Шымкент қаласында тіркеудің маңыздылығына да ерекше тоқталды. Әкімнің айтуынша, өндіріс нысандары қала аумағында орналасқанымен, заңды тұлғалардың басқа өңірлерде тіркелуі жергілікті бюджет кірісінің азаюына алып келіп, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуын тежейді. Осыған байланысты кәсіпкерлерді бизнесін Шымкентте тіркеуге шақырды. Жиын барысында кәсіпкерлер тарапынан бірқатар өзекті мәселелер мен ұсыныстар көтерілді. Атап айтқанда, білім саласында жекеменшік балабақшалардағы балалар үшін төлемақы мөлшерін қайта қарау, сондай-ақ кәсіпорындарда дуальді оқыту жүйесін кеңейту, яғни, колледждер мен өндіріс орындары арасындағы өзара байланысты күшейту мәселелері қозғалды. Бұл, өз кезегінде, білікті кадр даярлау мен жастарды жұмыспен қамтуға оң ықпал ететіні айтылды.
Жиын соңында қала әкімі кәсіпкерлерге сындарлы диалог пен бірлескен бастамаларды іске асыруға белсенді атсалысқандары үшін алғыс білдірді. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру, инфляцияны тежеу және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында көрсеткен қолдаулары ерекше аталып өтті. Көтерілген ұсыныстардың назарға алынатынын айтып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, кәсіпкерлермен ашық әрі тұрақты диалог жүргізу қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретінін атап өтті.
Кездесу соңында Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі мен жоғары әлеуметтік жауапкершілігі үшін бірқатар кәсіпкер қала әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА
