
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың төрағалығымен аппарат отырысы өтті. Жиын барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмауға қатысты эпидемиологиялық жағдай, сондай-ақ субұрқақтардың биылғы жұмысы мен келесі жылға жоспарлар жөнінде баяндамалар тыңдалды.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Қанат Қадырбеков Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында сыбайлас жемқорлық қылмыстарға жауапкершілікті қатаңдату шаралары қабылданғанын атап өтті.
Нақты айтқанда, ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыспен сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды қорғау күшейтілді, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықпен сотталғандарды қоныс-колонияларға жіберу тоқтатылды.
Мемлекеттік қызметкерлерге лауазымға тағайындалған кезде шетелдік банктегі шоттарын жабуға алты ай мерзім беріледі. Алдын алу, ашықтық, заңдылық және сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділік қағидаты негізгі басым бағыттар болып қала береді.
Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Талғат Серманизов эпидемиялық маусым басталғалы бері 150 мыңнан астам ЖРВИ жағдайы тіркелгенін айтты. Эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп бағалануда.
