2018 жылғы 19 маусымда ел Президентінің Жарлығымен бұрынғы Оңтүстік Қазақтан облысы Түркістан облысы болып қайта құрылып, облыс орталығы Түркістан қаласына көшірілгені баршаға белгілі. Ал, Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілді. Осылайша, Тәуелсіздік жылдары Шымкент Алматы мен Астанадан кейінгі миллион тұрғыны бар үшінші қала атанды. Осы атаулы датаға орай Шымкентте жыл сайын қала күні мерекесі 19 маусымда тойланады.
Қала күні – шымкенттіктер үшін ерекше мәні бар мереке. Тап осы тұста жылдан жылға көркейіп, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани тұрғыда дамып келе жатқан мегаполистің жеткен жетістіктері сараланып, алға қойған мақсаттары айқындала түседі. Сондай-ақ, осы мейрам шырайлы шаһар тұрғындарын өз қаласына сүйіспеншілік және қамқорлықпен қарауға баулып, олардың мәдениеті мен патриоттық сезімдерін нығайта түсетіні анық.
Биыл қала күні мерекесі тың серпінмен тойланбақ. Атап айтқанда, он күн бойына мәдени-көпшілік және мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау жоспарланып отыр. Сонымен…
14-20 маусым аралығында «Арбат» жаяу жүргіншілер алаңында қолөнер шеберлерінің тұтас ағаштан жасалған бұйымдары көрсетілетін «Shymkent usta fest» халықаралық фестивалі өтеді.
15-18 маусым аралығында «Наурыз» алаңында Шымкент оркестрлерінің шеруі өтеді. Салтанатты ашылуы 15 маусым күні сағат 20.00-де басталады деп жоспарланған.
18-21 маусым аралығында А.Пушкин атындағы әмбебап кітапханасында «Шымкент – қызғалдақтар қаласы» халықаралық суретшілер симпозиумы өтеді.
19 маусым күні сағат 17.00-23.00 аралығында Шымкент қаласының тұрғындары «Астана» алаңына барып, «Той-думан» гала-концертін тамашалай алады. Бұл іс-шараға қазақ эстрадасының көптеген жұлдыздары қатысады деп күтілуде. Кіру тегін.
21 маусым күні сағат 10.00-18.30 аралығында «Түркістан» сарайында «Шырайлы, шежірелі, құтты мекен!» республикалық ақындар айтысы өтеді. Билеттер «Түркістан» сарайының кассасында сатылады.
22-23 маусым күндері «Самғау» республикалық қысқа метражды фильмдер фестивалі ұйымдастырылады. Фестивальдің ашылуы 22 маусымда сағат 11.00-де Жастар ресурстық орталығында, ал жабылу салтанаты 23 маусым күні сағат 19.00-де Hyper house сауда орталығының Kinopark залында өтеді.