Шымкент қалалық сотында «Сот төрелігін жүзеге асырудың және соттардың қызметін ұйымдастырудың 2025 жылғы қорытындылары» тақырыбында брифингі өтті. Маңызды жиынға қала сотының алқа төрағалары мен үйлестіруші-судьялары, аудандық және оған теңестірілген соттардың басшылары, Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті өкілдері қатысты.

«Әділ билік – ел тірегі» дейді халық даналығы. Бұл жиын да әділеттілік жолындағы жүйелі жұмыстың нәтижесін саралауға арналды. Баспасөз мәслихатын Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы
Бәйдібек Дүйсебеков ашып, өткен жылдағы қылмыстық істердің қаралу барысына тоқталды. Оның айтуынша, 2025 жылы қала соттарына мыңдаған тұлғаға қатысты қылмыстық істер түскен. Алқалы соттарда бірқатар үкімдер жойылып, кейбірі өзгертілген. Бұл сот тәжірибесінде заңдылықты сақтауға, әр істі жан-жақты қарауға басымдық берілгенін көрсетеді. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты істер де назардан тыс қалмаған. Аталған санаттағы қылмыстық істер бойынша сот үкімдері шығарылып, әртүрлі жаза түрлері қолданылған. «Тура биде туған жоқ» демекші, заң алдында баршаға бірдей талап қойылғаны байқалады.
Бәйдібек Дүйсебековтың айтуынша, күзетпен ұстау бұлтартпау шарасын санкциялау мәселесі де сот бақылауында болды. Бұл ретте соттар қылмыстық процестегі адам құқықтарының сақталуына ерекше мән берген. Шымкент қаласының мамандандырылған тергеу сотында 2025 жылы электронды білезіктерді қолдану тәжірибесі кеңінен іске асырылды. Жыл қорытындысы бойынша сот тарапынан 553 адамға электрондық бақылау құралын (электронды білезік) тағып жүру міндеті жүктелген қаулы шығарылған. Бұл шара негізінен күдіктілерге қатысты «күзетпен ұстау» мен «үйқамақ» сияқты бұлтартпау шараларын қолдану барысында тағайындалды. «Күзетпен ұстау» туралы түскен өтініштердің бір бөлігі қанағаттандырылмай, олардың орнына үйқамақ, ешқайда кетпеу туралы қолхат немесе кепіл сияқты балама бұлтартпау шаралары қолданылды. Осы жағдайлардың басым бөлігінде күдіктілерге электронды білезік тағу міндеті жүктелді. Сондай-ақ, «үй қамақ» тағайындау және күзетпен ұстау мерзімін ұзарту мәселелері қаралып, сот шешімдері арқылы бірқатар күдіктілер қамауда ұстаудың орнына электрондық бақылаумен үйқамақта қалдырылды. Бұл тәсіл күдіктілердің жүріп-тұруын бақылауға мүмкіндік беріп, сонымен қатар қамауға алу санын азайтуға бағытталған.
Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ләйлә Тәкішева 2025 жылы азаматтық істер санының айтарлықтай артқанын атап өтті. Негізгі дау санаты шарттық және отбасылық қатынастардан туындаған істерге тиесілі. Апелляциялық және кассациялық сатыларда қаралған істердің үлесі төмен деңгейде қалып, бұл бірінші сатыдағы сот шешімдерінің сапалы қабылданғанын аңғартады.
Сонымен қатар, дауларды бейбіт жолмен шешу тетіктері кеңінен қолданылып, мыңдаған іс татуласу және медиация арқылы аяқталған. Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Гүлмира Қыдырбаева да аталған санаттағы істер бойынша нақты деректерді ортаға салды. Әкімшілік соттарда талап қоюлардың қаралуы, істердің аяқталуы және тараптардың татуласуымен шешілуі алдыңғы жылмен салыстырғанда оң серпін көрсеткен. Медиация рәсімінің үлесі артып, сот жүктемесін азайтуға ықпал еткен.
Баспасөз мәслихатында ҚР Сот әкімшілігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Берік Мейірханов сот жүйесін ұйымдастырушылық, құқықтық және техникалық тұрғыда қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сот саласын цифрландыру – бүгінгі күннің басты талабы. Қазіргі таңда сот процестерінің барлық кезеңі электронды форматқа көшіріліп, «Сот кабинеті» арқылы талап қою, істерді қашықтан қарау, онлайн танысу мүмкіндіктері кеңінен қолданылады.
С.ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ
