Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Автокөлік жолдарының жай-күйі – өзекті мәселе. Мен бұл туралы осыған дейін де айттым. Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатыр. Қазақстанда мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған. …Әрине, мұнда саннан гөрі сапа маңыздырақ. Сол үшін инновациялық заманауи әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданған абзал. Бұл жұмысқа қоғамдық бақылауды күшейту үшін бірыңғай цифрлық платформаны іске қосқан жөн. Онда барлық жолды, соның ішінде, қала аумағындағы жолдарды салуға және жөндеуге қатысты ақпарат болуы керек» деген болатын.

Расында сапалы әрі тегіс жолдар – мегаполистегі жайлы өмірдің ажырамас бөлігі екені баршаға аян. Жолдардың заманауи талапқа сай болуы жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен шаһардағы көлік кептелісін азайтуға оң ықпал ететіні анық. Сондықтан, Шымкент қаласында көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жолдар, жолайырықтар мен аялдамаларды қайта құру – бұл тұрғындардың қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар. Қала әкімдігінің мәліметінше, жүзеге асып жатқан жобалар қаланың заманауи келбетін қалыптастырып, инфрақұрылым сапасын айтарлықтай арттырады.
850 көше жөнделеді
Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, қаладағы 850 көшеге жалпы ұзындығы 1059 шақырым асфальт жабындысы төселеді. Биыл 540 көше (605 шақырым) жөнделіп, қалған көшелер 2026 жылға дейін қамтылады.
Шаһарда көлік инфрақұрылымын дамыту және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бағытындағы жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Олардың қатарында Изенді көшесін Юсупов көшесінен Төлеметов көшесіне дейін ұзарту жобасы бар. Жолдың жалпы ұзындығы – 1,9 шақырым. Таяуда осы учаскеде автокөлік қозғалысы ресми түрде ашылды. Жобаның мақсаты – Бәйдібек би даңғылы, Төлеметов көшесі мен А-2 айналма жолындағы көлік жүктемесін азайту.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне сәйкес, бүгінде бірнеше маңызды көшеге күрделі жөндеу жүргізіліп, заманауи талаптарға сәйкестендірілді. Атап айтқанда, Шұбаркөл көшесі (Б.Момышұлы көшесінен Өтегенов көшесіне дейін), Юсупов көшесі сондай-ақ, Жаңақоныс көшесі жөнделді. Соңғы учаскеде Қошқарата өзені үстінен ұзындығы 15 метрлік жаңа көпір салынды.
Жалпы, шаһарда жол инфрақұрылымын дамытуда ауқымды жобалар жүзеге асуда. Соның бірі – Д.Қонаев даңғылының жалғасын салу. Жоба алты кезеңнен тұрады. Қазіргі таңда үш кезең аяқталды, тағы екі кезеңнің жұмыстары жыл соңына дейін және 2026 жылы толық бітеді.
Д.Қонаев даңғылының жалғасы Оңтүстік бағытқа қарай, жалпы Республика көшесіне балама ретінде салынуда. Д.Қонаев даңғылының жалғасы «Оңтүстік» айналма жолына қосылады.
Өткен жылы жалпы ұзындығы 16 шақырым «Оңтүстік» айналма жолының құрылысы жоспарға сай аяқталды. Бұл нысан Ташкент бағытындағы республикалық маңызы бар жолдан Ленгір тас жолына қосылатын негізгі жол болып есептеледі. Жол құрылысы қала ішіндегі кептелісті азайту мақсатында қолға алынған еді. Ендігі кезекті Қонаев даңғылы жалғасының қалған кезеңдерін аяқтау басты назарда тұр.
Сондай-ақ, А-2 айналма жолының қайта құрылуы – қаланың транзиттік әлеуетін күшейтетін маңызды жоба. 28,2 шақырымдық жол сегіз кезеңге бөлінген. Қазіргі таңда төрт кезең аяқталып, үш кезеңнің құрылысы биыл аяқталады. Қалған бөлігі 2026 жылы іске қосылады.
Теміржол өткелі құрылысы аяқталады
Бүгінде қалада бірнеше маңызды жолайрықтар мен көпірлер, теміржол өткелдерінің құрылысы жүріп жатыр. Еңбекші ауданындағы Момынов және Тіленшин көшелеріндегі теміржол өткелдерінің құрылысы қарқын алған. Бұл нысандар қаланың шығыс бөлігін орталықпен байланыстырып, көлік кептелістерін азайтуға мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарын 2025 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланып отыр. 2024 жылдың қараша-желтоқсан айларында темір жол өткелінің құрылысы басталды. Жыл басында мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлы тұрғындармен кездесуде көптен бері шешімін таппай келген жобаға тиісті қаржы бөлінгенін, бұл орайда қала әкімдігі белсенді жұмыс атқарғанын атап өткен еді. Осы аумақта теміржол өткелін салу қала тұрғындарын толғандырған күрделі мәселе еді. Қала әкімдігі Момынов және Тіленшин көшесі бойындағы темір жол өткелінің жобалық-сметалық құжаттамасын дайындады. Парламентте де тиісті жұмыстар атқарылды. Уақыт сәтімен екі жобаға да қаржы бөлінді. Теміржол байланысының ұлғаюы себепті бұл жердегі кептелістер одан сайын арта түспек. Жоспарға сай, теміржол өткелі 2025-2026 жылы іске қосылуы тиіс.
Жоба аясында теміржолдың үстінен аспалы көпір салынып, бұл жол өткелі төрт жолақты және жаяу жүргіншілерге арналған аяқжолмен жабдықталады. Сонымен қатар, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жарықшамдар орнатылады.
Жуырда ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова стратегиялық маңызға ие темір жол өткелдерінің құрылыс барысымен танысты. Момынов көшесі қаланың орталық бөлігін шығыс аймақпен байланыстырып тұрған көлік қозғалысының маңызды арнасы саналады.
Қазіргі таңда тіреуіш темірбетон конструкциялар мен көпір балкалары орнатылып, құрылыс жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр. Жоспар бойынша, нысанды 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр.
Жалпы жобаның құны – 7,3 миллиард теңге. Оның ішінде 2025 жылға жоспарланған 3,5 миллиард теңге қаржы бөлінген. Құрылыс жұмыстарын «Береке-А» ЖШС мердігер компаниясы жүргізуде. Нысанға жеті жылдық кепілдік мерзімі қарастырылған. Жоба шеңберінде инженерлік желілерді ауыстыру, жергілікті инфрақұрылымды бейімдеу, құрылыс алаңын жабдықтау сынды кешенді жұмыстар атқарылуда.
Сондай-ақ, қазіргі уақытта Қойкелді батыр – Ақназар хан көшелеріндегі апатты жағдайда деп танылған көпірге күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Жуырда қала әкімі Момынов көшесіндегі жол өткелінің құрылысы, Қойкелді батыр көшесіндегі теміржол өткелінен өтетін көпірде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмысын аралап көрді. Тиісті сала мамандарына жол сапасын жоғары деңгейде қамтамасыз етуді және жөндеу жүргізілген аумақтарға көше жарығын орнатуды тапсырды.
Қауіпсіздік пен инфрақұрылымды дамыту – басты назарда
Басқарманың мәліметінше, 2025 жылы 32 жаңа бағдаршам орнатылады. Қазіргі таңда оның 10-ы іске қосылды. Сонымен қатар, 200 жаяу жүргінші өткеліне жарық орнату көзделген, оның 142-сі іске асырылды. 6000 жол белгісінің жартысынан астамы орнатылып үлгерді. Мектептер жанында 1200 метр жасанды жол кедергілері салынады.
Биыл ұзындығы 180 шақырым тротуар салынды, 500 шақырым жол сызықтары жаңартылды, 30 көшеде ирригациялық лотоктар орнатылды. Сонымен бірге, 2743 көшеге жарықтандыру орнату жұмыстары басталып, 1550 көшеде жарық шамдары іске қосылды.
Жыл басынан бері қалада 300 жаңа аялдама павильоны орнатылды. Атап айтқанда, металл конструкциялы (№20 тип) және шыныдан жасалған эстетикалық (№22 тип) павильондар орнатылып жатыр. Сонымен қатар, 1062 аялдамада қазақ тіліндегі атау тақтайшалары жаңартылып, 771 аялдамада ақпараттық панельдер қойылды.
Жобаға жеке инвесторлар да тартылып отыр. Қазіргі таңда 62 коммерциялық павильон жеке қаражат есебінен бой көтеруде. Бұл қала инфрақұрылымын дамытудағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің жарқын үлгісі болмақ.
Шымкент қаласы әкімдігі жүргізіп жатқан бұл кешенді шаралар қала тұрғындары үшін қауіпсіз, ыңғайлы және заманауи көлік инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған. Жоспарлы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, Шымкенттің мегаполис ретінде өркендеуіне үлес қосады.
Ә. АЙТӨРЕ
