Редакция таңдауы

Қаладағы ең үлкен аурухана қайта жаңарды

Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтқанда, аурухананың А, Б және С корпустары, галереясы мен жылу қазандығы, сондай-ақ, зертханасы күрделі жөндеуден өтуде. 

Жалпы, аурухана ғимараты 1982 жылы салынған екен. Ескі ғимаратты жөндеуге қалалық бюджеттен 2 миллиард 941 миллион теңге бөлінген. Бұл қаржыға ғимараттың есік-терезесі, едені мен шатыры, ауыз су, жылу жүйесі мен кәрізі жаңартылған. Қазір жұмыстың басым бөлігі аяқталып, аурухананың бірқатар бөлімшелері жаңарған корпустарға орналасыпты.

Бүгінде жөндеу жұмыстары тек Б корпусында жалғасып жатыр. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, күрделі жөндеу жұмыстары мамыр айының соңына дейін толық аяқталады деп жоспарланған.

Сонымен қатар аурухананың материалдық-техникалық базасын жаңартуға да айрықша назар аударылған. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы денсаулық сақтау саласына инвестиция тарту, құрылыс және медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жарақтандыру бөлімінің басшысы Болат Бердібековтің айтуынша, былтыр ауруханадағы аппараты істен шыққан екен. Оған бюджеттен 28 миллион теңге қаржы бөлініп, қайта жөнделген. Басқармадағылар бұл аппараттың 2012 жылы алынғанын ескеріп, тағы бір жаңа, заманауи литотриптер қондырғысын сатып алыпты.

– Бұл – бүйрек пен несеп жолдарындағы тасты магнитті толқындар арқылы үгітіп, ағзадан отасыз шығаруға мүмкіндік беретін аппарат. Екі аппараттың көмегімен биыл жыл басынан бері несеп тас ауруы бар 270-тен астам адамға көмек көрсетілді. Жалпы, №1 клиникалық аурухана қаланың денсаулық сақтау жүйесінде өте маңызды рөл атқарады. Сондықтан оның материалдық-техникалық базасын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылып келеді. Бүгінде аурухана техникалық тұрғыда 92 пайызға қамтамасыз етілген, – дейді Б.Бердібеков.

Айта кетейік, 2020 жылдан бері қаланың денсаулық сақтау саласында 10 ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіліп, бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін қазынадан 7 миллиард теңгеден астам қаржы қаралған. Ал, биыл екі ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Оның бірі жоғарыда айтылған №1 клиникалық аурухана болса, екіншісі қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы екен.

А.САЙЛАУҰЛЫ

Соңғы жаңалықтар