Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков өткен аптада кезекті рет қаланы аралап, түрлі салаларда атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылады.
Шаһар басшысы аралау барысында жол-көлік инфрақұрылымы бағытындағы жобалардың жүзеге асырылуымен танысты. Атап айтқанда, Қаратау ауданы, Тұран шағын ауданында Найзакескен және Шалкиіз жырау көшелеріндегі орташа жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Сондай-ақ, Алтынсарин көшесінің қайта жаңғыртылуын, Нұртас шағын ауданындағы Ақбота және Бәйгеқұм көшелеріндегі жөндеу жұмыстарын көріп шықты.
Ғ.Сыздықбеков әрі қарай «Астана» скверінің қазіргі жай-күйімен де танысты. Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадиондағы жөндеу жұмыстарын, алдағы ойындарға дайындық деңгейін тексерді.
Аралау қорытындысы бойынша Ғабит Әбдімәжитұлы аудан әкімдеріне және жауапты мекемелерге атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына бақылауды күшейтуді және тиісті нысандардың мерзімінде аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Шаһар басшысы осы аптадағы аралау барысында №60 «Тараз» балабақшасына барды. 370 орынға арналған мектепке дейінгі мекеменің қазіргі жағдайымен және балаларға жасалған мүмкіндіктермен танысқан Ғ.Сыздықбеков тәрбиеленушілердің жас ерекшеліктерін ескере отырып, ойын алаңдарын тиімді ұйымдастыру қажет екенін айтты. Сонымен қатар қауіпсіздік шаралары мен балалардың жан-жақты дамуына қолайлы орта қалыптастыру мәселесіне де баса назар аударылды.
Әрі қарай қала әкімі Мәртөбе тұрғын алабында электромонтаж құрылғыларын шығаратын «Renaissance SHIK» ЖШС-нің цехтарын аралап көрді. Электрохимиялық қорғаныс саласына бағытталған кәсіпорын 85-тен астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Шаһар басшысы кәсіпорын басшылығымен өндірісті кеңейту мәселелерін талқылау барысында техникалық бағыттағы колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері үшін өндірістік тәжірибе алуға жағдай жасаудың маңызын атап өтті.
Сонымен қатар қала әкімі Қаратау ауданы, Бозарық-3 тұрғын алабындағы тарату бекетінің іске қосылуына қатысты.
– Қаламыз күн сайын өсіп, өркендеп, жаңарып келеді. Жаңа елдімекендер салынып, мектептер мен жолдар бой көтеріп жатыр. Осы қарқынмен бірге инженерлік инфрақұрылым да дамуы тиіс. Себебі, инфрақұрылым – жайлы өмір сүрудің негізгі алғышарты. Бұл – тек аудан үшін ғана емес, көптен бері жарыққа қосылуды күткен жүздеген отбасы үшін маңызды оқиға. Жаңа нысанның арқасында 468 абонент сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтылады. Алдағы уақытта да жаңа тұрғын алаптар мен шағынаудандардың толыққанды инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғаса береді, – деді Ғ.Сыздықбеков.
Сондай-ақ, қала әкімі Тұран ауданында ғы Қ.Қазиев көшесінің орташа жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Жол бөлігін кеңейту мен жаяу жүргінші жолдарын абаттандыру секілді негізгі жұмыстар 95 пайызға орындалған. Көлік қозғалысы ашық. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жол белгілері мен сызықтарын сызу жөнінде нақты тапсырма берді.
А.САЙЛАУҰЛЫ