Шымкент – соңғы жылдары туристік әлеуеті қарқынды дамып келе жатқан қалалардың бірі. Қаланың инфрақұрылымын жаңғырту, сервистік қызмет сапасын арттыру, инвестициялық жобаларды іске асыру және бірегей туристік бренд қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәдени-тарихи мұралар мен сакралды нысандарды жаңғырту, гастрономиялық туризмді дамыту және халықаралық деңгейде ілгерілету – Шымкент туризмінің негізгі басымдықтарына айналды. Осы орайда, қала туризмінің бүгінгі ахуалы мен алдағы даму бағыттары туралы Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Бексұлтан ӘДІЛХАНОВПЕН сұхбаттасқан едік.
– Бексұлтан Ержанұлы, Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы жылды қалай қорытындылады? Қандай жетістікке жетті?
– Биылғы жыл Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия салалары үшін қарқынды даму, жүйелі жоспарлау және нақты нәтижелерге қол жеткізілген кезең болды. Жыл бойы қала туризмінің инфрақұрылымын жетілдіру, инвестициялық жобаларды іске асыру, сервистік қызмет сапасын арттыру, сондай-ақ, сакралды және мәдени туризм бағыттарын дамытуға басымдық берілді. 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Шымкент қаласына келген туристер саны 406 386 адамды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,8 пайызға артқан. Айта кету керек, бұл көрсеткіш – тек қонақ үйлерге орналастырылып, турист ретінде ресми тіркелген азаматтардың саны. Ал, қалаға жеке мақсатпен, іссапармен немесе туыстық қатынастар арқылы келетін қонақтарды есептегенде, туристік ағын бұдан да жоғары. Қазіргі таңда қала аумағында 159 орналастыру орны жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 8,2 пайызға артты. Сонымен қатар, қонақ үй нөмірлерінің саны 4 132-ге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,4 пайызға өскенін атап өткен жөн. Орналастыру орындарымен көрсетілген қызмет көлемі 10 млрд 392 млн 83,7 мың теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 24,5 пайызға артты. Бұл туризм саласының экономикалық әлеуетінің артып келе жатқанын айқын көрсетеді. Инвестициялық жобалар бағытында да нақты нәтижелер бар. 2024–2025 жылдар аралығында қалада 12 қонақ үйдің ашылуы жоспарланған болатын. Оның ішінде 2024 жылы 7 қонақ үй пайдалануға берілді. Атап айтқанда, «Kazakh Hotel», «Aurum Hotel», «Diamond Hotel», «Siluet Plaza», «Makhambet», «Mir Hotel» және «Cannes Hotel» туристерге қызмет көрсете бастады. 2025 жылы «Mardan» және «Green Park» қонақ үйлері іске қосылды. Сонымен қатар, жыл соңына дейін тағы 3 қонақ үй – «Grand Altyn Hotel», «Silver Hotel» және «Алатау» қонақ үйлерін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, қалада халықаралық стандарттарға сай «Hilton» брендті қонақ үйінің құрылысы басталды. Инвестиция көлемі 35 млн АҚШ долларын құрайтын бұл жоба 2026 жылдың соңында аяқталып, нәтижесінде 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Туризмнің жаңа бағыттарын дамыту мақсатында Бадам су қоймасы аумағында «Omir Shymkent» глэмпинг жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты – қала тұрғындары мен қонақтарына экологиялық, мәдени және сауықтыру демалысын ұсыну, сондай-ақ туристік инфрақұрылымды әртараптандыру. Жоба аясында 38 глэмпинг үйі, 18 капсулалық үй, мейрамхана, SPA-бассейн, спорт алаңдары, амфитеатр, жылқы ұстау және шарап дайындау аумақтары қарастырылған. Бұл жоба Шымкенттің туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Сакралды туризм бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Республикалық маңызға ие «Ибрагим ата» және «Қарашаш ана» кесенелерінің аумақтары абаттандырылды. Кесенелерге апаратын жолдар салынды, санитариялық-гигиеналық тораптар орнатылып, туристерге арналған ақпараттық стендтер қойылды. Сонымен қатар, Хызыр мұнарасының аумағы жеке кәсіпкер есебінен абаттандырылып, жарықтандыру жүйелері орнатылды, орындықтар қойылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Алдағы кезеңге жоспарланған маңызды жобалардың бірі – 2026 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, Сайрам тұрғын алабында орналасқан алты сакралды нысанды реконструкциялау. Бұл жұмыстар тарихи-мәдени мұраларды сақтау және туристерге қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Сонымен қатар, туристік нысандарда қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында «Ибрагим ата», «Қарашаш ана» және «Әбділ Әзіз баб» кесенелеріне турникеттер орнатылды. Бұдан бөлек, 7 туристік нысанға – Ибрагим ата, Қарашаш ана, Мірәлі баба, Әбділ Әзіз баб, Хызыр мұнарасы, Дендросаябақ және Цитадельге туристік төлқұжаттар әзірленді. Сервисті жетілдіру бағытында қала аумағында жаңа үлгідегі «6–SMART» санитариялық-гигиеналық тораптар іске қосылды. Атап айтқанда, олар «Спутник» гүлзары, «Тәуке хан» даңғылы, Иляев көшесі, «Имран» сауда орталығы және «Арбат» жаяу жүргіншілер аймағында (2 дана) орналасқан. Жалпы алғанда, 2025 жыл Шымкент қаласының туризм саласы үшін инфрақұрылымдық дамумен, инвестициялық белсенділіктің артуымен, туристерге көрсетілетін қызмет сапасының жақсаруымен және жаңа туристік бағыттардың қалыптасуымен ерекшеленді. Алдағы уақытта бұл жұмыстар өз жалғасын тауып, Шымкентті еліміздегі және өңірдегі ірі туристік орталықтардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді.
– Шымкент қаласының алдағы жылдарға арналған туристік даму стратегиясында қандай бағыттарға басымдық берілген және оларды жүзеге асыру қалай жүргізіледі?
– Шымкент қаласының алдағы жылдарға арналған туристік даму стратегиясында бірнеше басым бағыт айқындалған. Бұл стратегия қаланың туристік әлеуетін кешенді түрде дамытуға, келушілер санын тұрақты арттыруға және Шымкентті өңірлік қана емес, халықаралық деңгейде танымал туристік орталық ретінде қалыптастыруға бағытталған. Негізгі мақсат – туристік өнімдерді әртараптандыру, сервистік қызмет сапасын көтеру және қала экономикасына туризм арқылы қосымша серпін беру.
Бірінші басымдық – мәдени-тарихи туризмді дамыту. Бұл бағыт аясында қаланың тарихи нысандары, сәулет ескерткіштері мен музейлері негізінде жаңартылған және мазмұны бай туристік маршруттар қалыптастырылмақ. Туристер үшін ақпараттық инфрақұрылымды жетілдіру мақсатында көрнекі белгілер, навигациялық жүйелер, көптілді ақпараттық тақталар орнатылып, кәсіби гидтер қызметі кеңейтіледі. Сонымен қатар тарихи орындардың танымалдығын арттыруға бағытталған мәдени-танымдық жобалар іске асырылады.
Екінші басым бағыт – гастрономиялық және этнотуризмді қолға алу көзделген. Шымкенттің бай ұлттық асханасы, көше тағамдары мәдениеті мен этномәдени ерекшеліктері қаланың туристік брендіне енгізіледі. Осы бағытта жергілікті тағамдарды дәріптейтін гастрономиялық маршруттар әзірленіп, халықаралық және республикалық деңгейдегі гастрономиялық фестивальдер, этно-мәдени іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Бұл шаралар қалаға келетін туристер ағынын арттырып қана қоймай, жергілікті кәсіпкерлерді қолдауға да ықпал етеді.
Үшінші басымдық – туристік инфрақұрылымды жаңарту және дамыту. Қалаға келушілер үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында қонақ үйлер желісін кеңейту, туристік ақпараттық орталықтарды көбейту, демалыс және серуен аймақтарын абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Сонымен қатар көлік қолжетімділігін арттыру, туристік нысандарға апаратын жолдарды жақсарту және қоғамдық көлік бағыттарын оңтайландыру көзделіп отыр.
Төртінші бағыт – цифрлық туризмді бір жүйе бойынша жандандыру жоспарлануда. Яғни, заманауи талаптарға сай туристерге арналған мобильді қосымшалар, интерактивті карталар, онлайн брондау жүйелері және бірыңғай туристік портал жаңартылып, жетілдіріледі. Бұл цифрлық шешімдер туристерге қаладағы нысандар, қызметтер мен іс-шаралар туралы жедел әрі қолжетімді ақпарат алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ цифрлық сервистер туристік қызмет көрсету сапасын арттыруға және туристердің қалада еркін қозғалуына жағдай жасайды.
Бесінші басымдық – туристік іс-шараларды дамыту және туризмді халықаралық деңгейде ілгерілету. Шымкент қаласы шетелдік туристік көрмелер мен халықаралық форумдарда кеңінен таныстырылып, халықаралық туроператорлармен әріптестік байланыстар күшейтіледі. Қала брендингін жүйелі түрде насихаттау мақсатында ақпараттық турлар, медиа-жобалар мен баспасөз турлары ұйымдастырылады. Бұл жұмыстар Шымкенттің туристік имиджін қалыптастырып, шетелдік туристердің қызығушылығын арттыруға бағытталған. Нәтижесінде, аталған басым бағыттарды жүйелі іске асыру арқылы Шымкент қаласының туристік тартымдылығы едәуір артып, қала өңірлік және халықаралық деңгейде тұрақты әрі бәсекеге қабілетті туристік бағыт ретінде қалыптасады. Бұл өз кезегінде қала экономикасының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және шаһардың жалпы имиджінің нығаюына ықпал ететін болады.
– Шымкенттің бірыңғай туристік брендін қалыптастыру бағытында қандай жұмыс атқарылуда? Қала өзін халықаралық деңгейде қалай танытпақ?
– 2024 жылы Шымкент қаласына Қазақстан Республикасының гастрономиялық астанасы мәртебесінің берілуі – қаланың туристік брендін қалыптастыру жолындағы маңызды әрі стратегиялық қадам болды. Осы мәртебе аясында Шымкенттің бірыңғай туристік брендін жасау және оны халықаралық деңгейде ілгерілету бағытында кешенді, жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда Шымкент қаласы дамыған гастрономиялық мәдениетімен ерекшеленеді. Қала аумағында желілік те, жеке дара да дамыған мейрамханалар мен тамақтану орындары көптеп орналасқан. Әсіресе, түрлі тандыр самсалар, шымкенттік кәуәптар, өзбек палауының алуан түрлері мен ұлттық тағамдар қалаға келетін қонақтар арасында жоғары сұранысқа ие. Осы әлеуетті тиімді пайдалану мақсатында гастрономиялық туризмді қаланың негізгі туристік брендіне айналдыру көзделіп отыр. Осы бағытта алдағы кезеңде «Гастрономиялық аллея» жобасын іске қосу жоспарлануда. Аталған аллеяда Шымкентке тән тандыр самсалар, кәуәптар, палаулар мен ұлттық тағамдарды ұсынатын мейрамханалар бір кеңістікте шоғырландырылып, тәулік бойы (24/7 форматында) қызмет көрсететін болады. Бұл жоба туристер үшін ғана емес, қала тұрғындары үшін де тартымды демалыс әрі мәдени орта қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар, гастрономиялық аллея аумағында аспаздық шеберлік сағаттары, ұлттық тағам әзірлеу бойынша сабақтар, асхана өнеріне арналған воркшоптар, сондай-ақ түрлі мерекелік іс-шаралар мен концерттік бағдарламалар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл бастамалар арқылы қала қонақтарына тек тағам дәмін татып көру ғана емес, шымкенттік гастрономиялық мәдениетті тереңірек танып-білуге мүмкіндік беріледі. Бұдан бөлек, қазіргі таңда Арбат жаяу жүргіншілер алаңында көше тағамдары (street food) жобасы сәтті іске асырылуда. Алдағы уақытта осындай форматтағы жобалардың санын арттыру, оларды қаланың басқа да туристік нүктелерінде енгізу жоспарланып отыр. Бұл қала өміріне заманауи серпін беріп, жастар мен туристер арасында Шымкенттің тартымдылығын арттыра түседі. Осыған орай, келер жылы Халықаралық гастрономиялық фестиваль және Street Food Fest секілді ауқымды іс-шараларды өткізу көзделіп отыр. Аталған фестивальдер арқылы қаланың ұлттық және заманауи асханасы, көше тағамдары, этнографиялық ерекшеліктері кеңінен таныстырылып, туристерге шынайы әрі ерекше гастрономиялық тәжірибе ұсынылады. Сонымен қатар, Шымкент қаласының халықаралық деңгейде танымалдылығын арттыру мақсатында шетелдік медиа өкілдері, танымал блогерлер мен халықаралық туроператорларды тарту арқылы ақпараттық турлар ұйымдастырылуда. Бұл жұмыстар гастрономиялық брендтің имиджін қалыптастырып, Шымкентті Орталық Азиядағы гастрономиялық туризм орталықтарының біріне айналдыруға бағытталған. Жалпы алғанда, гастрономиялық бағытты негізге ала отырып қалыптасып жатқан Шымкенттің бірыңғай туристік бренді қаланы тартымды, заманауи әрі өзіндік ерекшелігі бар туристік дестинация ретінде халықаралық деңгейде кеңінен танытуға мүмкіндік береді.
– Шымкентте туристердің қауіпсіздігін, сервистік сапаны арттыру үшін қандай стандарттар енгізіліп жатыр? Туристік полиция, ақпараттық орталықтар жұмысы қалай жолға қойылған?
– Бүгінде Шымкент қаласы полиция департаменті патрульдік полиция полкінің штатына барлығы 25 туристік полиция қызметкері бекітілген. Бекітілген штатқа сәйкес 1 взвод командирі (туристерге қызмет көрсету жөніндегі), 3 аға инспектор және 21 инспектор жұмыс жасауда. Аталған туристік полиция қызметкерлері Шымкент қаласының қоғамдық орындарында, туристер көп шоғырланатын аумақтарда және «Арбат» жаяу жүргіншілер алаңындағы стационарлық полиция бекетінде үш ауысымда қызмет атқарады. Осы бойынша Түркістан қаласының әуежай аумағында «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының ақпараттық дүңгіршегі іске қосылды. Бұдан бөлек, Алматы, Бурабай, Өскемен және Самарқанд қалаларында «Visit Shymkent» туристік бұрыш іске қосылды. Биыл «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының дүңгіршектері Сайрам тұрғын алабындағы Ибрагим ата кесенесі аумағында, «Shymqala» тарихи-мәдени кешенінде, әуежай және темір жол аумағында орналастырылды. Шымкент қаласының аумағында адам көп шоғырланатын жерлерге 15 дана «SOS» дабыл батырмасы орнатылып, жыл соңына дейін қосымша 40 дана орнату жоспарлануда. Қаладағы қонақ үйлерге, орналастыру орындарына және туристік-ақпараттық дүңгіршектерге «Visit Shymkent» веб-сайтына бағыттайтын QR-кодтар орнатылды. Бұл туристерді ерікті түрде тіркеуге, туристік ақпаратқа жедел қол жеткізуге және өңір бойынша өзекті статистика қалыптастыруға мүмкіндік береді. QR-кодты сканерлеу арқылы туристер онлайн тіркеуден өтіп, қаладағы туристік нысандар, пайдалы ақпараттар, туристік бағыттар, мәдени іс-шаралар және төтенше жағдайда жедел көмек қызметтерінің байланыс нөмірлері туралы мәліметтермен таныса алады
– Шымкент – Түркістан – Сайрам – Төлеби бағыттарын біріктіретін бірыңғай туристік маршрутты қалыптастыру жоспарланып отыр ма?
– Иә, өңірлер арасындағы туристік әлеуетті тиімді пайдалану мақсатында Шымкент қаласын Түркістан, Сайрам және Төлеби аудандарымен байланыстыратын бірыңғай туристік маршруттарды қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастама тарихи, мәдени және табиғи нысандарды бір жүйеге біріктіріп, туристерге кешенді әрі мазмұны бай саяхат ұсынуға бағытталған. Қазіргі таңда Шымкент қаласында 17 туристік маршрут тұрақты түрде қызмет көрсетуде. Олардың қатарында балаларға арналған турлар, қысқа мерзімді қалалық турлар, мәдени-танымдық және арнайы тақырыптық бағыттар бар. Атап айтқанда, *«Балалар туры», «Шымкенттегі 72 сағат», «Бизнес тур», «Жібек жолы мұрасы», «Йога тур», «Қызғалдақ жолы», «Шымкенттің үздік орындары», «Мектеп оқушыларына арналған тур», «Наурыз», «Өнеркәсіптік туризм», «Ойын-сауықтық туризм», «Сакралды тур», «Экологиялық тур», «Экстремалды Шымкент», «Шымкент – 24 сағат», «Тарихи-мәдени тур» және 4 күндік кешенді тур туристер арасында сұранысқа ие. Осы маршруттардың ішінде Түркістан – Ташкент – Ақсу-Жабағалы – Шымкент бағытындағы 4 күндік туристік маршрут ерекше танымал. Бұл бағыт тарихи және табиғи нысандарды қамтып, отандық және шетелдік туристер тарапынан кеңінен қолданылуда. Аталған туристік маршруттар аясында бүгінгі таңда 24 туристік оператор және 120 туристік агенттік қызмет көрсетіп келеді. Бұл көрсеткіш қаладағы туризм саласының институционалдық тұрғыда қалыптасып, нарықтың белсенді дамып жатқанын көрсетеді. Алдағы кезеңге жоспарланған маңызды бағыттардың бірі – Шымкент – Түркістан – Ташкент бағыттары бойынша жаңа туристік маршруттарды іске қосу. Бұл маршруттар туристік сала өкілдерімен, туроператорлармен және агенттіктермен бірлесіп әзірленіп, өңіраралық және халықаралық туристік ағынды арттыруға бағытталады. Сонымен қатар, Сайрам мен Төлеби аудандарының табиғи, тарихи және сакралды нысандарын қамтитын бағыттарды да біртіндеп осы маршруттарға интеграциялау көзделіп отыр. Жалпы алғанда, Шымкент қаласын көршілес өңірлермен байланыстыратын бірыңғай туристік маршруттарды дамыту туристер үшін сапалы әрі мазмұнды саяхат ұсынуға, ал өңір экономикасы үшін туристік ағынды арттыруға мүмкіндік береді.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ
