Редакция таңдауы

Қалдықтарды қайта өңдеу – уақыт талабы

Әбден тозығы жетіп, жарамсыз күйге түскен автокөлік шиналары бүгінде кәдеге асып жатыр. Өңдеуден шыққан резеңке үгінділері балаларға арналған ойын және спорт алаңдарының табанына төсеуге пайдаланылуда. Шикізат күйінде нарыққа да шығарылады. Жеке инвесторлар жылдан-жылға өндіріс көлемін ұлғайтып келеді. Қалдықты кәдеге жарату және оны дамыту – уақыт талабынан туындаған мәселе.

Еліміздегі бірегей кәсіпорын

Біз таяуда кәсіпорынның жұмысымен, бүгінгі тыныс-тіршілігімен жақыннан таныстық. «Оңтүстік» индустриалды аймағындағы «Эко Шина» ЖШС-і – пайдаланылған автокөлік шиналарын қайта өңдеу өндірісін дамытып жатқан бірегей өндіріс орны. Өндіріс орны қаланың экологиялық жағдайын жақсарту, ескі шиналардың рұқсатсыз орындарда қалдыру мәселесін шешу, зиянды шығарындылары жоқ, қалдықсыз технологияларды енгізу арқылы экологиялық қауіпсіздікті арттыру мақсатында құрылған.

Бүгінде өндіріс басшылығы шиналарды қайта өңдеу қуаттылығын жылына 6 мың тоннадан 10 мың тоннаға дейін жеткізуді көздеп отыр. Мұнда құрылыс, абаттандыру және басқа салаларда қолданылатын резеңке үгіндісі өндіріліп отыр. Атап айтқанда, резинотехникалық өнімдердің ассортименті  – резеңке үгіндісі, шиналық регенерат, модульдік резеңке плитка, пиролизді отын, резеңке қоспалар, формалы және формасыз резиноөнімдер бар. Резеңке үгінділеріне негізделген жабын – заманауи құрылыста өз орнын мықтап алған, ашық және жабық спорт алаңдары, аула ойын алаңшалары үшін таптырмас өнім.

Іргетасы 2009 жылы қаланған кәсіпорын қазіргі уақытта жаңа бағыттарды іске қосып жатыр. «Жасыл даму» АҚ тарапынан жаңа өндіріске қаржылай қолдау көрсетілді. Қаржыландыру қайтарымды негізде, жылдық сыйақы мөлшерлемесі 3 пайыздан аспайтын және 3 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Кәсіпорынның жаңа бағытына акционерлік қоғам тарапынан 500 млн теңге қаржы бөлініп отыр. Жобаның жалпы құны – 629,377 млн теңге. Бүгінгі таңда кәсіпорын қажетті жабдықтарды сатып алып, оларды іске қосу жұмыстарын жүргізуде.

Серіктестік құрылтайшысы Бауыржан Айкенжеев пен «Жасыл даму» АҚ инвестициялық жобалар департаментінің директоры Серікбол Қалиакбаров өндіріс қуатын арттыру мақсатындағы жаңа бағыттың іске қосылуына қатысып, техникалық ашылуын өткізді. Бауыржан Айкенжеевтің айтуынша, қазіргі таңда кәсіпорын Шымкент қаласын қажетті өнімдермен қамтамасыз етіп отыр.

Ендігі мақсат – жылдан жылға өндіріс ауқымын кеңейту. Берілген қаржыға сәйкес, заманауи қондырғылар алынған. Кәсіпорында 1 сағатта 4 тонна қалдық өңделіп жатыр. Мұнда 50 адам жұмыспен қамтылған. Жоба толық іске қосылса, онда 70 адамға дейін тұрақты еңбек етпек. Жобаның жүзеге асырылуы өңірдің экологиялық жағдайын едәуір жақсартуға, пайдаланылған шиналарды тиімді қайта өңдеуді қамтамасыз етуге және еліміздің болашақтағы «жасыл» өндірістердің негізін қалауға мүмкіндік береді.

Экологиялық ахуалды жақсарту және қалдықтарды қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту жөніндегі мемлекеттік саясат аясында «Жасыл даму» акционерлік қоғамы еліміздің барлық өңірінде әлеуетті жобаларға қолдау көрсетуде. «Жасыл даму» АҚ – экологиялық бастамаларды басқару жөніндегі мемлекеттік оператор. Қазіргі таңда Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Атамекен» ҰКП тарапынан өңірлер ұсынған 67 жоба мақұлданған. Сол жобаның ішінде Шымкент қаласында орналасқан  «Эко Шина» ЖШС-і де бар. Ол – автомобиль шиналарының қалдықтарын қайта өңдеуге және резинотехникалық өнімдерді өндіруге маманданған Қазақстандағы ең ірі кәсіпорын. Қалдықтармен жұмыс істей отырып, кәсіпорын өңірдің экологиялық қауіпсіздігі мәселесін шешеді, істен шыққан автомобиль шиналарының жиналуын жояды.

Жалпы, кез-келген қала тұрғынының, заңды тұлғалардың тау-тау болып жиналған автокөлік шиналарын аталған кәсіпорынға өткізуге мүмкіндігі бар. Қалдықтарды жинау және қабылдау республика бойынша, сондай-ақ, келісімшарт негізінде жүзеге асырылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ел Үкіметі облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктерімен бірлесіп, қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға бағытталған қалдықтарды жинау, тасымалдау және қайта өңдеу технологияларын енгізу, қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарын салу, сондай-ақ, қалдықтарды басқару саласында жұмыс істейтін ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жетілдіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіп отыр. Шымкентте де экологиялық жағдайды жақсарту және қалдықтарды басқару мәселелерін шешу жұмыстары жоспарға сай атқарылуда.

Сондай-ақ, Шымкент қаласында бүгінде «Standard Steel KZ» ЖШС-і мырыш оксидін өндіретін зауыттың екінші кезеңін іске қосты. Бұл зауыт қорғасын өндірісінің қалдықтарын қайта өңдеп, түсті металл концентратын алуға бағытталған. Әлеуметтік маңызы бар жоба өндірістен шыққан 70 жылдан астам жинақталған бұрынғы қорғасын зауытының 2,5 млн тонна қалдығынан түсті металл концентратын өндіруге бағытталған. Бірінші кезеңнің нәтижесінде зауыт жылына 4600 тоннадан астам мыс-күміс концентратын шығарған. Екінші кезеңнің іске қосылуы өндіріс көлемін айтарлықтай арттырып, жылына 300 мың тонна қалдықты қайта өңдейтін болады.

 

Қайта өңдеуге қажеттілік артып келеді

Ресми мәліметтерге сәйкес, 2024 жылы қаладағы қатты қалдықтардың көлемі 254,1 мың тоннаны құрады. Оның 34,52 пайызы қайта өңделген. Бұл – қалдықтарды басқару жүйесін жақсартудағы маңызды қадам. Шымкент қаласының экологиялық мәселелерін кешенді шешу жөніндегі Жол картасы 2023-2025 жылдарға қабылданды. Қазіргі уақытта  жоспарланған 23 іс-шараның 7-еуі орындалды, қалғаны жүзеге асырылып жатыр.  Космомониторинг бағдарламасы аясында 2024 жылы 25 заңсыз қоқыс қалдықтары табылып, олар толығымен (100 пайыз) жойылды. Шымкент қаласы бойынша халықты қалдықтарды жинау және тасымалдау қызметтерімен қамту 98 пайызды құрап отыр. Қалада қатты тұрмыстық қалдықтарды төгуге арналған 1 қоқыс полигоны бар. Ол экологиялық-санитарлық талаптар мен нормаларға толық сәйкес келеді.

Қазіргі уақытта қалада қайта өңдеу инфрақұрылымын белсенді дамыту бағытында осындай ірі жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жобалар өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға маңызды үлес қосады.

Экологиялық ахуалды жақсарту мен санитарлық қауіпсіздік  – кез келген мегаполис үшін аса өзекті мәселенің бірі. Бүгінде қалада күн сайын 700 тоннадан астам тұрмыстық қалдық полигонға шығарылады. Сол себепті де, шаһарда озық технологиялы қоқыс өңдеу зауытының қажеттілігі туындап отыр. Жылдан-жылға қатты қалдықтарды қайта өңдеу, кәдеге жаратуға деген қажеттілік артып келеді. Тұрмыстық қалдықтардың көлемі де жыл өткен сайын ұлғая түсуде. Сондықтан да қалада қоқыс өңдеу кәсіпорындарын салу мәселесі күн тәртібінде тұр. Бұл бағытта қала әкімдігі Қытай және бірқатар Еуропа елдерінің жеке инвесторларымен келіссөздер жүргізіп жатыр.

Мәселен, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков шетелдік «Shaanxi Construction Engineering» компаниясының өкілдерімен кездесіп, Шымкент қаласында заманауи қоқыс өңдеу кешенін салу туралы меморандумға қол қойылған еді. Сондай-ақ, таяуда шымкенттік делегация Қытай Халық Республикасының Сиань қаласындағы ресми жұмыс сапары аясында бірқатар мазмұнды кездесулер өткізіп қайтты. Сапар Сиань қаласындағы Қазақстан Республикасының Бас консулдығымен бірлесе ұйымдастырылған. Кездесулерде  қаланы көгалдандыру және экологиялық жағдайды жақсарту бағытында Сианьдегі үздік тәжірибелер таныстырылып, лотос гүлдерін өсіру арқылы саябақтар мен су айдындарын көгалдандыру жобасы ұсынылды. Сонымен қатар, делегация заманауи технологиялармен жабдықталған қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу зауыттарының жұмысымен танысқан. Тиімді тәжірибе қаламыздың экологиялық ақуалын жақсартып, жағымды микроклимат қалыптастыруға ықпал етпек.

Тағабай ҚАСЫМОВ

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win