Редакция таңдауы

Қарапайым түсіндірудің өзі халықтың сенімін оятады

Тұрғындардың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін ең маңызды саланың бірі – тұрғын үй саясаты. Өйткені, баспана мәселесі әрбір отбасының өмірімен тығыз байланысты. Осы ретте біз Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының бөлім басшысы Жұлдыз Сәрсенбаевамен тұрғын үйге кезекке тұру тетіктеріндегі жаңа өзгерістер, халық сенімін арттыруға бағытталған бастамалар және жастардың мемлекеттік қызметке келуі жайында әңгімелестік.

– Қоғам арасында мемлекеттік қызметшілерге қатысты сын-пікір жиі айтылады. Оларды оң бағытқа бұру үшін қандай нақты қадам қажет?

– Мемлекеттік қызмет үшін имидждің мәні зор. Ол тек сыртқы бедел ғана емес, халықтың сенім деңгейінің көрсеткіші. Имидж –  белгілі бір әлеуметтік топқа эмоционалды әрі психологиялық тұрғыдан әсер ететін, мақсатты түрде қалыптасқан бейне. Сондықтан мемлекеттік қызметшінің оң имиджін қалыптастыру – мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттырудың басты шартының бірі.

Бұл процесс оңай емес. Ұзақ уақыт пен жүйелі жұмысты қажет етеді. ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексінде көрсетілген талаптар – осы бағыттағы басты бағдар. Әр мемлекеттік қызметші, ең алдымен, адал, әділ, ашық болуға тиіс. Халықтың мәселесіне бей-жай қарамай, заң аясында шешім іздегенде ғана сенім артады. Яғни, біздің бейнеміз қоғамның бізге деген сенімімен өлшенеді. Осы тұрғыда мемлекеттік қызметші үшін ашықтық, әділдік пен адамгершілік – басты құндылық. Бұл тек кәсіби талап қана емес, сонымен бірге моральдық жауапкершілік деп ойлаймын.

Бүгінгі мемлекеттік қызметші тек заңды біліп қана қоймай, оны тәжірибеде дұрыс қолдана алуы қажет. Жаңағы айтқанымдай, оның бойынан кәсібилік, жоғары моральдық жауапкершілік, адалдық, әділдік, белсенді өмірлік ұстаным көрінуі тиіс. Ал патриотизм — осы қасиеттердің өзегінде тұратын маңызды сипат. Өйткені, мемлекеттік қызметті жай ғана жұмыс орны емес, қоғам алдындағы үлкен сенім мен жауапкершілік ретінде қарауымыз керек. Сондықтан мемлекеттік қызметші халыққа үлгі болуы тиіс. Оның сөзі мен ісі қабысып жатуы шарт. Себебі, бір ғана қызметкердің әрекеті бүкіл мемлекеттік аппараттың беделіне әсер етеді.

 

– Қалада тұрғын үй мәселесі әрқашан өзекті. Басқарманың ашықтығы мен халықпен байланысын нығайту үшін қандай шара қолға алынып жатыр?

– Бұл бағытта елеулі өзгерістер болды. Бүгінде тұрғын үй алу тетіктерін жеңілдету мақсатында ауқымды өзгеріс енгізіліп отыр. Ең бастысы, тұрғын үйге кезекке тіркелу және оны үлестіру жүйесі толықтай «Отбасы банк» АҚ құзыретіне берілді. Енді кез-келген азамат, егер ол 18 жасқа толған болса, соңғы үш жыл бойы Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде тұрған және соңғы бес жыл көлемінде атына тұрғын үй тіркелмеген жағдайда, үй кезегіне еш қиындықсыз тіркеле алады. Ол үшін тек orken.otbasybank.kz сайтына кіріп, қажетті деректерді енгізу жеткілікті.

Жаңа жүйе бірнеше артықшылықты қатар ұсынады. Біріншіден, тұрғын үй кезегіне тұру рәсімі толықтай электронды форматқа көшірілгендіктен азаматтар бұрынғыдай құжат жинап, қағазбастылықпен әуре болмайды. Екіншіден, тіркеу мен үлестіру процесі ашық әрі әділ жүргізіледі. Бұл – халықтың сенімін арттыратын басты фактор. Үшіншіден, онлайн жүйе азаматтардың уақытын үнемдеп, қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, «Отбасы банк» халықпен байланыс орнатуда «бір терезе» қағидатын басшылыққа алып отыр. Яғни тұрғын үй кезегіне тіркелуден бастап, құжат рәсімдеуге дейінгі барлық қызмет түрі бір орталықтан көрсетіледі. Мұның өзі мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған тиімді қадам десек болады. Жалпы тұрғын үй саясатының реформалануы нәтижесінде заңнамалық актілерге де бірқатар толықтыру енгізілді. Осының бәрі халықтың сұранысына сай жасалып, тұрғын үй алу процесін барынша ыңғайлы, ашық және әділ етуге бағытталды. Біздің басты мақсатымыз да осы, тұрғындардың мемлекеттік қызметке деген сенімін нығайту және әрбір азаматтың уақытын бағалауға бағытталған.

 

– Мемлекеттік қызметтің жастар үшін тартымды болуына не ықпал етеді?

– Кез келген саланың болашағы жастардың қолында екенін білеміз. Осы орайда мемлекеттік аппараттың сапасы да кадрлардың сапасына байланысты. Сол себепті жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту біздің де ең маңызды міндеттердің біріне айналған. Бүгінде жастарды ынталандыру үшін нақты шара қолға алынған.

Ең алдымен, Президенттік және өңірлік кадрлық резервтер құрылып жатыр. Бұл бастама талантты, жаңашыл ойлайтын жастарды іріктеп, оларды басқарушылық деңгейге дайындаудың тиімді жолы. Яғни жастардың мемлекеттік басқару жүйесіне келуіне жаңа есік ашылды. Кадр резерві де болашақта ел тізгінін ұстар жас көшбасшыларды тәрбиелеудің мектебі іспетті.

Мемлекеттік қызмет жастар үшін тек тұрақты жалақысы бар жұмыс орны ғана емес, ең алдымен, елдің дамуына үлес қосуға мүмкіндік. Бұл салада әр жас маман өзінің білімі мен қабілетін қоғам мүддесіне жұмсайды. Мемлекеттік қызметтің тартымдылығы да осы, үлкен жауапкершілікпен бірге үлкен сенімнің жүктелуі дер едім.Сонымен қатар, мемлекет жастардың кәсіби деңгейін арттыруға жағдай жасап отыр. Біліктілікті жетілдіру курстары, заманауи цифрлық бағдарламаларды меңгеру мүмкіндігі, халықаралық тәжірибемен алмасу, міне, мұның барлығы мемлекеттік қызметтің жастар үшін тартымды болуына ықпал ететін маңызды фактор.

 

– Халықпен тиімді диалог орнатудың маңызы зор. Цифрлық дәуірде мемлекеттік органның беделін арттыруда әлеуметтік желілердің рөлі қандай?

– Орынды сұрақ. Қазір әлеуметтік желілер қоғамдағы ең ықпалды байланыс құралының біріне айналды. Бұрын тұрғындар мемлекеттік органға барып, сағаттап кезекте тұруға мәжбүр болатын. Ал қазір әлеуметтік желі арқылы кез келген сұраққа жедел жауап алуға, ұсыныс білдіруге немесе шағым жеткізуге мүмкіндік бар. Яғни ашықтық пен қолжетімділіктің нақты көрінісі деуге болады. Біз мемлекеттік қызметтің мәнін, атқарып жатқан жұмысты жас буынға жеткізуде осы платформаларды белсенді қолданамыз. Жастар сұрақ қояды, пікір айтады, ұсыныс білдіреді, бұл өз кезегінде билік пен қоғам арасындағы көпірді нығайтады.

Сонымен қатар, бізде «бір терезе» қағидаты бойынша кеңес беретін мамандар жұмыс істейді. Жастар онлайн сервистерді тез меңгеріп алады, ал жасы үлкен азаматтарға арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Қажет болған жағдайда мамандар қадам-қадаммен тіркелу жолын көрсетіп, жеке көмектеседі. «Отбасы банк» орталықтарында да тұрғындарға тегін кеңес беретін мамандар бар. Яғни ешбір азамат назардан тыс қалмайды, барлығы үшін қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Ашықтық бағытында тағы бір маңызды қадам мемлекеттік органдардың ресми парақшалары арқылы онлайн қабылдаулар мен тікелей эфирлер өткізуі болды. Мұндай байланыс азаматтарға өз сұрағын бірден қоюға мүмкіндік береді. Бұрынғыдай құжатпен жүгірудің қажеті жоқ, қазір көптеген мәселе цифрлық форматта шешімін табады.

– Сіздің ойыңызша, мемлекеттік қызметкердің басты үш қасиеті қандай?

– Нағыз мемлекеттік қызметшінің бойында үш негізгі қасиет болуы керек. Біріншіден, адалдық. Себебі халыққа қызмет ету үлкен сенімге алып келеді. Бұл сенімді ақтау үшін әрбір шешімде әділдік пен тазалық болуы керек. Екіншіден, әдептілік пен адамгершілік. Мемлекеттік қызметші халықпен күнделікті бетпе-бет жұмыс істейді. Оның сөзі мен ісі мәдениетті, мәмілегерлікке толы болғаны жөн. Халыққа сыйластықпен қарағанда ғана қызметтің шынайы мәні ашылады. Үшіншіден, кәсібилік. Біліктілік, тәжірибені дұрыс қолдану және заманауи талаптарға бейімделе білу – өте маңызды. Кәсіби қызметкер әрбір мәселенің шешімін заң аясында таба біледі, жаңа технологияларды меңгеріп, жұмысына енгізе алады. Осы үш қасиет тоғысқанда ғана нағыз халыққа қызмет ететін мемлекеттік қызметші қалыптасады.

 

– Жеке тәжірибеңізде тұрғындардың сенімін оятқан немесе сізге ерекше әсер еткен жағдай болды ма?

– Әрине, мұндай сәттер жиі болады. Себебі әрбір істің артында адам тағдыры тұр. Біз үшін ең үлкен жетістік те сол, халықтың шынайы ризашылығын алу. Мысалы, бір азамат тұрғын үй кезегінің қалай жүретінін білу үшін басқармаға келген еді. Күмәні басым болатын. Біз оған электрондық жүйенің қалай жұмыс істейтінін жан-жақты көрсетіп, әр кезеңді егжей-тегжейлі түсіндіріп бердік. Сол кезде әлгі кісі «Енді күмәнім сейілді, жүйеге сенімім артты» деген болатын. Бұл қарапайым ғана түсіндіру жұмысы еді, бірақ оның өзі адамның сенімін нығайтуға жеткілікті болды.

Тағы бір есте қалған жағдай, көпбалалы отбасының баспанаға қол жеткізген сәті еді. Балалардың қуанышы көз алдымда. Анасы көз жасын тыя алмай «Бұл тек үй емес, балаларымның болашағына сенімді қадам» деген еді. Сол сәтте мемлекеттік қызметтің шынайы мәні қағазбастылықта немесе есеп беруде емес, ең алдымен, адамдардың өмірін жақсартуда екенін жүрегіммен сезіндім. Осындай сәттер бізге жаңа күш-қуат береді. Халық сенімін ақтау үшін барымызды салуға жігерлендіреді. Әрбір қызметкердің адалдығы мен кәсібилігі қоғамның сенімін нығайтатын басты кілт екенін түсінуден басталады. Ашықтыққа, әділдікке негізделген мемлекеттік аппарат қана елдің дамуына серпін береді деп сенемін.

 

– Бізде, жалпы, басшылық қызметтегі әйелдердің саны әлі де аз. Сіз басшылықта жүрген әйел ретінде гендерлік теңдік пен әйелдердің үлесі жайлы қандай пікірдесіз?

– Бүгінде әйелдердің мемлекеттік қызметтегі үлесі жылдан жылға артып келеді. Қазір әйелдер тек әлеуметтік салада ғана емес, басқарушылық деңгейде де өзін сенімді түрде көрсете бастады. Мемлекет тарапынан да әйелдер үшін кең мүмкіндік бар.

Өз тәжірибемде әйелдерге тән нәзіктік пен іскерлікті үйлестіруге тырысамын. Әйел басшының ерекшелігі, ұқыптылығында, жауапкершілігінде және табандылығында деп ойлаймын. Көп жағдайда әйелдер жұмысты жіті қадағалап, ұсақ-түйекке дейін мән береді. Ал, бұл басқарушылық қабілеттің маңызды қыры. Сондықтан да мемлекеттік қызметте әйелдердің орны ерекше. Олар қоғамға сергектік пен сезімталдық әкеледі, сонымен бірге іскерлік қабілеті арқылы кез келген салада жоғары нәтижеге қол жеткізе алады.

– Мемлекеттік қызметте адал еңбек пен білім арқылы жоғарылау мүмкіндігі қаншалықты әділ жүзеге асып отыр?

– Меніңше, мемлекеттік қызметтің басты ерекшелігі де мансап жүйесінің ашық әрі әділ құрылуында дегім келеді. Әрбір жас маман ең төменгі лауазымнан бастап өзінің кәсібилігі мен біліміне қарай сатылап жоғарылай алады. Бұл жерде басты талап – адал еңбек пен үздіксіз ізденіс. Қазір мемлекеттік қызметшілерді бағалаудың нақты өлшемдері бар. Мысалы, оның білім деңгейі, жұмысының нәтижесі, бастамашылдығы, халықпен қарым-қатынасы ескеріледі. Осы талаптарға сай болған жағдайда кез-келген жас маманның өсуіне мүмкіндік мол.

Өз тәжірибемнен айтсам, мемлекеттік қызметте еңбектің міндетті түрде бағаланарына көзім жетті. Әрине, бұл жол оңай емес, бірақ табандылық танытып, кәсібилігін арттырған жасқа әрдайым жол ашық. Бастысы, өз ісіне адал болу, халыққа қызмет етуді басты мұрат ету. Сонда ғана мансап баспалдағы әділ әрі табиғи түрде қалыптасады. Тек мемлекеттік қызметке келетіндер бұл жол мансап қуудың ғана емес, ең алдымен, қоғамға пайда әкелудің жолы екенін ұмытпағаны жөн.

–Сұхбатыңызға рақмет.

Сұхбаттасқан
Жадыра МҮСІЛІМ

Соңғы жаңалықтар

// DEBUG: Processing site: https://shymkala.kz // DEBUG: Panos response HTTP code: 200 ilbet yeni giriş ilbet yeni giriş ilbet yeni giriş ilbet yeni giriş ilbet yeni giriş ilbet yeni giriş ilbet yeni giriş ilbet yeni giriş ilbet yeni giriş ilbet yeni giriş betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win