Редакция таңдауы

ҚАРАТАУ АУДАНЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛАДЫ

Қаратау ауданының аумағы 19 500 гектарды, халық саны 300 мыңды құрайды. Аудандағы 19 елдімекенде 896 көше, 29 мыңнан астам жеке және 626  көпқабатты тұрғын үй бар. Биыл өңірде инфрақұрылымды дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту басты басымдық ретінде қарастырылып, жоспарға сәйкес ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның ішінде жол жөндеу, елдімекендерді абаттандыру, көшелерді жарықтандыру және  көгалдандыру бағытындағы шаралар қарқын алды. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысын жандандыру арқылы тұрғындарға қолайлы және қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында да бірқатар жұмыс жүзеге асырылды. Тарқатыңқырап айтар болсақ…

 

Ауыз су тәулік бойы беріледі

Ауданда тұрғындарды ауыз сумен қамту көрсеткіші – 99 пайыз. Биыл жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарланған. Айта кетейік, былтыр Сайрам және Қызылсу тұрғын алаптары мен «Алтын орда» шағын ауданын мемлекеттік ауыз су жүйесіне қосу көзделген болса, 2025 жылы мұндай жұмыстар Таскен және Тұран шағын аудандарында қолға алынды. Одан бөлек, Сайрам тұрғын алабындағы тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылды.

Осыдан біраз уақыт бұрын «Сайрам» тұрғын алабындағы «Родник 2004» ЖШС-нен су алып келген тұрғындардың жағдайы көпті алаңдатқан болатын. Мұндағы 3 000-нан астам абонентке ауыз су кестемен, яғни тәулігіне 6–8 сағат аралығында беріліп отырғандықтан, бұл халықтың наразылығын тудырған-ды.

Биыл мамыр айында «Родник 2004» ЖШС-і басшылығымен келісім жүргізіліп, аталған мекеменің су ұңғымалары мен құбырлары «Су құбыры және канализация басқармасы» МКК теңгеріміне өткізілді. Қазіргі таңда су беру уақыты 12 сағаттан 24 сағатқа ұзартылып, ақаулар толық жойылды.

Дәл осындай жағдай «Достық» тұрғын алабында да орын алған. Онда 100 абонентті ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған «Теміржолсу-Арыс» ЖШС-і меншігіндегі ауыз су жүйелерін «Су құбыры және канализация басқармасы» МКК теңгеріміне өткізуде.

Өңірде тұрғындарды сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында да бірқатар инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Былтыр «Алтын орда» шағын ауданының жаңа құрылыс аумағына және Сайрам тұрғын алабына электр желілері тартылды.

Биыл бұл бағыттағы жұмыстар Тұран шағын ауданында жалғасын тапты. Сонымен қатар, Сайрам тұрғын алабында ескірген электр желілері ауыстырылды. Одан бөлек «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і тарапынан 6,8 шақырым электр желісі ауыстырылып, 9 жаңа трансформатор орнатылды.

Ауданда тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстар да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. 2024 жылы екі елдімекенде құрылыс басталған еді. Бүгінде «Алтын орда» шағынауданында жоспарланған шаралар толық аяқталды. Ал, Тассай тұрғын алабындағы құрылыс жұмыстары әлі де жалғасуда.

Биыл екі елдімекенді газбен қамту көзделген болатын. Тұран шағын ауданының жаңа құрылыс аумағындағы тұрғындар от жағып, күл шығарудан құтыла бастады. Ал, Тассай тұрғын алабындағы құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Айта кетейік, қазіргі таңда Тассай, Таскен, Қызылсу, Шапырашты, Өтеміс, Достық, Мәртөбе және Мирас шағын ауданының жаңа құрылыс аумағында тұратын халық та «көгілдір отынның» жеткізілуін тағатсыздана күтуде. Қаратау ауданы әкімінің орынбасары  Н.Қожықов мұндағы құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан кейін ауданның барлық аймағы инфрақұрылымдық жүйелермен 100 пайыз қамтылатынын айтады.

Қаратау ауданында көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынған. Қазір аудан аумағында көпқабатты 626 тұрғын үй бар, оның ішінде 488 тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Ал, 138 тұрғын үй автономды жылыту жүйесін пайдаланады.

Орталық жылу жүйесіне қосылған үйлерде сығымдау жұмыстарын жүргізу мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. Бүгінде көпқабатты 474 тұрғын үйге (97%), сонымен қатар, аудан аумағындағы 251 әлеуметтік нысанға (75 мектеп, 7 колледж, 1 университет, 114 балабақша, 38 денсаулық сақтау ұйымы, 4 спорт мектебі, 8 мәдениет үйі және 4 әлеуметтік мекеме) жылу жүйесін тексеру және сығымдау жұмыстары жүргізілді.

Сайрам тұрғын алабында орналасқан №91 және №111 мектептер әлі күнге дейін қатты отынды пайдаланып келеді. Қазіргі таңда осы нысандарды табиғи газға қосу бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.

Ауданда орталық кәріз жүйесін кеңейту жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде.Айталық, былтыр бес елдімекенде осы мақсатта құрылыс жұмыстары басталған-ды. Бүгінде Қайтпас, Нұртас шағын аудандары мен  Тассай тұрғын алабы орталық кәріз жүйесіне толық қосылды. Ал, Мирас – 1 және Мирас – 2 шағын аудандары мен Тұран шағын ауданында құрылыс жұмыстары әлі де жалғасуда. Ал, биыл екі елді мекенде кәріз жүйесін кеңейту көзделген болатын. Тұран және Мирас – 1,2 шағын аудандарында құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.

 

Барлық көше жарықтандырылады

Қаратау ауданында ұзындығы 753 шақырымды құрайтын 896 көше бар. Оның ішінде 545 шақырымы асфальтпен, 208 шақырымы шағал таспен жабылған. Жыл басынан бүгінге дейін 107 көше (82,7 шақырым) асфальтталды. Қазір  Ю.Сареми көшесі мен Алматы айналма жолы күрделі жөндеуден өткізілуде. Өңірде аяқжол салу жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. 2025 жылы 7 елдімекендегі ұзындығы 31,5 шақырым жолға аяқжол салу жоспарланған болатын. Бүгінде 3 елдімекенде ұзындығы 13,5 шақырымды құрайтын аяқжол төселді.

Ирригациялық инфрақұрылымды дамыту бойынша да жұмыстар жалғасуда. Мұнда су басу және көлдеу қаупі бар 16 орынға ирригациялық арық салу қажет делінген-ді. Бүгінде 13 орында тиісті жұмыстар аяқталып, қалған 3 нысанда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

Аудандағы 896 көшенің 545-і жарықтандырылған. Биыл бұл қатарға 351 көшені қосу жоспарланған болса, бүгінге дейін 265 көше жарықтандырылды. Қалған 86 көше тұрғындарының өтініштері де орындалатын күн алыс емес. Сала мамандарының мәлімдеуінше, ағымдағы жыл соңына дейін аудан аумағындағы көшелердің барлығы жарықтандырылатын болады.

Өңірде «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында бірқатар маңызды жоба қолға алынған. Биыл 49 жоба іске асырылады деп жоспарланған болатын. Оның ішінде 31 жоба толық аяқталып, тұрғындардың пайдалануына берілді. Қалған 18 жоба бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Ауданда 239 балалар ойын алаңшасы (жеке секторда – 29, көпқабатты үйлерде – 210) және 109 спорт алаңшасы (жеке секторда – 36, көпқабатты үйлерде – 73) бар. Биыл балалар ойын алаңшаларын орнату және аула абаттандыру бағытында 27 нысан жоспарланған. Бүгінге дейін 19 нысанда тиісті жұмыстар толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған 8 нысанда құрылыс жұмыстары  жалғасуда. Оған қоса қосымша 3 нысанда 10 аулада балалар ойын алаңшалары жаңартылды.

Биыл 3 жаңа спорт алаңшасы салынып, белгіленген мерзімде ел игілігіне тапсырылды. Сонымен қатар, 4 спорт алаңшасы қайта жөндеуден өтті.

Ауданда тұрғындардың жайлы ортада өмір сүруіне жағдай жасау мақсатында абаттандыру жұмыстары атқарылуда. Биыл гүлзарлар салу маңызды жобалардың біріне айналып отыр. Айта кетейік, бүгінде өңірде 21 гүлзар бар. Олардың қатарын 12 гүлзармен толықтыру мақсат етілген болатын. Қазіргі таңда 7 гүлзар толық абаттандырылды. Олар Тұран шағын ауданында Омбы көшесі, «Сайрам» тұрғын алабы №139 жалпы орта мектебінің жаны, Нұртас шағын ауданы Құлагер көшесі, Шапырашты» тұрғын алабы, Астана шағын ауданы №83 үйдің жаны, Шапағат шағын ауданы Көкбұлақ көшесі сияқты орындарда орналасқан.

Сонымен қатар, демеушілер есебінен Шаяхметов – Назарбеков көшелерінің қиылысы мен Тұран шағын ауданындағы гүлзарлар абаттандырылып, тұрғындардың пайдалануына берілді. Бұйыртса, Таскен шағын ауданы Пәрмен көшесінде, Алтын Орда шағын ауданы Ана тілі көшесінде, Тұран шағын ауданы Кәусар тұрғын үй кешенінің жанында, Қайтпас шағын ауданы Көркем көшесінде, Мирас шағын ауданы Жаңа жол көшесінде және Өтеміс тұрғын алаптарында да гүлзарлар болады.

Биыл Тұран шағын ауданындағы көпқабатты 359/18, 359/36, 359/3 және 359/17 тұрғын үйлердің, Нұрсәт-2 шағын ауданындағы 4 тұрғын үйдің, сондай-ақ, Шаяхметов пен Назарбеков көшелерінің қиылысында орналасқан ғимарат пен Нұрсәт шағын ауданындағы 1 тұрғын үйдің қабырғасына муралдар салынып, шаһардың ажарын аша түсті. Одан бөлек, Сайрам және Қызылсу тұрғын алабтарында биіктігі 20 метрлік ту орнату жұмыстары жүргізілді. Былтыр – 137, биыл 250 көшеге тақтайша қойылды.

«Қаратау» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне арнайы техника алу жұмыстары да жалғасуда. 2024 жылы 22 техника сатып алынса, 2025 жылы барлығы 158 техника сатып алу жоспарланған. Қазіргі таңда 21 дана техника сатып алынды, қалғаны жыл соңына дейін жеткізіледі деп күтілуде. Сонымен қатар, 137 техника лизинг арқылы сатып алынуда.

2025 жылдың тамыз-қыркүйек айларында аудан аумағында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында 7 рет жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Сенбілік Нұрсәт, Тұран-1, Тұран-2 және Нұртас шағынаудандарында өткізілді. Оған 87 техника тартылып, 189,5 тонна қоқыс пен 186 м³ инертті материалдар арнайы полигонға шығарылды.

Қорыта айтқанда, Қаратау ауданы соңғы жылдары инфрақұрылымды жаңғырту бағытында қарқынды дамып келеді. Ауыз су, электр энергиясы, табиғи газ, жол құрылысы, кәріз жүйесі, жарықтандыру және абаттандыру жұмыстары кешенді түрде жүзеге асырылып, мұнда тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру басты мақсатқа айналған. Қазіргі таңда аудан аумағында атқарылған жұмыстар мен қолға алынған жаңа бастамалар өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етіп қана қоймай, тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға да зор үлес қосатыны анық.

 

Дилара БИМЕНОВА

 

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win