Еңбек етіп, қартайған шақта жан тыныштығын ойлау өмір заңдылығы екені белгілі. Биыл қарттар күні қарсаңында қала әкімінің құттықтауын алып, қалалық ардагерлер кеңесінің ұсынысымен берілген жолдамамен «Ізетті зейнеткер» шипажайында демалып, ем алудың сәті түсті. Қала әкімшілігінің қарттарға қолдауы, халық үшін еткен еңбегі жайлы көпшілік хабардар болсын деген ниетпен қолға қалам алдым.

Мекеме басшысының мәліметтеріне қарағанда, ерекше жобамен салынған көп қабатты ғимарат Бозарық елді мекенінен 5-6 шақырым жерде, бағытты (маршрутты)қоғамдық көлік жүретін, ауасы таза, биіктеу жерде орналасқан. Өз көліктерімен келгендер үшін тәулік бойы істейтін автотұрақ қарастырылған. Қабылдау күні келушілерді тіркеуде қолайлы жағдай жасалған. Бірінші қабатта асхана, ерекше жағдайдағы қарттар үшін жатын бөлмелер орналастырылған. Ем алушылардың қан қысымы күнделікті өлшеніп, тіркеледі. Жоғары қабаттарда ем алушыларға жатын орындар дайындалған. Спорт залында дене шынықтырумен айналысатындарға, оңалту шараларына арналған тренажердің түр-түрі орналастырылған. Ал, ғимараттың жертөлесінде ем-шара бөлмелері бар.
Қариялардың ем алуын басшы орынбасары, өте кішіпейіл Нұрсұлтан есімді білікті маман ұйымдастырып отырды. Ем алу бөлмелері заманауи аппараттармен жабдықталған.
«Аурудың емі – саудың сәлемі» демекші, күнделікті ұйымдастырылатын мәдени іс-шаралар (би, ән кештері) қариялардың көңілін сергітіп, емнің шипалы болуына да әсер етті.
Әлімқұл БАЙБӨЛЕКҰЛЫ,
Еңбек ардагері, профессор
