
Бүгінде тұрғындардың басым бөлігі несиемен өмір сүруге бейімделіп, қысқа мерзімді материалдық қажеттілікті ұзақ мерзімді қаржылық тәуелділікке қолдан айырбастап отыр. Бір қарағанда, бұл заманауи өмірдің табиғи көрінісі секілді болып кеткелі қашан. Алайда, тереңірек үңілсек, несиеге тәуелділіктің артында экономикалық сауаттылықтың жеткіліксіздігі, жоспарлы ойлаудың әлсіздігі және қаржылық жауапкершіліктің төмендігі жатыр. Өйткені, соңғы үлгідегі техника үшін қарызға белшеден батып, тойға деп кредиттің қамытын киетіндердің қатары әлі көп.
Қарап отырсақ, осы бір «уақытша көмек» саналатын несие жүйесі ел ішінде кең тараған әлеуметтік дертке ұласты. Мұның бәрі түптеп келгенде жеке отбасының ғана емес, тұтас қоғамның әлеуметтік тұрақтылығына әсер ететін фактор. Айталық, банкрот болған банк пен борышкерлердің қарызы халықтың ортақ табысымен жабылуға тиіс болады.
Биыл маусымдағы ресми дерекке сәйкес, Қазақстандағы тұтынушылық несиелердің жалпы көлемі 8,2 триллион теңгеден асты. Бұл соңғы бес жылда екі есеге жуық өскен көрсеткіш. Ұлттық Банктің мәліметінше, жеке тұлғалардың несие портфелі жылына орта есеппен 18-20 пайызға ұлғайып келеді. Алайда, бұл өсім экономиканың дамуының белгісі емес. Халық күнделікті тұрмыстық тапшылығын несие арқылы жабуға мәжбүр болып отыр. Қазір мерзімі 90 күннен асқан төленбеген кредиттердің үлесі 3,4 пайызды құрап, шамамен 1,3 триллион теңгеге жеткен. Соның ішінде жеке тұлғалардың мерзімі өткен несиелері 943 миллиард теңгеге бағаланған.
Осы сандардың артында айлық табысының жартысын банкке аударып, қарызын өтеп жүріп, отбасындағы тұрақтылықтан айырылған адамдар тұр. Экономисттер мұндай жағдайды «қаржылық қысым синдромы» деп атайды. Зерттеулер көрсеткендей, қаржылық қысым тек экономикаға ғана емес, психологиялық және әлеуметтік салаға да әсер етеді. Атап айтқанда, отбасылық жанжал мен тұрмыстық зорлықтың бір бөлігі дәл осы қаржылық қиындықтан бастау алады.
Мәселенің түпкі себебі, қаржылық сауаттың төмендігінде жатқаны айтпаса да түсінікті. Былтыр жүргізілген зерттеулер елдегі қаржылық сауат индексін 40,5 пайыз деп көрсеткен. Яғни, әрбір екінші адам өзінің қарызын, пайыздық мөлшерлемесін немесе артық төлем сомасын дұрыс есептей алмайды. Көпшілік «қазір алып, кейін төлеймін» қағидасымен өмір сүреді.
Микрокредит ұйымдарының көбеюі бұл үрдісті одан әрі күшейтті. Биыл микрокредит портфелі 2,4 триллион теңгеге жеткен. Мұндай ұйымдар кепілсіз әрі тез несие береді, алайда құны өте жоғары. Орташа жылдық тиімді мөлшерлемесі 37 пайызға жетеді, кейде 50 пайыздан асады. Сол себепті, адамдар аз ғана соманы өтей алмай, қарызға белшеден батып, бірнеше есе артық төлеп шығуға мәжбүр. Дәл осындай «қарыз тұзағына» түсіп, бірнеше микрокредитті қатар төлейтіндердің саны жылдан жылға өсіп жатыр.
Қаржы нарығын реттеу агенттігінің 1 қарашадан бастап ипотеканың жылдық тиімді мөлшерлемесін 25%-дан 20%-ға дейін шектеу шешімі тұтынушылық несиенің қымбаттауына әкелуі мүмкін. Экономист Алмас Чукин бұл өзгерісті «сейсмикалық сілкініс» деп сипаттайды, себебі тек ипотека емес, барлық несие түрлері қымбаттауы ықтимал. Бұл жағдайда банк жүйесін қайта құрылымдау ісі қолға алынды. Ірі банк банкротқа ұшыраса, мемлекет оны құтқарғанымен, шығынды басқа банктер жабуы мүмкін. Алайда, заңгерлер бұл тетік түптің түбінде қарапайым халыққа салмақ салуы мүмкін деп ескертеді. Яғни, банктер шығынын жабу үшін комиссия мен тарифтерді арттыруы мүмкін.
Биылғы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті банкроттық институтын енгізгеннен кейінгі қорытындысы да осыны растайды. 2023-2025 жылдары бұл рәсімді пайдаланғандардың саны айтарлықтай өсті. Мысалы, 28,4 мың азамат мемлекеттік кірістер органдары арқылы, ал 196 азамат сот шешімімен банкрот деп танылды. Банкроттардың жалпы қарызы 147,1 миллиард теңгені құрады. Өтем қабілетін қалпына келтіру рәсімін пайдаланған 103 азаматтың 8-нің қарызды өтеу жоспары бекітілген, олардың жалпы қарызы 9,5 миллиард теңге. Былтыр банкроттыққа өтініш бергендер саны 83 057 болса, биыл алғашқы бес айда 77 106 адамнан өтініш түскен. Демек, екі жыл ішінде 160 мыңнан астам азамат банкроттыққа өтініш білдірген.
Экономисттердің пікірінше, көптеген отбасы ай сайынғы несие төлеміне табысының 40-50 пайызын жұмсайды. Кейде тұрғындар табысының 70 пайызын тек азық-түлікке жетпей қалатынын айтады. Халықаралық тәжірибеде бұл қауіпті шекке жатады. Былай айтқанда, несие қаржылық құралдан гөрі, амалдау тәсіліне айналады.
Соңғы жылдары мемлекет қаржылық мәдениетті қалыптастыруға басымдық беріп келеді. «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 2023 жылы 780 мың адам қаржылық сауатын арттырған. Алайда, сарапшылар мұндай бір реттік тренингтердің жеткіліксіз екенін ескертеді. Бұл білім емес, өмірлік дағдыға айналуға тиіс мәдениет. Сонымен қатар, қаржы мамандары өркениетті елдер тәжірибесінен үйренетін маңызды аспектілерге назар аударады. Мәселен, қаржыны қажетсіз іске жұмсамай, қаржылық тұрақтылықты сақтаудың бір жолы – өмірді сақтандыру. Өкінішке қарай, бізде сақтандыру көбіне техникалық заттармен байланыстырылады, ал шын мәнінде, бұл адамның өзіне және отбасы мүшелеріне деген жауапкершілігі ретінде қарастырылуы керек. Мұндай жүйе күтпеген жағдайларда отбасының қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ұзақ мерзімді жоспарлауға мүмкіндік береді.
Сақтандыру секторындағы серпін
Былтыр елдегі сақтандыру секторының активтері 25 пайызға өсіп, 3,1 триллион теңгеге жетті. Соның 55 пайызы өмірді сақтандыру үлесіне тиесілі болған. Былтыр өмірді сақтандыру нарығы 334 миллиард теңгеге бағаланып, биыл жыл басында жалпы жинақталған сыйлықақылар көлемі 1,1 триллион теңгеден асқан. Сарапшылардың айтуынша, халық енді сақтандыруды тек «сақтық үшін» емес, инвестиция және жинақ құралы ретінде қабылдай бастады. Мысалы, осындай бағдарламалар арқылы азаматтар жылына 8 пайызға дейін табыс алып, білім мен зейнетақы үшін жинақ жасай алады әрі табыс салығынан босатылады.
Сақтандыруға сұраныстың өсуі тек қаржылық қызметтердің жаңа мүмкіндіктерімен емес, азаматтардың өз болашағына жауапкершілігінің артуымен де байланысты. Өндіріс саласында жарақат алу және жазатайым оқиғалардың жиілеуі, еңбек қауіпсіздігіне қатысты мәселелер сақтандыру жүйесінің маңызын арттырды. Мәселен, былтыр өндіріс орындарында 2471 адам жарақат алса, биыл жылдың алғашқы айларында 40 адам қаза тапқан. Қазір елімізде медициналық әлеуметтік сақтандыру мен автокөлік құралдарын сақтандыру міндетті, ал әр азамат өз еркімен жеке басын, өмірін немесе мүлкін сақтандыруға құқылы. Биыл бірінші жартыжылдықта 13 миллион сақтандыру шарты жасалып, бұл былтырмен салыстырғанда 24,5 пайызға көбейген. Сарапшылар мұны халықтың қаржылық сауатының артуымен, сақтандыру қызметтерінің қолжетімділігімен және банктер мен сақтандыру ұйымдарының серіктестігімен байланыстырады.
«Мемлекеттік аннуитеттік компания» өкілдері соңғы жылдары халықтың өмірді ерікті сақтандыруға және ұзақмерзімді қаржы өнімдеріне қызығушылығы артқанын айтады. Өмірді ерікті сақтандыру 39,1 пайызға, зейнетақы аннуитеттері 27,3 пайызға, жазатайым оқиғалардан сақтандыру 14,6 пайызға өскен. Сондай-ақ, доллармен ресімделетін жинақтаушы өмірді сақтандыруға сұраныс жоғары, мұндай өнімдерде табыс жылына 6,5 пайызға жетеді. Бұл азаматтардың тұрақты әрі қауіпсіз қаржылық құралдарға бет бұра бастағанын көрсеткен.
Swiss Re халықаралық ұйымының деректеріне сүйенсек, Қазақстан өмірді сақтандыру сегментінде жаһандық орташа көрсеткіштен 5 пайыз алда тұр. Дегенмен, сақтандырудың жалпы ішкі өнімге үлесі әлі де аз. Нақты айтар болсақ, 0,7 пайыз, демек өсу әлеуеті жоғары. Сақтандыру нарығының кеңеюі қаржы жүйесіне оң әсерін тигізеді. Жинақталған қаражат мемлекеттік және жоғары рейтингті корпоративтік облигацияларға салынып, қарыз нарығын тұрақтандыруға, экономикалық құбылмалылықты азайтуға үлес қосады. Қазір сақтандыру компанияларының активтерінің 70 пайыздан астамы дәл осы бағытта жұмыс істейді, сонымен бірге банкаралық депозиттер мен облигацияларға сұранысты арттырады.
Сақтандыру жеке адамдардың табысын жинақтаумен ғана шектелмейді, мемлекетке түсетін әлеуметтік жүктемені де жеңілдетеді. Азаматтар өз қауіпсіздігін алдын ала қамтамасыз етіп, әлеуметтік қорғау мен зейнетақы қорларына түсетін қысымды азайтады. Банктер мен сақтандыру ұйымдары арасындағы қатынас қазір бәсекелестік емес, серіктестік сипатқа ие. Қарапайым тілмен түсіндірсек, банктер клиенттерге сақтандыру өнімдерін ұсынып, компаниялармен тығыз жұмыс істейді.
Әрине, тәуекелдер де жоқ емес. Нарықтағы тұрақсыздық немесе қаржы-өнеркәсіптік топтардың ықпалы кейде шығынға әкелуі мүмкін. Дегенмен отандық сақтандыру ұйымдары көбіне консервативті инвестициялық саясат ұстанады. Активтердің 60-70 пайызы мемлекеттік және квазимемлекеттік облигацияларға, 20-25 пайызы жоғары рейтингті банктердің депозиттеріне, қалғаны акциялар мен жылжымайтын мүлікке бағытталады. Биыл қабылданған жаңа заңға сәйкес, жинақтаушы сақтандыру өнімдері сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры арқылы қорғалады. Бұл тұтынушылар үшін қосымша қауіпсіздік тетігі болмақ.
Ұлттық банк дерегінше, былтыр сақтандыру сыйлықақыларының жалпы көлемі 41 пайызға, ал өмірді сақтандыру сегментінде 91 пайызға артты. Биыл өмірді сақтандыруға жұмсалған қаражат 199 миллиард теңгеге жетіп, бір жылда 125 пайызға көбейген. Дегенмен халықтың кейбірі әлі де сақтандыруды «артық шығын» деп қабылдайды. Бұрынғы сенімсіздік пен инфляция кезінде жоғалған қорлардан қалған үрей әсер етсе де қазіргі жүйе мүлде басқа. Мемлекет тарапынан қатаң бақылау бар, ал сақтандыру ұйымдары жоғары капитал талаптарына сай жұмыс істейді. Былтыр сектор активтерінің 67 пайызы алты ірі компанияға тиесілі болса, ал сақтандыру төлемдерінің көлемі 43,7 пайызға өсіп, 274 миллиард теңгеге жеткен. Жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттарының саны 2,15 миллионға дейін ұлғайған.
Бұл дегеніміз, мемлекет сақтандыру мәдениетін дамыта отырып, әлеуметтік жауапкершілікті арттыруды көздейді. Сақтандыру жүйесі тиімді болған сайын бюджетке түсетін әлеуметтік қысым азаяды. Сонымен қатар, халықтың ұзақ мерзімді жинақтары қалыптасып, экономиканың тұрақтылығына үлес қосады.
Әрине, азаматтардың сақтандыру компанияларына сенімсіздік танытуы да заңдылық. Әйтенмен, әлгінде айтқандай, қаржылық тұрақтылық пен әлеуметтік жауапкершілікті қатар ұстанған компаниялар аз емес. Солардың ішінде халық сенімін шынайы иеленгендері санаулы. Солардың бірі ретінде еліміздің сақтандыру нарығында жетекші орынға ие «Халык-Life» акционерлік қоғамын ерекше атап өтуге болады. Жиырма жыл бұрын құрылған «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамының еншілес ұйымы ретінде құрылған компания осы жылдар ішінде Қазақстандағы ең сенімді әрі тұрақты қаржы институттарының біріне айналып үлгерді. Бүгінде компанияның 1,4 миллионнан астам клиенті бар, 20 филиал мен 7 құрылымдық бөлімшеден тұратын ірі желіге ие ұлттық сақтандыру бренді болып отыр.
Компанияның табысты дамуы мен тұрақтылығы халықаралық деңгейде де мойындалған. Мәселен, S&P Global Ratings агенттігі компанияға ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылықтың BBB- деңгейіндегі рейтингін берсе, AM Best агенттігі компанияны барлық қазақстандық өмірді сақтандыру ұйымдары арасындағы ең жоғары bbb деңгейіндегі несие рейтингімен бағалапты. Мұндай жоғары баға компанияның қаржылық жүйесінің тұрақтылығын, клиенттер алдындағы міндеттемелерін уақтылы әрі толық орындауға қабілетті екенін дәлелдейді.
Биылғы мәлімет бойынша компания өмірді сақтандыру нарығында алғашқы үштікке кірді. Нарықтағы үлесі сақтандыру сыйақыларында 311,2 миллиард теңге, ал сақтандыру төлемдерінде 37,7 миллиард теңгені құрайды. Мұндай көрсеткіштер тек сандық жетістік қана емес, компанияның беделі мен халық сенімінің нақты көрінісі десек болады.
Компанияның басты бағыттарының бірі – өмірді жинақтаушы сақтандыру бағдарламалары. Бұл сақтандыру түрі адамның өмірі мен денсаулығын қорғаумен қатар, оның болашағына қаржылық тұрақтылық пен жинақ қалыптастыруға мүмкіндік береді. Полис екі бөліктен тұрады. Бірі сақтандыру тәуекелдерінен қорғауға арналса, екіншісі инвестициялық бөлік. Компания клиент төлеген жарнаны тиімді инвестициялап, алынған кірістің бір бөлігін сақтандыру полисіне аударып отырады. Осылайша, клиент тек сақтандыру қорғанысын ғана емес, ұзақ мерзімді табысты да иеленеді.
Ал өмірді жинақтаушы сақтандырудың ең үлкен артықшылығы сол, күтпеген жағдайда қаржылай қолдау көрсетуге негізделген. Адам өмірінде түрлі жағдайлар болады. Мысалы, жазатайым оқиға, ауруханаға түсу, еңбекке жарамсыздық сияқты кезеңдерде сақтандыру полисі қаржылық көмек көзіне айналады. Сонымен қатар, бұл бағдарлама әр отбасы мүшесіне жеке полис ресімдеп, олардың қауіпсіз болашағын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Компания ұсынған өнімдердің ішінде «Халык-Қазына» және BILIM-Life бағдарламалары ерекше сұранысқа ие болып келе жатыр. Айталық, «Халык-Қазына» өмірді сақтандыру бағдарламасы сақтанушының сақтандыру мерзімі соңына дейін өмір сүруі немесе қайтыс болу жағдайында төлем жасауды көздейді. BILIM-Life болса ата-аналар үшін ең өзекті әрі маңызды бағыттардың бірі, өйткені бұл баланың болашағын, білімін қамтамасыз етуге арналған.
Бұл бағдарлама баланың жоғары немесе кәсіби білім алуына арналған қаражатты алдын ала жинауға мүмкіндік беретін ерікті жинақтаушы. Осы арқылы ата-аналар ай сайын теңгемен немесе АҚШ долларымен жарна төлей отырып, жинақтарын қалыптастырады және жылына мемлекеттен 5% немесе 7% көлемінде сыйақы алады. Сонымен қатар, компанияның өзі клиенттің жинағына 8%-ға дейінгі кепілдендірілген табыс қосады. Осылайша, ата-ананың әр салған теңгесі екі есе тиімді жұмыс істейді деген сөз. Бір жағынан мемлекеттік ынталандыру, екінші жағынан инвестициялық өсім. Бағдарлама «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесіне және «Ұлттық қор – балаларға» жобасына қатысады. Бұл жүйенің арқасында бала 18 жасқа толғанда оның есебіне Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы қосылып, жиналған қаражатты қалаған жоғары оқу орнында оқу ақысына жұмсауға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, 5 жастан асқан балаларға 60 немесе 120 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бастапқы білім беру капиталы беріледі.
Көрдіңіз бе, демек бұл тек жинақ құралы емес, сонымен қатар ата-ананың өмірі мен денсаулығын сақтандырудың сенімді жүйесі. Егер сақтандыру жағдайы болса, мысалы, ата-ананың қайтыс болуы немесе мүгедектікке ұшырауы компания баланың болашақтағы оқуына қажетті қаражатты толық қамтамасыз етеді.Бұл ғана емес, компания өз клиенттеріне салықтық жеңілдіктер де ұсынады. Сақтандыру жарналарының сомасы жеке табыс салығын есептеу кезінде түзетіліп, табыс салығын азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, клиенттердің барлық жинақтары Қазақстанның сақтандыру төлемдерін кепілдендіру қорының қорғауында болып отыр. Бұл жүйе азаматтардың қаржысын үшінші тұлғалардың талабынан қорғап, толық қауіпсіздік кепілдігін береді.
Яғни компания тек қаржылық табыстарымен ғана емес, халықаралық стандарттарға сай қызметімен де ерекшеленеді. Компанияның сапа менеджменті жүйесі ISO 9001, ISO 45001 және ISO 14001 стандарттарына сай сертификатталған. Демек, қызмет сапасы, еңбек қауіпсіздігі және экологиялық жауапкершілік тұрғысынан халықаралық талаптарға сай келетінін көрсетеді. Компанияның тәуекелдері әлемдегі ең ірі қайта сақтандыру ұйымдарының бірі General Re компаниясы арқылы қайта сақтандырылған. Ал бұл ұйым өмірді қайта сақтандыру саласында әлемдік жетекшілердің бірі. Мұндай әріптестік «Халык-Life» клиенттерінің мүддесін халықаралық деңгейде қорғауға жағдай жасайды. Forbes Kazakhstan журналының 2023 жылғы дерегінше, компания өмірді сақтандыру нарығындағы көшбасшы ретінде танылған. 19 жылдық тәжірибесі, 27 қалада орналасқан кең ауқымды өкілдіктер желісі және 2500-ден астам кәсіби сақтандыру агенті бар ұйым бүгінде 881 мыңнан астам белсенді сақтандыру келісімшартын жүргізіп отыр. Мұның бәрі компанияға деген халық сенімінің айқын көрсеткіші.
Инвестициялық тұрғыдан алғанда, компания клиент қаражатын сенімді бағыттарға орналастырып, орта есеппен 3-4 пайыз көлемінде тұрақты табыс әкеледі. Ал сақтандыру бағдарламаларында 11,6 пайыз мөлшерлеме деңгейінде несие алу мүмкіндігі де қарастырылған. Мұндай икемді қаржылық тетіктер компания өнімдерін нарықтағы ең тартымды сақтандыру құралдарының біріне айналдырып келеді.
Есептеуді білгеннің есебі түгел
Макроталдаушы Аягөз Хаметованың пікірінше, елдегі қымбатшылық пен қарызға батқандардың өсуіне халықтың қаржылық сауатының төмендігі себеп болып отыр. Мысалы, Америкада сәбіз қымбаттаса, бұл біздің нарыққа да әсер етеді екен. Қымбаттаған өнімдер бізге арзан болып келмейді. Сондықтан еліміздегі жағдайлар инфляцияға тікелей әсер етеді. «Экономика ғылымында «инфляциялық спираль» деген теория бар. Азаматтар инфляция жоғары болады деп күтсе, бұл бағаның өсуіне әдейі ықпал етеді. Мысалы, «келесі айда қант тағы қымбаттайды» деп ойлап, халықтың өзі ажиотаж жасайды. Базарлар мен супермаркеттерде қантқа сұраныс күрт артады, сонда баға да өсіп отырады», дейді маман.
Аягөз Хаметова Ұлттық банк инфляцияны болжап отырады, бірақ бұл зерттеу тапсырыс бойынша жүргізіледі деп ескертеді. Егер елде инфляция қарқыны жоғары болса, Ұлттық банк ақшаның құнын қымбаттатады. Соның нәтижесінде кредит пайыздары да өседі. Бұрын 15%-пен несие алғандар енді 18%-бен алуына тура келеді. Көбіне дағдарыс кезінде адамдар кредитті көп алуға ұмтылады. Сол себепті қазір «аңқау елге арамза молдалар» да көбейген. Кейбір азаматтар банктен ресми түрде өтпей, өзін банкпен байланысы бардай көрсететін делдалдарға жүгінеді. Шын мәнінде банктердің несие ресімдеу жүйесі толық цифрландырылған, әркім смартфон арқылы өтінім беріп, шешім ала алады. Демек, делдалдарға жүгіну – тек ақша жоғалту және жеке деректерді қауіпті адамдарға беру деген сөз.
Сонымен бірге, соңғы жылдары халық табысының бір бөлігін инвестицияға бағыттай бастауы жағымды үрдіс болып отыр. Freedom Broker компаниясының есептеуіне сүйенсек, ай сайын 500 мың теңге табыстың 10 пайызын инвестицияға салса, бір жылда қаржы шамамен 33,5 пайызға өскен болар еді. Әрине, нарық құбылмалы, кепілдік жоқ, бірақ бұл инвестиция мүмкіндігін көрсетеді. Мамандар әр инвесторға компанияны мұқият зерттеп, тәуекелді дұрыс бағалауды ұсынады. Бір компанияға ғана сеніп қалмай, капиталды әртараптандыру табысты инвестордың негізгі құралы болмақ. «Қаржы мәдениеті бар адам үшін инвестицияны бастау үшін үлкен сома қажет емес. Тіпті 50 мың теңгеден бастап алғашқы қадам жасауға болады», деп кеңес береді қаржыгерлер.
Криптовалютаға қызығушылық та соңғы жылдары артты. Дегенмен мамандар мұны ең жоғары тәуекел аймағы деп санайды. Алаяқтық, жалған жобалар, deepfake технологиялары арқылы азаматтарды алдау жағдайлары жиілеп кетті. Сондықтан мұндай инвестицияларда сақтық пен ақпараттың сенімділігі бірінші орында болуға тиіс. Акцияны сатып алу, ұстау немесе сату сәтін таңдау секілді күрделі шешімдер де әр инвесторға тәуекел деңгейін, мақсаттарын және нарықтық білімін ескеруді талап етеді.
Әлеуметтанушы Айдын Лұқпан халықтың несие алу көрсеткішінің өсуін көпфакторлы құбылыс деп санайды. Бұл тек экономикалық факторлармен емес, әлеуметтік және мәдени-психологиялық себептермен де тығыз байланысты. Негізгі себебі, халықтың өмір сүру деңгейінің төмендеуі. Соңғы жылдары азық-түлік, коммуналдық қызметтер, тұрғын үй мен көлік шығындары күрт өсті. Көпшілік күнделікті қажеттіліктерін өтеу үшін несие алуға мәжбүр. Бұл құбылыс бір жылдың ішінде пайда болған жоқ, ұзақ жылдар бойы қалыптасқан үрдіс. 2021 жылдан бастап негізгі тұтыну тауарлары мен азық-түлік бағасы айтарлықтай өсті. Үкіметтің қабылдаған шаралары халыққа нақты сезілмеді, ал пандемия, девальвация мен инфляция халықтың әлеуметтік жағдайына теріс әсер етті.
Зерттеулерге сүйенсек, Қазақстанда орта таптың үлесі шамамен 30-35 пайызды құрайды, ал Батыс елдерінде бұл көрсеткіш 70 пайыз шамасында. Орта тап несиесіз өмір сүру мүмкіндігіне ие, ал бізде бұл топ әлсіз, «прото-орта тап» деңгейінде орналасқан. Қазақ қоғамында «жұрттан қалмау», «басқалар сияқты болу» ұстанымы терең тамыр жайған. Тойды дүрілдетіп өткізу, үйге жөндеу жасау, көлік алу немесе қымбат техника сатып алу көбіне несие арқылы жүзеге асады. Тіпті, жастар кредит алған жағдайда ата-анасы көмектеседі. «Шүкір, бас аман болсын, бір жолын табармыз» деген түсінік кең тараған. Мұның барлығы қоғамда несиені қалыпты өмірдің бір бөлігі ретінде қабылдауға әсер етеді.
Бүгінде банктер мен микроқаржы ұйымдары несие алу процесін жеңілдеткен. Жарнамалар арқылы клиенттерді үгіттейді, бірақ көпшілік несие шарттарын, қосымша төлемдер мен комиссияларды толық түсінбейді. Сол себепті, әлеуметтанушы құндылықтар иерархиясын қалыптастыруды ұсынады. Яғни әр адам өзінің бірінші, екінші, үшінші приоритеттерін анықтауға тиіс. Бұл орайда мемлекеттің рөлі де маңызды. Жалақыны арттыру, ең төменгі еңбекақыны көтеру, бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысын индексациялау арқылы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту қажет. Кейбір өңірлерде орташа жалақы статистикалық көрсеткішке сай келмейді, сондықтан орташа жалақыны есептеу әдістемесін қайта қарау және нақты стандарттарды қалыптастыру маңызды.
Демек қаржылық еркіндік адамның өз табысын дұрыс басқаруынан басталады. Көпшілік табысы аз болғандықтан емес, қаржысын жоспарламайтындықтан қарызға кіреді. Қаржы мамандарының «ақшаға тәуелді емес, ақшаны өзіне қызмет еткізе алатын адам ғана еркін өмір сүре алады» деуі сондықтан.
Жадыра МҮСІЛІМ
