Шаһардағы 5 ауданның аумағында кезекті рет «Түнгі рейд» жедел профилактикалық іс-шарасы өтті. «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырған «Қауіпсіз қала»тақырыбындағы іс-шараның мақсаты – жастар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және түнгі уақытта қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында профилактикалық жұмыстар жүргізу.
Кезекті рейдтік Іс-шараға Шымкент қаласы Полиция департаменті, аудан әкімдіктері, Жастар ресурстық орталығының басшысы Жансерік Жұман және орталық қызметкерлері қатысты.
Рейд барысында мамандар жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүру фактілерін анықтау, ойын-сауық мекемелерінде қорқор мен зиянды заттарды пайдаланудың алдын алу, жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ҚР заңнамаларын сақтау қажеттілігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына заң талаптары түсіндіріліп, ескерту парақшалары таратылды.
Түнгі рейд барысында барлығы 101 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Соның ішінде, түнгі уақытта заңды өкілінсіз ойын-сауық орындарында болған 4 жасөспірім және түнгі уақытта заңды өкілінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде болған 94 жасөспірім анықталды. Қадағалаусыз жүргені үшін 10 жасөспірім Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.
Айта кетсек, 2025 жылдың басынан 9 айдың ішінде Жастар ресурстық орталығының бастамасымен, аудан әкімдіктері мен ювеналды полиция қызметкерлерінің қатысуымен «Түнгі қаладағы жастар», «Жасөспірім», «Көше» атаулы профилактикалық рейдтік 9 іс-шара өткізілді. Бұл жұмыстар жастардың заң талаптарын сақтау деңгейін арттырып, құқықтық жауапкершілік туралы түсінігін кеңейтуге және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға оң әсерін тигізді.
Ә.АЙТӨРЕ