Оман астанасы Маскат қаласында өткен Asia Rugby Emirates Men’s Sevens Trophy 2025 турнирінде Қазақстанның ерлер құрамасы жасындай жарқылдап, қарсыластарын қапы қалдырды. Қайрат пен жігер, намыс пен ұжымдық ойын – бәрі бір арнада тоғысып, нәтижесінде біздің құрама турнирдің алтын жүлдесін жеңіп алды.

Иә, регби – ержүректілердің ойыны, ер мінезді жандардың спорты. Мұнда физикалық күшпен қатар, ой ұшқырлығы мен дәлдік те қажет. Әсіресе, регби-7 нұсқасы – жылдамдық пен төзімділіктің нағыз сынағы. Екі таймның әрқайсысы жеті минуттан тұрады. Уақыт аз, кеңістік көп, сондықтан әр қадам, әр шешімнің бағасы зор. Бір сәтке бос кеңістікті қалдырсаң – қарсылас сол мезетте-ақ ұпай алады.
Ойынның басты мақсаты – допты қарсылас қақпасына дейін жеткізіп, жерге қою. Бұл әрекет «занос» деп аталады және бес ұпай беріледі. Кейін қосымша соққы арқылы тағы екі ұпай алуға болады. Қысқа уақытта көп қателік кешірілмейтін бұл ойын нағыз жүйке мен төзімнің тартысына айналады.
Маскаттағы турнирге Азияның 15 командасы қатысты. Қазақстан құрамасы алғашқы күннен-ақ сенімді ойын өрнегін көрсетті. Топтық кезеңде Қырғызстанды 44:0, Сауд Арабиясын 27:0, ал Қатарды 34:7 есебімен ойсырата ұтты.
Плей-офф кезеңінде де қарқынын бәсеңдетпеді. Жартылай финалда Ауғанстанды 41:0 есебімен жеңіп, финалда Үндістан құрамасымен шешуші сынға шықты. Ал, финалдағы 27:0 есебі – біздің спортшылардың шеберлігі мен тәртіпті ойынының айқын дәлелі болды. Бір турнирдің өзінде бар болғаны 7 ғана ұпай өткізіп, бірде-бір матчта жеңілмеген құраманың бұл жетістігі – нағыз тарихи нәтиже.
Осы жеңістің арқасында Қазақстан ұлттық құрамасы Азияның басты додасы саналатын Asia Rugby Sevens Series турнирінің 1-дивизионына жолдама алды. Бұл – Қазақстанның регби спорты жаңа деңгейге көтерілгенін білдіреді. Ал, Өзбекстан мен Қытай Тайбэйі төменгі дивизионға түсіп қалды.
Маскаттағы жеңіс – отандық регбидің қайта өрлеу кезеңін бастаған маңызды оқиға. Бұл – жас буынға шабыт беретін, ел спортының жаңа тарихын жазатын жеңіс.
Қазақстан құрамасы тәртіпті ойын, ұжымдық үйлесім мен тактикалық сауаттылықтың үлгісін көрсетті. Ендігі мақсат – осы қарқыннан таймай, жоғары дивизионда да ел намысын абыроймен қорғау.
Біздің спортшылар Оман жерінде көк байрағымызды желбіретіп, Қазақстанның атын тағы бір мәрте биікке көтерді. Бұл жеңіс – жанкүйердің қуанышы ғана емес, ел спортының абыройы мен үмітінің символы.
