
2026 жылы қазақстандықтардың өмірінде біраз өзгеріс болады. Зейнетақы мен жәрдемақы өседі. Онымен бірге біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану шегі де көтеріледі. Бұдан бөлек мобильді аударымдарды бақылаудың жаңа талабы күшіне еніп, жеке тұлғадар үшін байлыққа салық салына бастайды.
Мобильді аударымдар қалай бақыланады?
Жаңа жылдан бастап мобильді аударымдарды тексеру кезінде нақты үш талап ескеріледі. Олар: 100 адамнан; 3 ай қатарынан; жалпы сомасы – 1 020 000 теңге. Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, осы үш критерийдің бәрі болуы керек. «Егер критерийлер бөлек болса, онда біз бақылауға алмаймыз. Ия, біз туыстарымызға, балаларымызға және достарымызға бәріміз ақша аударамыз, бұл орайда ешқандай сұрақ жоқ. Ал егер кәсіпкерлік қызмет болса, онда шаралар қабылданады», — дейді ол. Осылайша, адамның жеке шотына 3 ай қатарынан 100 түрлі адамнан 1 млн 20 мың теңгеден астам ақша түссе, ондай операциялар кәсіпкерлік кіріс белгісі бар әрекет ретінде қарастырылады.
Зейнетақы 10 пайызға өседі
Биыл әлеуметтік төлемдерді есептеуге арналған негізгі көрсеткіштер көтеріледі. Мәселен, зейнетақының ең төмен мөлшері көтерілгенде одан аз зейнетақы төлеуге болмайды. Бұдан бөлек, халыққа әлеуметтік көмек бергенде ең төменгі күнкөріс деңгейі ескеріледі. зейнетақының ең төмен мөлшері – 69 049 теңге (2025 жылы – 62 771 теңге); ең төменгі мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі – 35 596 теңге (2025 жылы – 32 360 теңге); айлық есептік көрсеткіш – 4 325 теңге (2025 жылы – 3 932 теңге); ең төменгі күнкөріс деңгейі – 50 851 теңге (2025 жылы – 46 228 теңге); ең төменгі жалақы – 85 000 тенге (2025 жылы тура сондай). Осы жылы ең төменгі жалақының көлемі өзгермейді. Үкімет оны алдағы үш жылда қарастырады. Ал айлық есептік көрсеткіш өскеннен кейін айыппұлдардың көлемі артады. Дәл осы көрсеткішпен жәрдемақылар да есептеледі.
Көпбалалы отбасылар қанша алады
2026 жылы айлық есептік көрсеткішпен бірге көпбалалы аналарға төленетін мемлекеттік жәрдемақы да өседі. Олар:
4 бала – 69 265 теңге (16 АЕК);
5 бала – 86 598 теңге (20 АЕК);
6 бала – 103 930 теңге (24 АЕК);
7 бала – 121 263 теңге (28 АЕК);
8 және одан көп бала – әр балаға 4 АЕК мөлшерінде, яғни кемінде 138 596 теңге. Бұдан бөлек, «Алтын алқа» иелеріне 31 997 теңге (7,4 АЕК), ал «Күміс алқа» үшін 27 680 теңге (6,4 АЕК) қарастырылған.
Жөргекпұлдың мөлшері қандай болады
2026 жылы бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы өседі. бірінші, екінші және үшінші балаға – 164 350 теңге (38 АЕК); төртінші және одан кейінгі балаларға – 272 475 теңге (63 АЕК). Ал егіз, үшем немесе төртем болса, мемлекеттік жәрдемақы әр балаға жеке-жеке есептеледі. Бұдан бөлек, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған жұмыс істемейтін әйелдерге бала бiр жарым жасқа толғанша ай сайын төлем беріледі.
бірінші балаға – 24 912 теңге (5,76 АЕК);
екінші балаға – 29 465 теңге (6,81 АЕК);
үшінші балаға – 33 951 теңге (7,85 АЕК);
төртінші және одан кейінгі балаларға – 38 503 теңге (8,9 АЕК).
Декретке дейін жұмыс істеген әйелдердің бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек есептеледі. Оның мөлшері бала туғанға дейін соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 процентін құрайды.
Зейнетақы жинақтарын пайдалану шегі өсті
Биылдан бастап зейнетақының ең төменгі мөлшері мен ең төменгі күнкөріс деңгейі өскеннен кейін зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі де орта есеппен 10 процентке көтеріліп отыр. Осылайша былтыр 30 жастағы адамның біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану шегі 4 580 000 теңге болса, биыл бұл көрсеткіш 5 120 000 теңге болады.
Медициналық сақтандыру жарналары бюджеттен төленеді
2026 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты маңызды өзгеріс күшіне енеді. Бұдан былай 1 млн-нан астам адамның жарналары жергілікті бюджет есебінен төленеді. Қазақстанда 3,3 млн адам МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Соның ішінде 2,4 млн азаматтың өмір сүру деңгейі орташа және қанағаттанарлық болса, 1 млн азаматтың табысы төмен. Осы санат үшін жарналарды төлеу міндеті жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі. Ресми тіркелген жұмыссыздар үшін де МӘМС жарнасын әкімдіктер төлейді. Бұдан бөлек, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС жүйесіне кемі бес жыл бойы тұрақты жарна төлеген азаматтардың мәртебесі төлем уақытша тоқтаған жағдайда да алты ай бойы сақтандырылады.
Салық реформасы
Жаңа жылы елде салық реформасы басталады. Оған сәйкес салық саны 20 пайызға азаяды, ал жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылады. Салық кодексінің негізгі жаңалықтарының бірі — қосылған құн салығының жаңа базалық мөлшерлемесі — 16 пайыз болды. Қосылған құн салығы бойынша міндетті есепке қою үшін айналымның төменгі шегі 10 мың айлық есептік көрсеткішке (40 миллион теңге) дейін төмендетіледі. Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі белгіленді (2026 жылдан – 5 пайыз, 2027 жылдан – 10 пайыз). Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан босатылады. Пайдаланылу мерзімі 10 жылдан жоғары автомобильдер үшін көлік салығы төмендетілді. Мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік салықтық шегерімдер 882-ден 5000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Ал арнаулы салық режимдері оңтайландырылды. Оны тек өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істейтіндер және шаруа қожалықтары қолдана алады.
Байлық салығы қалай есептеледі?
Жаңа Салық кодексінде байлыққа салынатын салық та бар. Оны «жеке табыс салығының прогрессивті мөлшерлемесі» деп атайды. Биылдан бастап жылдық жалпы табысы 8 500 айлық есептік көрсеткіштен (2026 жылы – 36,7 млн теңге) асатын азаматтарға 15 пайыз салық салынады. Бұдан бөлек, 10 пайыз акциз түрінде салық қымбат өнімдерге салынады. Олар; құны 75 миллион теңгеден асатын автокөліктер; құны 100 миллион теңгеден асатын кемелер; әр литрінің құны 500 мың теңгеден асатын алкоголь; әр данасының құны 10 мың теңгеден асатын темекі өнімдері. Сонымен қатар жалпы құны 450 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүліктің салығы көтеріледі. Байлық салығы кәсіпкерлерге емес, тек жеке тұлғаларға салынады. Ал 150 мың теңгеге дейін жалақы алатын жұмысшылар табыс салығынан босатылады.
Әлеуметтік азық-түлік тізімі кеңейеді
Бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің тізіміне 19 тауар кіреді. Олар: ұн (I сұрып), осы ұннан жасалған нан, макарон, қарақұмық жармасы, күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қант, күнбағыс майы, сиыр еті (жауырын мен төс жағы), құс еті, пастереленген сүт (2,5%), айран (2,5%), сары май, жұмыртқа (I категория), тұз бен ірімшік (5-9%). Дәл осы тауарлардың баға үстемесін 15 процентке артық қосуға болмайды.Ал 6 қаңтардан бастап әлеуметтік азық-түліктің тізіміне тағы 14 тауар уақытша қосылады. Соның ішінде қызанақ, қияр, алма, сиыр еті (сүйегімен бірге), ет фаршы, қой еті (сүйегімен бірге), жаңадан ұсталған және тоңазытылған балық, ультрапастереленген сүт, қаймақ, қатты ірімшік пен қара шәй бар. Осы тауарлардың баға үстемесіне қатысты шектеу үш айға енгізіліп отыр. Оны ұзартуы да мүмкін.
