Ауыл шаруашылығы санағы – бұл еліміздің аграрлық секторының құрылымы, ресурстары мен жай-күйі туралы өзекті әрі сенімді деректерді алуға мүмкіндік беретін ауқымды статистикалық байқау. Санақ деректері тиімді мемлекеттік саясат құру, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықаралық міндеттемелерді орындау үшін қажет.

Санақ жүргізу және оның мерзімдері туралы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет шешім қабылдады. Оны өткізу мерзімі ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымдылығын және ауыл шаруашылығы жылының қорытындылары бойынша өзекті деректерді алу қажеттілігін ескере отырып таңдалған. Іс-шара екі кезеңде өтеді: онлайн-сауалнама және ауыл шаруашылық құрылымдарын, шаруашылықтарын аралап өту.
Әуелі 1-31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz. сайтында онлайн-сауалнама жүргізіледі. Заңды тұлғалар, фермерлер және жеке кәсіпкерлер, қызметі мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы немесе балық шаруашылығымен байланысты тұлғалар – барлығы порталдағы санақ парақтарын қашықтан өз бетінше толтыра алады. Бұл әдіс өте ыңғайлы, сонымен қатар, деректерді жинаудың тиімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сайтқа кірген сәтте респонденттер жүйеге тіркеліп, ЭЦҚ, QR-код немесе СМС арқылы авторизациядан өтуі қажет. Сауалнама парағына кірген кезде кейбір жолдарда мемлекеттік органдардың деректер базасында бар көрсеткіштер көрсетіледі. Респондент көрсетілген көрсеткіштерді сол күйі қалдыра алады немесе оларды өзектендіре алады. Респондент толтырылған деректерін сақтап қойып, үзілістен кейін сол сауалнаманы толтыруын жалғастыра алатыны мүмкіндігі қарастырылған. Сауалнамадан өтіп біткеннен кейін респондент электрондық поштаға санақтан өткені туралы хабарлама алады. Санақтан онлайн түрде өтуді ыңғайлы қылу үшін жергілікті әкімдіктер ғимараттарында және өзге де мемлекеттік ұйымдарда өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары ұйымдастырылған (Шымкент қаласы бойынша 13 жерде).
Егер респонденттің сауалнама парағын толтыру кезінде қандай да сұрақтары туындаса, арнайы дайындалған жасанды интеллект арқылы жауап беретін sanaq-Myrza виртуалды көмекшісіне жүгіне алады. Сондай-ақ, 1446 нөмірі бойынша Бюроның байланыс орталығына хабарласуға болады. Қоңыраулар сағат 9:00-ден 18:30-ға дейін, ал онлайн-сауалнама басталған кезеңде тәулік бойы, аптасына жеті күн қабылданады.
Екінші кезең – интервьюерлердің ауыл шаруашылық құрылымдарын, шаруашылықтарын жеке-жеке аралауы. Ол 2025 жылдың 20 қыркүйегі мен 20 қазаны аралығында өтеді. Неліктен араға 20 күн қалдырып отырмыз, себебі бізге сауалнаманы өз бетінше аяқтағандарды ескере отырып, ұйымдасқан шаруашылықтардың тізімдерін қалыптастыру үшін қосымша уақыт қажет. Осылайша, санақ респонденттердің барлық санаттарын қамтиды және ақпарат жинаудың барынша толықтығы мен сенімділігін қамтамасыз етеді. Санақ барысында қаламызда барлығы 7325 ауыл шаруашылығы өндірушілерін қамту жоспарланған. Қатысудан бас тартылған жағдайда заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Біз азаматтарды санаққа саналы түрде қатысуға шақырамыз, өйткені бұл жай статистикалық шара емес, барлық азаматтарды қамтитын мемлекеттік маңызы бар іс. Ауыл шаруашылығы – ел байлығы! Санаққа қатыс, үлес қос!
Ерназар ҚҰЛТАЕВ,
Ұлттық статистика бюросының
Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы
