Редакция таңдауы

Қазақстанның оңтүстігінде большевизмге қарсы күрес қалай жүргізілді?

ХХ ғасырдың басында патша өкіметі құлағаннан соң Қазақ елінің тәуелсіз дамуына деген мүмкіндіктер пайда болды. Қазақ зиялылары осы мүмкіндікті қалт жібермей пайдаланып, дербес қазақ мемлекеттілігін құруға кірісті. Алаш ардақтыларының қасіретке толы соқтықпалы соқпақтары біздерге таныс. Кеңестік билік Алашорданы құлатып, алашордашылардың барлығын саяси қуғындап, қазақ жерінің түкпір-түкпіріне толықтай дендеп кіріп, өзіне қарсы келгендердің барлығын жойды. Кең-байтақ жерімізде өз үстемдігін орнату үшін қазақ қоғамының ғасырлар бойында қалыптасқан дәстүрлі саяси, әлеуметтік және экономикалық-шаруашылық ішкі байланыстарын жойды. Ол үшін елдің есін алған пролетариат диктатурасын орнатып, сталиндік саяси қуғын-сүргінді аса қатігездікпен жүргізді.

Оңтүстік Қазақстан жерінде өздері қызмет жасаған биліктің саяси қуғын-сүргініне ұшыраған қазақ коммунистері мен кеңестік билік орындарында жұмыс істеген қазақтардың қызметіне, ұстанымдары, мақсаттарына Ресей архив құжаттарын ғылыми айналымға енгізе отырып тарихи талдау жасалды. Талдау кезінде Ресей мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарих архивінің қорларында сақталған БК(б)П Орта Азиялық бюросының мәжілістерінің хаттамалары дереккөзі ретінде пайдаланылды. Жергілікті халыққа қарсы жүргізілген әрекеттің ішкі құпия жағын ашып көрсетіп, осы әрекеттерге жалпыадамзаттық гуманитарлық ұстанымдар тұрғысынан баға берілді. Оңтүстік Қазақстандағы советтік билікке қарсы «Топтық күрес» құбылысының басталуына себеп болған тарихи оқиғалардың тізбегі мен олардың барысы сипатталып, салыстырылды.

БК(б)П-ның Орта Азиялық бюро деп аталған бөлімі 1922 жылы он тоғызыншы мамырдағы алғашқы мәжілісінде Түркістан, Хиуа және Бұхараны біріктіре отырып, Орта Азия деген құрама құрылым құрды. Және оның 9 мүшеден тұратын партия ұйымының орталық комитеті құрамына Түркістаннан 3 мүше, Бұхарадан 1 мүше, Хиуадан 1 мүше қабылданған, ал басқа 4-і Мәскеуден жіберілген азиялық емес большевиктерден құралды. ВКП(б)-ның Средазбюро бөлімі құрылған алғашқы мәжілісіне Мәскеуден келіп Гусев, Рахимбаев, Сольц, Файзуллаев, Соколов, Махмудов, Баранов, Цукерман, Иванов, Элиава, Орджаникидзе қатысқан.

Сол кезеңде қазақтарды «бұратана халықтар» деп санайтын большевиктік Ресейдің орталығынан 2 жыл ішінде алпыс бес «маман кадрлар» Орта Азияға жіберілген. Олардың Орта Азиялық бюро мәжілістеріне қатысу динамикасына шолу жасайтын болсақ, келімсектер бір сәттік қана іс-сапарда болмаған. Олар бюро алғашқы ашылғаннан бастап, таратылғанға дейінгі барлық сәттерінде бірін-бірі алмастыра отырып өлкедегі партиялық ұйым жұмысының басы-қасында үнемі болған. Орталықтан астамшылық ой-пікірмен келген «мамандар» бірте-бірте жергілікті халықтың жағдайын түсініп, елмен етене бола бастаған кезде кері қайтарылып отырылған. Ал, қазақ қызметкерлерден тек қана Н.Төреқұлов, Т.Рысқұлов және С.Қожанов қана болған. Орта Азиялық бюроның кейбір мәжілістеріне С. Асфендияров, Аралбаев, Мұратбаев бір-бір реттен ғана шақырылған. Бұл статистиканың өзі қазақ қайраткерлерін советтік биліктің қаншалықты қиыншылық пен оқшауландыру жағдайында ұстағандығын дәлелдеп бере алады. Өздері тәуелді болып отырған билік иелерінің 65 қолшоқпарының сан жағынан өзінен 10 есе кем жергілікті халық өкіліне қарсы қоюы – бұл тізе көрсетудің бір түрі екендігін айтпай-ақ біле аламыз.

Өлкені басқарудың жоғарғы сатысындағы тең емес қатынас және «пролетарит диктатурасы» деген жамылғы ұранды пайдалана отырып, орталық билік үшін ыңғайластыра жасаған ереже-тәртіп «бұратана шет аймақтар» деп аталған Азия континентінің бір бөлігі Түркістан өлкесіндегі жергілікті халықты тырп еткізбеуге бағытталды. Бұл жағдайды Орта Азиялық бюроның негізгі міндеті және құрылғаннан кейін оның алғашқы атқарған қызметі сол кезеңде кеңестік билік «Орта Азия» деп атаған жер аумағында Қызыл Армия қаруының күшімен «бейбітшілік» орнатуды көздеуінен де аңғаруға болады. Бұл жердегі «бейбітшілік» терминінің астарына үңілетін болсақ, оның кеңестік билік үшін ғана орнатылатын бейбітшілік екендігіне назар аудару қажет. Нақ осындай сипаттағы бейбітшілікті орнату үшін өзінің екінші мәжілісінің нәтижесінде: «А. Во исполнение… постановления ЦК РКП поручить Исполнительной комиссии Среднеазиатского бюро составить обращение к мусульманским народам Средней Азии за подписью «ЦИК», разоблачающую авантюру Энвера, подчеркивающего необходимость скорейшего миротворения Средне-Азиатских республиках, и обрисовывающее освободительную роль Красной Армии на Востоке. Срок составления обращения – трехдневный», – деген қаулы шығарды.

Келімсек кеңестік билікке ыңғайлы «бейбітшілікті» орнату үшін Орта Азиялық бюроның барлық сұрқия іс-әрекеттердің кез-келген түрін де жасаудан тартынбағандығын архив деректеріне сүйене отырып байқауға болады. Бір жағынан, жергілікті ұлт өкілдерінен шыққан оқығандарды өз қызметтеріне тартты, алайда, өздеріне қарсы жергілікті көзі ашық оқығандардың өзара бірікпеуін басты назарда ұстады. Осы үшін Орта Азиялық бюроның қазақ, өзбек республикаларының өкілдерін оларды бір-бірімен алауыздық жағдайында ұстауы қажет болды. Бұл үшін мәжілістерге Түркістан, Бұхара, Хиуа және Хорезм өкілдерін өз республикаларындағы мәселелер бойынша жекелеп шақырып отырған: басқа өңірлердегі ұқсас жағдайлар туралы мәліметтер құпия ұсталынғандығын хаттама мазмұндарынан да аңғаруға болады. Яғни, кеңестік билікте жүрген жергіліктілер оларға кеңестік биліктің тізе көрсетуіне қарсыластықты жасамауы үшін – яғни, «бейбітшілікті орнату үшін» – өзіне көршілес өңірлер мен облыстардағы кеңестік биліктің осал тұстары мүлдем бейхабар болуға тиіс болды. Сөйтіп, Орта Азиялық бюроның азиаттық мүшелері үнемі ақпараттық оқшаулану жағдайында қалдырылып отырылды. 1921-1924 жылдарда ғана қызмет атқарған Орта Азиялық бюроның құрамында әртүрлі уақыттарда еліміздің қуғын-сүргінге ұшыраған атақты зиялылары мен қайраткерлері – Н.Төреқұлов, Т.Рысқұлов және С.Қожанов қызмет жасады және осы кезеңде Азиялық партия қызметкерлеріне сенімсіздік таныту олардың советтік билікке қарсы жергілікті қарсылық жасаушыларға туысқандық, руластық, діндестік, жерлестік және тағы басқа қатынас жағынан жанашырлық танытып жәрдем беруі мүмкін деген қауіптен туындағандығы анық. Өйткені, Орта Азиялық бюроның ұйымдастыру комитетінің 1922 жылғы 25-ші қаңтардағы мәжілісінде нақ осындай жағдай талқыланғанын архив құжаты материалының мазмұнынан көре аламыз.

Әкімшілік қызметтерге келуге тосқауылдар қоюмен қоса-қабат, Орта Азиялық бюроның құрамында қызмет жасап жүрген қазақ қайраткерлерінің қызметі мен жүріс-тұрысына да үлкен қысым жасала бастады. Осындай әрекеттің тағы да бір эпизоды Орта Азиялық бюро мәжілістерінің бірінде Түркістан өлкесінде большевиктер партиясы құрылысының барысын талдаған кезеңде бой көрсеткен екен. Коммунистер құрамының 50 пайызын кедейлерден құру туралы ұсыныс жасалған кезде, Орта Азиялық бюроның төрағасы жоғары партиялық және кеңестік қызметтерде отырған қызметкерлер өздерінің қызмет бабын төмендегі қызметкерлерге қысым жасауы үшін пайдаланбауы керек деген тапсырманы хаттамаға қоса жазғызады. Өйткені, кез-келген облыста төрағалардың сайлауы басталған кезде жер-жерден хаттардың эстафетасы орталыққа қарай ағыла бастайды, – деп негіздемек болды өзінің ойын Орта Азиялық бюроның төрағасы Я.Рудзутак.

Бұл тапсырманы Т.Рысқұлов пен С.Қожановтан басқа мүшелердің барлығы құптады. Мәжілісте осы мәселе бойынша сөз алып сөйлеген Т. Рысқұлов: « … у нас есть партийная программа, существует известная дисциплина и каждый член партии все это должен знать, и во всех пунктах имеются указания Комитета Партии. И поэтому такой пункт вносить не следует, ибо получается такое впечатление, что даже запрещается писать друг другу письма; товарищ Черный в комиссии так объяснил этот пункт, но так ставить вопрос нельзя, и если действительно запрещается писать письма, то можно декрет издать, и я думаю, что это для нас обидно, это может быть обидно и для товарища Рудзутака!», – деген сөзінен партия және мемлекет қызметіндегі қазақ және басқа да ұлттық қызметкерлер арасында өзара қандай да бір қарым-қатынас жасауға қатаң тиым салына басталғандығын да көре аламыз.

Осындай қарсылықты С.Қожанов та Орта Азиялық бюроның мәжілістерінде бірнеше рет жасап отырды. С.Қожановтың қарсыластығы көбіне жазба түрде берілгенін архив құжаттарының мәтіндерінен аңғаруға болады. Өзінің атына С.Қожановтың жазған арызымен таныстырған Я.Рудзутак оның жер реформасының барысындағы кеңестік атқамінерлердің халықтың жерінен өзге де бұйымдарын тартып алып отырғандығы туралы айтқан тұсымен амалсыз келіседі де, халықтың жай-күйін жақсарту үшін емес, өздерінің жүргізіп отырған саясатына томпақ келетін болғандықтан, мұндай әрекеттерге баруға тиым салмақ болады. Оның өзінде осыған дейін тартып алынған дүниелерді қайтару туралы әңгіме қозғаудың қажеті жоқ деп есептейді. Жергілікті халықтың дүниесін тартып алуда озбырлығы жағынан аса бір шектен шыққан бір-екі оқиғаны талдау туралы партияның облыстық комитеттеріне ауызша тапсырма беру туралы шешім қабылдау керек екендігін босаң айтып қоя салады. Бұл жерде Я.Рудзутактың С.Қожановтың сөзімен бұлтартпас фактінің арқасында амалсыз келіскенімен, большевиктік саясат үшін халықты асқан озбырлықпен тонауды айыптайтынын сөз жүзінде көрсеткенсіп қоя салуды қана жөн көріп, шын мәніне келгенде азиялық ұлттардың барлығын өзара қырылыстырып қойып, екі жеп биге шығу саясатын жүзеге асыруды көздегенін анық байқаймыз.

Осы кезеңде Орта Азиялық бюро құрамында Т. Рысқұлов пен С. Қожанов қатарласа қызмет жасауы орталық билік үшін мүлдем ұтымсыз еді. Сондықтан осы екі қазақ қайраткерлерін бір-бірінен ажырату мақсаты тұрды. Қандай да болмасын себеп-сылтау іздеген әккі де, жырынды жау Н.Төреқұловқа қолданған тәсілді осы жерде де пайдаланбақ болды.

Бұл үшін тексеру орындарының башқұрт халқының көтеріліс басшысы туралы №1 «Шығыс» деген «Иттихат-Тараки» ұйымының мүшесі ретінде айыпталушы Валидов Ахмед-Закидың ісінің ішінен ол, яғни Валидов Ахмед-Заки Т.Рысқұловты жақтаушы деген сылтау-ізді 1921 жылдың желтоқсан айындағы Халық ағарту комиссариатының №2513 ісінен табады.

Бұған негіз ретінде Валидовтің сонау 1917 жылдың желтоқсан айында Ленинге жазған жеделхатын алады. Жеделхат мазмұнында А.З.Валидов Т.Рысқұловқа «комиссар» деген «аса құрметті дәреже» берген екен. Ал, Валидов болса, 1922 жылдың ақпан-сәуір айларында «басмашы» деп танылған, оны тұтқындамауы Н.Төреқұловты қудалауға себеп болған Энвер пашаның құпия мәжілістеріне қатысқан екен. Бұл құпия мәжілістерде, – делінген құпия агенттердің аңду нәтижелері туралы берген есептерінде, – жаңадан ұйымдаса бастаған большевиктерге қарсыластар Энвер пашаның ұсынысымен советтік билікке қарсы халықты көтеру үшін барлық мұсылмандарды «Иттихат-Тараки» ұйымына ұйыстыруға ант беруге шақырған. Бұл съезден соң Валидов Бұхара республикасына жасырынады. Оның «Хамид» деген бүркеншік атпен жасырынып жүргенін Бұхарадағы кеңестік полпред Бодров деген із кесіп табады. Бұл туралы Бодров арнайы орындарға 1921 жылдың 21-ші желтоқсанында есеп берген. Ал, 1922 жылдың 2-ші мамырында берген есебінде «құпия қызметкер» «Шура-ислами» мұсылмандық ұлттық ұйымды аңдуының нәтижесінде Валидов осы ұйымның жетекшілерінің біреуі екендігін анықтағанын көрсетеді. Ал, агентбөлімінің «құпия қызметкерінің» (шартты түрде оны №2 «құпия қызметкер» деп алуымызға болады – өйткені, құжатта оның алғашқы мәлімет берген сексоттан тіл өзгешелігі байқалады) 1922 жылдың 17 мамырында берген мәліметіне қарағанда Сыр-Дарья облыстық халық ағарту бөлімінің бұрынғы басшысы және Бұхара билік орнының бұрынғы мүшесі, қазіргі мектеп меңгерушісі Махмұдқожа ишан Қожаевтың Шығыс Бұхарада жасырынып жүрген Валидовпен байланысы анықталған. Осы жылдың 21 шілдесінде «Бас» деген лақап атты «құпия қызметкер» «Исправдом» – яғни түрмеден қашып шыққан халық ағарту комитетінің мүшесі Каримов Ариф дегеннің А.З.Валидовке жеткізілуінің ұйымдастырылғандығы, қашқынның А.З.Валидовтың жәрдемімен Энвер пашаға жеткізілгендігі туралы мәлімет берген. Ал, 1922 жылдың 24 мамырында ақ гвардияшыл полковник Степановтың жазған хатында ол өзіне А.-З. Валидовтың өзіне Энвер пашаның орыс офицерімен кездесуді сұрап жазған хатын түрік офицері арқылы жолдағанын большевиктерге мәлімдейді. Бұл істі атқару үшін Энвер паша орыс офицеріне Самарқан қаласына келіп, өзімен жолығуды сұрағанын айтып өтіп, өз хатына А.З.Валидовтың хатын қоса тіркегені туралы архив құжаты мәлімдейді. Валидов хатының мазмұны мынадай екен: «Дорогие единомышленники – привет Вам.

До сего времени не мог с Вами связаться, по той причине, что среди Вас не встретил ниодной известной мне фамилии. Теперь выяснилось, что Вы наши единомышленники – прошу скорей установить связь. Просил бы Вас со мной повидаться. Прошу достать нам карты Туркестана и Бухары 10, 40 верст, по 20 экз. Прошу также достать перекиселину. Подпись: Валидов».

Ал, «Н» есімді сексот болса, А.З.Валидовтың шындығында да Самарқанд қаласында екендігін із кесіп анықтаған және Энвер пашамен орыс офицерінің 3-9 тамыз айларына белгіленген кездесуіне қоса жіберілген. Осылайша жан-жағынан қамалаған большевиктер А.З.Валидовтың Ишнизиров деген көмекшісін қолға түсірген. Қамауға алынған көмекшіден жауап алған кезде ол «Ұлттық бірлесу Комитетінің» Азиядағы республикалар арасында аса беделді ұйым екендігі, ал, Ахмед-Закидың Шығыстағы ұлттық қозғалыстың белсенді жетекшісі болғаны туралы куәлік берген.

Оның көрсетуінше «Ұлттық бірлесу Комитеті» деп аталатын ұйым:
1) Шығыстағы барлық кеңестік республикалардың толық автономиясын құруды;
2) Шығыс кеңестік республикалардың барлығын дербес федерацияға біріктіруді;
3) Түркістан, Хиуа, Бұхара және Кирреспубликаның ұлттық құқықтарға ие болуын қамтамасыз етуді;
4) Шығыс кеңестік республикаларынан орыс әскерлерін шығарып, оның орнына ұлттық әскер құруды;
5) Шығыс кеңестік республикаларының жер аумағында жаңа үкімет құруды өзіне мақсат етіп алғандығын да осы көмекші жеткізген. Осы жинақталған материалдардың барлығы 1922 жылдың 28 қазанында Сталинның атына құпия хатпен жөнелтілді.

Осыншама із кесулер жүргізіп, материалдардың барлығын қазақ қызметкерлерінің жоғары білімді әрі өз ұлты үшін қызметті аянбай жасайтын Т. Рысқұлов – С. Қожанов тандемін «заңды» жолмен бұзу арқылы жинағандығы кейінгі тарих дәлелдегені белгілі. Яғни, ортаазиялық елдер арасындағы болашақ жер бөлісінде өздеріне қарсы шығуы мүмкін күшті топты бөлшектеу үшін Тұрар мен Ахмед-Закиді сыбайлас етіп көрсетуді мақсат еткен, ал Ахмед-Закидің өзін кеңестік билікке қарсы шыққан қандықол қарақшы ретінде көрсетеді.

Осы үшін Ахмед-Заки Валиевтің сонау алыс 1917 жылғы Т.Рысқұлов туралы айтқан бір ауыз мадақ сөзін негізге ала отырып оны Орта Азиялық бюродан аластатуға кірісті.
Алдыңғы буын өкілдерінің жасап кеткен үлгісі коммунистік партия қатары мен кеңестік қызметке кірген қазақ азаматтарын жаңа кеңестік-большевиктік-коммунистік астамшылық жағдайына қолдарынан келгенше икемделе отырып өз күрестерін жалғастыруға жетеледі десек болады. Сөйтіп, тарихи аренада жаңа саяси-әкімшілік, жартылай астыртын әрекет жасайтын күш – «топтық күресшілер» пайда болды. Кеңестік билік «топшылдар» деп ат қойып айдар таққан «топтық күресшілер» өздерінің ауыл-аймағы мен ел-жұртын кеңестік биліктің сойқан саясатынан аман алып қалуға барынша әрекеттенді.

Айлалы жаудың амалына қарсы тұру үшін қолдан келгенінің барлығын жасап, өз бастарын қауіп пен қатерге тікті. Көздеген мақсатқа қол жеткізу үшін «топтық күрестің» өкілдері жартылай жасырын, жартылай ашық әрекет жасап, жау тылындағы барлаушылар мен партизандар әдісімен астыртын әрекет етуге тура келді. Олардың осындай екі оттың ортасындағы жағдайын келімсектер билігі толық зерттеп білді. Орталық билік пен оның жергілікті жерлердегі құрамының із кесулерінің арқасында «групповая же борьба явление более сложное и запущенное в пониманиях теперешних работников и не нашедшее определенных ясно четких себе подкреплений», – деген, яғни, топтық күрестің неғұрлым күрделі құбылыс екендігі, оның нақты айқындаған шекарасының жоқтығы, нәтижесінде, келімсек биліктің оны толық түсінуіне мүмкіндігі жоқ екендігі туралы қынжыла тұжырым жасайды. Екі жақ та көзге көрінбес майданның болып жатқанын анық түсінген еді.

Осыдан соң, қазақ ұлтынан шыққан қызметкерлердің Алаш автономиясы құлатылғаннан кейін, елдің негізгі билігін ұстаған ақсақалдар мен байлардың негізгі экономикалық тірегі мал-мүлкінен айрылғанын кейін де кеңестік биліктің қазақ жерінде орнатылуына, оны өздері ойлағандай деңгейде қызмет жасауына қауіп туындататын фактор боларына көзі анық жеткен сталиндік биліктің жергілікті қазақ жеріндегі келімсек өкілдері өздеріне қарсы әрекет жасап, байырғы қазақы ұстанымдарды қорғаушылар туралы мәліметтерді кең түрде жинастыра бастайды.

Бұл туралы кеңестік билік құрастырған архив құжаттарында бұрынғы белсенділерді уездер мен губерниядағы қызмет олардың ауылдары мен болыстарындағы туысқандық және басқа да байланыстарынан толық қол үзбесе де, ауыл мен болыс өміріне тікелей араласуынан алшақтата бастағандығы туралы жасалған тұжырым бар. Әртүрлі ру-тайпалардан, сәйкесінше әртүрлі ауыл мен болыстықтан келіп уезде қызмет атқаратын білімі мен дайындық деңгейі саналуан қазақ қызметкерлері кеңестік ұжымдық теңгермелі қатынас жағдайында жаңа үлгі негізінде қызмет жасауға мәжбүр болғаны анық. Көшпелі және жартылай көшпелі экономика негізінде құрылған барлық әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынастар және сол қатынастар негізінде ішінара туындап отыратын дау-дамайларды шешудің дәстүрлі әдісінен күшпен ажыратылған елдің баскөтерерлері мен елағалары кеңестік биліктің тәртібімен өмір сүре отырып, сол тәртіптің барлық мүмкіндіктерін шамалары келгенше өз халқы үшін пайдаланудың, болмаса, тіпті айналып өтудің жолдарын үнемі қарастырып отырды.

Өз кезегінде, кеңестік билік өкілдері өздері әлі де болса толық түсініп, танымаған, коммунистік-кеңестік жүйеге зиян келтіруі мүмкін топты зарарсыздандыру мақсатында топтық күресті және олардың өкілдерін зерттеуді «партиялық тазартулардан» тыс кезеңдерде де тоқтатпай жүргізе берді. «Топтық күрес» деп атап, айдар тағылған большевиктік билікке қарсы біртұтас майданды барынша әлсірету мақсатында олардың мүшелерінің арасында өзара алауыздық туындату қажеттілігін түсінді, осы үшін оларды бір-біріне айдап салудың барлық айла-шарғыларын пайдаланды. Өздері дәстүрлі қазақилықтан әлі де болса арыла қоймаған кеңестік жүйенің уездік және губерниялық қазақ қызметкерлері басқа түскен ауыртпашылық пен қиыншылықтарды жеңудің жаңа жолдарын іздестіруге кірісті. Ауыл-аймақ пен туған-туыстарының арасынан шығып үкімет қызметінде жүрген баскөтерер азаматтар қазақ жеріне төтенше келген зұлматтай болған ауыр кезеңінен руластарының отбасыларын, малы мен жандарының басын барынша аман-есен алып қалуға қол үшін беруге ұмтылып отырды. Қазақтардың арасынан кеңестік қызметке орналасқан тұлғалардың білімі мен мәдениеті жағынан неғұрлым дамыған бөлігі кеңестік мемлекеттік құрылыстың даму заңдарын, конституциясын, саналуан декреттері мен қаулы-жарғыларын және өздері құрамына мүше болып кірген коммунистік партияның бағдарламасын алғашқылар болып түсініп алуға қол жеткізген болатын. Жергілікті ұлттардың жаңа мемлекетті құрудағы күш-қуатын көрсетуге мүмкіндік бермейтін кеңестік сипатқа еніп, жаңарған ескі отаршылдарға, байырғы басқыншыларға қарсы күресі басталады. Большевиктік билік қазақтардан шыққан партия мүшелерін туған жерлерінен басқа өңірлерге қызметке жіберу тәсілін, қазақ қызметкерлердің аса беделді тұлғаларын бір-біріне қарсы қоюдың түрлі айла-шарғыларын пайдаланды.

Алайда, белсенді күрескерлерді туған жерлерінен аластату шарасына қарамастан, кеңестік билікке қарсы сыртқы түрі «рулық-туысқандық» күрес сипаттағы тәріздес, ал, шын мағынасында қазақ халқының бір-бірін астыртын қолдаған қозғалысы тоқталмай жүргізіле берді. Жергілікті жердің хал-жағдаятын, салт-дәстүрін, шаруашылығын, тағысын-тағыларын мүлдем білмейтін, өздерін «еуропалықтар» деп атаған Ресейдің ішкі губернияларынан Оңтүстік Қазақстанға келіп билікті иеленген большевиктер ұлттық республикаға не жасау керектігін анық түсінбей, жағдайды шиеліністірді.

Большевиктер партиясының орталық комитеті және оның қолшоқпары Я. Рудзутак Орталық Азиядағы ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі қоғамдық қатынасты жою арқылы өздерінің жасанды мемлекеттілігін мықты етіп орнатуды көздеді. Осы үшін партия Я. Рудзутакты Орталық Азияда жалғыз қалдырмай, байырғы елді бүлдіру жолындағы жырынды әрекеттерін топтаса жасаулары үшін оның жанына №1-ші кестеде көрсетілген мәліметте көрсетілгендей өздерінің «миссионерлерін» бір-бірін алмастыра отырып жіберіп отырды. Яғни, астыртын, баспалап қарсыласа күресудің «топшылдық» тәсілін Орталық Азияда «кадр тапшылығы» сылтауымен алғаш енгізген большевиктердің өзі болғанын көруге болады. Олай жасамайынша соңына қалың елі – қазағы ерген ақыл-ой мен қоғами қайраткерліктің сол заманындағы алыптары Н. Төреқұлов, Т. Рысқұлов, С.Қожанов, С. Асфендияров секілді басқа да тұлғаларды келімсек большевиктердің жеңуінің мүмкін еместігін анық түйсінген еді. Кеңестік билік үшін өздері «бұратана» деп атаған халықтарды илеуіне көндіру онша оңай болған жоқ. Өйткені, қазақтардың, қырғыздар мен өзбектердің көзі ашық, оқыған азаматтары елдің бүтіндігі мен шаруашылық, рухани әлеуетін сақтап қалу үшін барынша күресті. Көбіне «пролетариат диктатурасы» дегенді ғана қолдайтын, дала дамуының заңдылығына жат мемлекеттің жазылған заңымен жүре отырып, қолында қаруы жоқ қазақ қайраткерлері сол кері заңдардың «тар жол, тайғақ кешулерінен» халықты аман-есен алып шығуды көксеген қайраткерлердің айналасына оның жерлестері мен ауылдастарының топтасуы тарихи заңдылық. Өйткені, қазақ ауылының тынысын тарылтып, өмірінің күре тамыры – мал шаруашылығына балта шауып жатқан зорлықшыл күш кеңестік билік болатын.

Г.ЖАНЫСБЕКОВА, тарих ғылымдарының кандидаты,
М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті

Ж.ӘШІМ, магистр, Шымкент қалалық саяси
қуғын-сүргін музейінің ғылыми қызметкері

Соңғы жаңалықтар