Редакция таңдауы

Қазақтың қайсар қызының дара жолы

Назыркүл Рахымқызы Мұсаева 1953 жылы Монғол Халық Республикасы, Арасан ауылында көп балалы отбасысында өмірге келген. Жастық шағын қазіргі Жетісу облысының Қапал ауданында өткізген. 1971 жылы Қапал ауданы Абай колхозының орта мектебін алтын медальмен бітіріп шықты. Сөйтіп, Алматыдағы қазақ мемлекеттік университетіне философия мамандығына оқуға түсті. Оқудың бес жылын үздік тамамдап, 1976-1978 жылдары ҚазМУ-дің «Философия және логика тарихы» кафедрасында стажер-зерттеуші, кейін, 1979-1982 жылдары аспирантураға түсіп, сол кафедраның аспиранты атанды. Аспирантураны да үздік бітіріп шықты. Назыргүл Рахымқызы алға қойған мақсатына жетудегі табандылығы, еңбексүйгіштігі, адамдарға көмектесуге дайын болу сияқты қасиеттердің арқасында әрдайым абырой биігінен көрінді.

Философия ғылымдарының докторы, профессор Қасымжанов Ағын Хайруллаұлының жетекшілігімен ғылым жолында керемет жетістіктерге қол жеткізді. Аспирантураны бітіргеннен соң 1982 жылы кандидаттық диссертация, ал, 1998 жылы докторлық диссертация қорғап, доцент, профессор ғылыми атақтарын алды. Н.Р.Мұсаева Қазақ химия-технологиялық институтының «Философия» кафедрасының зертханашысы лауазымынан бастап, оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор сатыларынан өтіп, кафедра меңгерушісі лауазымына дейін көтеріліп, үлкен өмірлік жолдан өтті. Н.Р.Мұсаева меңгеруші кезінде, кафедра дамуына зор үлес қосты.
«Философия» кафедрасының ҚазХТИ құрамындағы кезеңінде, кафедраны Н.Р.Мұсаева басқарған, сол уақытта да профессорлық-оқытушылық кандидаттық диссертацияларды қорғауға байланысты сапалы өзгерістер орын алды. Атап айтсақ, Г.К.Есиркепова, Т.А.Сүлейменов, Б.Б.Арынғазиева, Н.А.Ибраева, А.Б.Шалдарбекова, К.Б.Кемелбеков секілді ұстаздар ғылыми дәрежелерге ие болды. Назыркүл Рахымқызы ұзақ уақыт бойы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде диссертациялық Кеңес мүшесі болды. Сол уақыттарда профессор Н.Р.Мұсаева 40-тан астам ғылым кандидаттары мен докторларына оппонент болып, олардың философия ғылымына қосқан үлесін, ізденісін әділ бағалап, қазақ ғалымдарының қатарын соны ағыспен еселендірді.

Университетіміздің «Заң» факультетінің негізін қалаған философия ғылымдарының докторы Н.Р.Мұсаева деп айтуымыздың да себебі бар. Сол уақытта басқарып отырған «Философия және құқық» кафедрасы негізінде Назыргүл Рахымқызы 1998 жылы «Заңтану» мамандығының ашылуына ат салысып, көп еңбегін сіңірді. Аталған мамандыққа алғашқы абитуриенттер 1998 жылы қабылданды. 2001 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің дербес факультеті болып құрылды. Бүгінгі таңда, үлкен факультетке айналып, 6 кафедра жемісті, сапалы жұмыс атқаруда. Осы нәтижелерге жетуімізде профессор Н.Р. Мұсаеваның сіңірген еңбегі зор.

Н.Р.Мұсаева – 220 ғылыми-әдістемелік еңбектің, оның ішінде философия, ғылым философиясының тарихы бойынша оқу құралдарының авторы. Сонымен философиялық академиялық сөздікті құрастыруға да қатысты. 2003 жылы және 2011 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі Құрмет грамотасымен марапатталған. Облыстық білім беру қызметкерлері кәсіподағының төсбелгісінің иегері де болды.

Кейіпкеріміз философия ғылымының өңірлік мектебінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ол қазақ философиясының жыраулық мектебі бағытында 10-ға жуық кандидаттық диссертацияның, 20-дан астам магистрлік диссертацияның ғылыми жетекшісі болды. Ол – университет ғалымдарының бірнеше толқынына «Ғылым және философия тарихы» пәнінен дәріс оқыған, ғылымға жол сілтеген ұстазы.

2000 жылы «Философия» кафедрасы бірқатар шет елдердің ғалымдарының қатысуымен «Көшпелілер мәдениеті және Ұлы Жібек жолы: уақыттағы сұхбат» атты халықаралық конференция ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткізді. Еліміздің философиялық қоғамы, атап айтқанда, ҚР Ұлттық Академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім конференцияға оң пікірін білдірді. Басқа да, көптеген халықаралық, республикалық деңгейдегі іс -шараларды, Назыргүл Рахымқызының бастауымен ұйымдастырылып атқарылды.

Профессор Н.Р.Мұсаеваның мінезін толықтыратын ерекшелік, қиыншылықтарға берілмей, әрдайым ізденіп, танылмаған дүниеге ұмтылып, үлгі болатын қасиеттері мол еді. Керемет адам, керемет тәрбиеші және нағыз дос болды! Ұлы Абай айтқандай: «Әрбір адам өмірінің маңызды сәттерін өзі анықтайды», профессор Мұсаева Назыргүл Рахымқызы өзінің бүкіл өмірін Философияға, Отанына, Халқына рухани тұрғыдан қызмет етуде өткізді.

Профессор Назыргүл Рахымқызы Мұсаеваның есімі Қазақстан ғылымының шежіресіне мәңгілікке жазылып қалады. Біз, әріптестесіміз бен ұстазымызды әрдайым жүрегімізде, жадымызда сақтаймыз!

А.ЕСІМОВА,
М. Әуезов атындағы ОҚУ-дің аға оқытушысы

Соңғы жаңалықтар