Елімізде экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында бастау алған «Таза Қазақстан» акциясы Шымкент қаласының барлық ауданында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Аталған бастамаға Тұран ауданы да белсенді атсалысуда. Жуырда ауданға қарасты Қазығұрт шағын ауданында ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, құқық саласының қызметкерлері рейдке шықты.
Арыстанбек көшесінен бастау алған сенбілік Қазығұрт шағын ауданының бірнеше көшесін қамтыды. Бұл бағытта, ең алдымен, көшелердің бойында бейберекет төгілген тас, құм, құрылыс қалдықтары мен тұрмыстық қоқыстар жиналды. Зерделеу барысында қалдықтарды жергілікті тұрғындар төккені анықталды. Осыған байланысты аудан әкімдігі тарапынан нақты шаралар қабылданды.
Іс-шараға Тұран ауданы әкім аппараты, жергілікті полиция қызметкерлері, арнайы коммуналдық мекемелер мен қоғамдық белсенді азаматтар жұмылдырылды. Жергілікті полиция көше бойына заңсыз түрде инертті материал үйіп қойған тұрғындарға ескерту беріп, оларды өз күштерімен тазалауға міндеттеді.
Коммуналдық қызметтер тарапынан сегіз техника жұмылдырылып, шамамен 100 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Тұран ауданы әкімдігінің мәліметінше, мұндай сенбіліктер апта сайын ұйымдастырылып, әрбір шағын ауданды кезең-кезеңімен қамту жоспарланған. Бұл арқылы аудан аумағындағы тазалық пен тәртіпке тұрғындардың өзара жауапкершілігін арттыру көзделіп отыр.
– Қала — бәріміздің ортақ үйіміз. Сондықтан әрбір тұрғын өзінің көшесін, ауланы, айналаны таза ұстауға мүдделі болуы тиіс. Бұл тек әкімдіктің немесе арнайы мекемелердің жұмысы емес. Экологиялық мәдениет – күнделікті дағдыға айналуы керек,-дейді ұйымдастырушылар.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолға алынған. Оның аясында еліміздің барлық аймағында табиғатты қорғау, қоршаған ортаны ластамау, тұрмыстық қалдықтарды жинау және сұрыптау бағытында кешенді жұмыстар атқарылып келеді.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ