Тағдыр жолы қай бұлтарысқа жетелерін білмеудің өзі – бақыт. Білсең, бәлкім, арманға қарай қол созып ұмтылмас па едің, кім білсін?! Музыкаға деген махаббаты театр сахнасына жетелейді деп ойламаған «ҚР Мәдениет саласының үздігі», актриса Қапиза Бәйімбетова – Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының шығармашылығымен бітеқайнасып ғұмыр кешуде. Алпыстың асуынан асқан Қапиза ханым бала күннен актриса болуды армандады десек, ақиқаттан алыстар едік. Бірақ, өнер әлеміне жетуді армандағаны шындық. Әлде, ата-анамыздың қызын актрисалыққа оқуға түскенін қаламайтын кезеңнің ықпалы болды ма екен, сұхбат барысында танысалық.
«Бала күнімде музыка мектебінің домбыра класына барып, арнайы білім алып жүргенімде «Болашақта домбырашы боламын» деп армандайтынмын» деп сөзін бастаған Қапиза актрисаның өмір жолы, көптеген өнер адамдарының жолына ұқсас басталғанын көреміз.
– 1985 жылы Алматыдағы эстрада-цирк студиясына профессор Құбыш Мұхитовтың домбыра шеберлік-сыныбына оқуға түстім. Курста оқып жүргенімде “Актерлік шеберлігі” сабағын Қазақстанның халық артисі Бәйтен Омаров ағай өтетін. Үзінділер ойнаймыз. Алғашында сөзсіз этюд жасатады. Содан соң сөзін қостыратын. Этюд кезінде мінезін дөп тапсам керек, алғаш үзінді алғанда Б.Майлиннің “Майданындағы” әйел ролін маған берді. Осы күні аракідік курстастармен кездесе қалсақ: “Б.Омаров ағай келетін де ең алдымен “Қапиза бар ма?” дейтін. “Қапиза жеке сабақта” десек, “Қапиза келсін, сабақты сосын бастаймын. Күте тұрыңдар” деп күттіріп қоятын» деп әлі күнге күледі.
«Актер шеберлігі» пәнін 5-ке қорғап шықтым. Диплом алайын деп жатқанымда Бәйтен ағай «Домбырашы көп. Сенен жақсы актриса шығады. Сен театрға бар. Театр институтына оқуға түс» деп, актриса мамандығын таңдауыма, өмірлік серік етуіме ықпалын тигізгеніне өмір бойы ризамын. Студияны аяқтаған соң маған Шымкент филармониясына жолдама берді. Елге қайтайын деп поезға билет алып қойғанмын. Жолға шығайын деп жатсам, солтүстік жақтан келген курстас құрбым “Маған Театр институтына жолдама берді. Құжат тапсырайын, бірге жүрші?!” деп қиылды. “Кешке кетемін” десем, “Жүр де, жүр?!” деп қоймады. Қиылғанын қимай қасына еріп бардым. Құрбым талапкерлер жиналатын бөлмеге кіріп кетті. Қолымда домбарам. Құрбымды коридорда күтіп тұрмын. Бір кезде кабинетке қарай Тұңғышбай Жаманқұлов аға келе жатыр екен. “Неғып тұрсың?” деп сұрады. “Құрбым құжат тапсыруға кіріп кетіп еді, күтіп тұрмын” дедім. Қолымдағы домбырама қарап “Домбыра тартасың ба?” деді. “Иә”, деймін. “Ән айтасың ба?” деді. “Иә, аздап айтамын” дедім. Үндемей бөлмеге кіріп кетті. Талапкерлер тарап кетіп жатыр. Құрбым шыға қоймады. Күтіп тұрмын. Бір кезде Тұңғышбай аға шығып “Сен кірші” деді. Аудиторияға кірсем, Қазақстанның халық артисі Хадиша Бөкеева мен Дәурен Абиров деген хорегораф талапкерлер қабылдап жатыр екен. Не керек, жолдамамен барған 8 адамның бәрі құлап, керісінше, аңыз актер Нұрмұхан Жантуриннің шеберлік-сыныбына оқуға мен түсіп кеттім. 1985-89 жылдары Жантуриннің тікелей шеберлік мектебінде білім алып, актерлік шеберліктің қыр-сырын игердім. Өкінішке орай, біздің курс – Нұрмұхан ағаның соңғы курсы болдық.
3 курстың соңында Талдықорғандық жігітке күйеуге шықтым. Тағдыр жетелеп, 1997 жылы Шымкентке оралып, Шанин театрына актриса болып қабылдандым. Театрдың көркемдік жетекшісі Әскер Құлданов ағамыз екен. Мен келген кезде жергілікті ақын Қ.Төлеметовтің “Өткендер мен өткелдер” деген Шәмші Қалдаяқов жайлы поэтикалық-лирикасын сахналағалы жатыр екен. Мені кішігірім эпизодтағы Шәмшінің анасының Елесі роліне екінші құрамға бекітті. Солай, Шанин сахнасындағы шығармашылық жолым басталды.
Ол кезде ертегі өте көп қойылып, кіл түлкіні ойнайтынмын. Ертегімен шыңдалдық. Бір күні екі қолым азық толы сөмкемен дүкеннен келе жатсам, мектептен қайтқан оқушылар “Әне, түлкі-апай кетіп бара жатыр?!” деп бәрі мәре-сәре болып, сөмкемді көтеріп, үйге дейін әкеп бергені бар.
Театрға келгеніме бір жыл болған кез. Сахнада тосын жайттар жиі кездеседі. 1998 жылы Ш.Айтматов пен М.Шахановтың “Миғұла терісі үстіндегі сот” драмасын ҚР Мәдениет қайраткері, режиссер Ә.Құлданов сахналап бастап, Қазақстанның халық артисі Р.Сейтметов межеге жеткізген болатын. Қойылымдағы Бизнесмен жігіттің келіншегі Айсұлуды ойнадым. Айсұлу маған тосыннан бұйырды. Айсұлуды театрдың менен жасы үлкен актрисасы ойнайтын. Роль қатты ұнап, іштей дайындалып жүретінмін. Бір күні “Не дейсің, М.Шаханов спектакльдің дайындық барысын көремін депті?!” деген сөз гу ете қалды. Автор келіп залда отыр. Спектакль басталуы керек. Айсұлуды ойнайтын актриса беймағлұм қалып, ролге шығатын адам табылмай қалды. Әскер ағаға “Мен дайынмын!” дедім. Ол кісі таңданғанымен амалсыз мені сахнаға қосып жіберді. Кейін, осы қойылыммен Түркияға гастрольдік сапарға барып келдік. Осылай, күтпеген жерден көңіліме ұнаған ролдің бұйырғаны бар. Стамбул көрермені өте жақсы қабылдады. Ғалияның роліндегі актриса Нұрғайша екеуіміз қырғыздың әнін екі дауыспен салғанда, түрік көрермендері қол соғып, әкелген гүлдерімен Нұрғайша Ибаділдаева, Нұржамал Қаламбаева үшеуіміздің құшағымызды гүлге толтырған болатын.
2004 жылы Петропавл қаласында өткен театр фестиваліне Ғ.Мүсіреповтың “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” қойылымы қатысты. Мен Баянның анасы Күнікейде екінші құрамда болатынмын. Алғашқы құрамда ойнайтын Қ.Р Еңбек сіңірген әртісі Құпия Рахымбердиева белгісіз себеппен Фестивальге бармай, сапарға шығуға бір күн қалғанда труппа меңгерушісі «Ерғали Оразымбетов шақырып жатыр» деп телефон шалды. Алып ұшып жетсем, “Ертең жолға сіз шығасыз», – деп төбемнен жай түсірмесі бар ма? «Маған репетиция бермедіңіз. Дайындықсыз қалай ойнаймын?» дегеніме қойылымның Режиссері Қ.Р Халық әртісі,еңбек сіңірген қайраткер,профессор Ерғали Оразымбетов: «Ты синяглазая моя, тексті қолыңа ал да, поезда қайталап барасың», – деп шығарып салды. Қазылар алқасында болған Е.Обаев мырза: “Басқаны білмеймін, маған қос ананың рөлі де, сөзі де ұнады” деп баға бергенің өзі қанат бітірді. Сый-сипатты маған табыстап, олжалы қайттым. Д.Исабековтың “Енді қайттік” пьесасымен Алматыда өткен «Д.Исабеков ілімі» атты Халықаралық ғылыми-теориялық фестивальінде қала әкімнің үшінші секретарінің рөлін ойнадым. Театрда бұйырған келелі рөлдер мен эпизодтар, көпшілік сахналарда ойнап келемін.
Бүгінде репертуардан түспей келе жатыр М.Әуезовтың “Қарагөз” трагедиясында /реж.ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаев/ Мөржан бәйбішенің рөлін сомдадым. Шекспирдің “Гамлетінде” Гертруда ханымның рөліне аяқасты шақырылып, табысты оинап шықтым. С.Ахмадтың “Келіндер көтерілісінде” – Фармон бибі, С.Блғабаевтың “Ең әдемі келіншегінде” – Зухра, С.Жүнісовтің “Жаралы гүлдерінде” – Эмма Ивановна, Фаизуллаевтың “Тастандысында” – Гүлшат, Сая Қасымбектің “Палатасында” – Бизнесмен Дана, Чеховтың “Шие бауында» – Шарлотта, Буляковтың «Бақ іздеген бейбақтарында” – Бәтиманы ойнадым. Музыкалық “Құдаша” қойылымдағы Әпкенің рөліне премьераға екі күн қалғанда бұйрық беріліп, «асқанымнан – сасқаным» боп, ән айтпайтын адамға жанды дауыста оркестрмен шырылдатып 5 әнді фальсетпен айтып шыққандағы кейпім әлі есімнен кетпейді. Барзу Абдураззаковтың “Әйел сыры” новелласындағы 6 әйелдің жанайқайы жайлы экспериментальді қойылым /реж.Қуандық Қасымов/ репертуардан түспей келе жатқанына 10 жыл болды.
Сомдаған рөлдерім аз ба, көп пе, ойламадым. Мен үшін маңыздысы – әр рөлімнің көрерменге жеткені.
Алпыстың асқаралы белесінен ауған ҚР Мәдениет саласының үздігі Қапиза Бәйімбетова бүгінгі таңда Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрыныңсахнасында сүйікті рөлдерімен көрерменін қуантып жүр. «Әрдайым көрерменмен бірге болыңыз» деп тілек білдірдік.
Сая ҚАСЫМБЕК, драматург