Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте қала әкімінің орынбасары әрі ресми өкілі Сәрсен Құранбек апта басында болған резонанстық жағдайға тоқталды. Әріптесі туралы қоғамда алып қашпа әңгімелердің айтылып жатқанына тоқталған ол қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған шабуылға қатысты мәлімдеме жасады.
Ресми өкілдің айтуынша, оқиға болған сәтте қала басшылығы, соның ішінде қала әкімі мен оның орынбасарлары, аппарат басшысы түгелдей жұмыс орнында болған. Жедел түрде полиция мен жедел жәрдем шақырылып, Руслан Берденов дереу ауруханаға жеткізілген. Қазір күдікті қолға түсіп, қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Әлеуметтік желілерде тараған түрлі ақпаратты нақтылау қажеттігі туындап отыр. Қала әкімдігі оқиғаның басынан аяғына дейін бақылауда ұстады. Ота аяқталғанға дейін ауруханада болдық, тек түнгі сағат екілер шамасында ғана үйімізге қайттық. Біздің мәлімдеме жасауымыздың басты себебі – тергеу ісіне әсер етпеу. Қылмыстық оқиға болған жерде өкілеттік полиция департаментіне тиесілі. Сондықтан тергеуге қатысты барлық ресми ақпарат тек құқық қорғау органдары тарапынан беріледі. Сонымен қатар, дәрігерлердің кәсіби әрі шұғыл әрекетінің нәтижесінде Руслан Берденовке дер кезінде медициналық көмек көрсетілді. Полиция департаментінің жедел әрекетін де ерекше атап өтеміз», – деді Сәрсен Абайұлы.
Қала әкімдігінің ресми мәліметіне сүйенсек, бұл қылмыстың себебі туралы нақты айту ерте. Тергеу барысы мен ресми түсініктемелер тек полиция департаментінің құзырында. Қазір тергеу жалғасып жатыр. Ал қылмыстың нақты себебі анықталмаған.
Бұдан кейін әкім орынбасары қаладағы әлеуметтік қолдау мен гранттық бағдарламалардың биылғы жоспарына тоқталды. Оның сөзінше, қазір қалада еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамту шаралары белсенді жүргізіліп келеді. Былтыр жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,5% шамасында тіркелген. Мемлекеттік қолдау аясында 2019 жылдан бері әлеуметтік осал топтар үшін 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз гранттар бөлінген. 2023 жылы 138 адам грантты мақсатсыз жұмсағаны анықталса, былтыр бұл сан 36 адамға дейін төмендеген. Нысаналы емес мақсатта жұмсалған қаржының бір бөлігі қайтарылып, қалған сомаға жұмыс істеліп жатыр. Биыл 260 азаматқа тағы да осындай грант беру жоспарланып отыр. Бұл бағдарлама арқылы азаматтарға қаржылай көмек берумен бірге, оларды кәсіпкерлікке бейімдеп, тұрақты табыс көзін қалыптастыру көзделмек.
Сондай-ақ былтыр Шымкент қаласынан барлығы 159 отбасы еліміздің солтүстік өңірлеріне қоныс аударыпты. Қала әкімдігінің мәліметінше, олардың ешқайсысы қайта оралмаған. Ал 2025 жылдың басынан бастап тағы алты адамнан тұратын отбасы қоныс аударған. Бұл үрдіс негізінен жаз және күз мезгілдерінде күшейетіндігіне байланысты алдағы уақытта көші-қон көрсеткіші артады деп күтіледі. Осы орайда жұмыс берушілердің қатысуымен жәрмеңке өткізу де жоспарда бар. Ал биыл шаһардағы аз қамтылған 4 182 отбасындағы 22 215 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Бұл көмек көлемі 589,009 млн теңгені құраған. Соңғы жылмен салыстырғанда көмек алушылар саны 35,1%-ға азайған, бұл жұмыспен қамту шараларының нәтижелі жүргізілгенін көрсетеді.
Жадыра МҮСІЛІМ