Тәуелсіздік жылдары ішінде қазақстандық қоғам үлкен тарихи жолдан өтті. Кеше өзекті болған мәселелер бүгінгі заман талаптарына толық сай келе бермейді. Уақыт өзгерді, қоғам өзгерді, сана өзгерді, қауіп-қатерлер өзгерді, басымдықтар өзгерді. Сондықтан Конституция да заманмен бірге жаңарып, қоғамның жаңа сұранысына жауап беруі тиіс. Ол заманауи құндылықтарды — білімге, ғылымға, қорғанысқа, инновацияға, еңбекқорлыққа, экологиялық мәдениетке бағдарлануды айқын көрсетуі керек. Өйткені дәл Конституция арқылы өмір сапасы мен заңнаманың сапасын бағалайтын негізгі өлшемдер қалыптасады.

Қоғам бір орында тұрмайды, ол күрделене түседі, құндылықтар, басымдықтар, сұраныстар мен қауіп-қатерлер өзгереді. Ал Конституция — осы өзгерістердің бағытын айқындайтын, дамудың құндылықтық және мақсаттық бағдарларын бекітетін басты құжат. Ол — тек құқықтық нормалар жинағы емес, ұлттың стратегиялық даму философиясы.
Кез келген конституциялық жаңғыртудың түпкі мақсаты — билік пен қоғам арасындағы өзара қатынастың жаңа, әділетті әрі ашық моделін қалыптастыру. Бұл шекара үнемі қозғалыста болады, ол уақыттың сын-қатерлеріне тікелей тәуелді. Конституция азаматқа өз құқықтарын нақты қорғауға мүмкіндік беретін тетіктерді қалыптастырады: әділетсіз заңдарды Конституциялық сотта даулауға, мемлекеттік органдардың шешімдерін әкімшілік соттар арқылы қайта қарауға жол ашады. Бұл — құқықтық мемлекет құрудағы ең маңызды сенім институттарының бірі.
Конституция — жылына бір рет еске алынатын символдық құжат емес. Ол — қоғамның бүгінгі тыныс-тіршілігін, оның құндылықтарын, болашаққа деген көзқарасын айқындайтын тірек-негіз. Қоғам дамудың жаңа кезеңіне шықты, ал бүгін біз үшін айқындаушы мәнге ие болған құндылықтар конституциялық мәртебеге ие болды. Бұл — мемлекеттің де, қоғамның да саналы таңдауы. Мен бұл тәсілді толық қолдаймын, өйткені бұл — болашаққа жауапкершілікпен жасалған қадам.
Ардақ МОНТАЕВ,
Саясаттану кафедрасының меңгерушісі PD, доцент
