Редакция таңдауы

ҚОҒАМ ТЫНЫШТЫҒЫ – ОЛАРДЫҢ КҮНДЕЛІКТІ ЕҢБЕГІНІҢ НӘТИЖЕСІ

Қоғамда тәртіп пен қауіпсіздік өздігінен орнай салмайды. Әр адамның алаңсыз жүріп-тұруына, тыныш өмір сүруіне үлес қосып жүрген сала қызметкерлері бар. Солардың бірі – полиция қызметкерлері. Олар – күнделікті өмірде көп көзге түсе бермейтін, бірақ әр сәтте қауіп-қатердің алдын алу үшін аянбай еңбек ететін жандар. Олардың жұмысы – тек қылмыскер ұстау емес, адамның тағдырына араша болу, қоғамда тұрақтылық пен тәртіпті сақтау. Бұл – көзге көрінбейтін, бірақ маңызды еңбек. Жыл сайын 23 маусым – Қазақстан Республикасының полиция күні ретінде аталып өтеді. Бұл күн – полиция саласындағы азаматтардың еңбегіне құрмет көрсетіп, олардың қоғамдағы орнын тануға мүмкіндік беретін кәсіби мереке. Мереке қарсаңында Шымкент қаласы Полиция департаменті Еңбекші аудандық полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлім бастығының орынбасары, полиция майоры Жұманов Ерлан Ержанұлымен сұхбаттастық.

– Ерлан Ержанұлы, құқық қорғау саласы өте күрделі және қауіпке толы жол. Бұл салаға қалай келдіңіз?

– Менің құқық қорғау саласына келуім – кездейсоқ шешім емес, жүрекпен қабылданған таңдау. Бала күнімнен тәртіпке, әділетке жаны жақын адам едім. Әкем де, анам да – қарапайым, адал еңбектің қадірін білетін жандар. Олар маған әрдайым: «Ер азаматтың жолы елге пайда келтіретін жол болуы керек», «Адал бол, әділетті бол, ешкімнің ала жібін аттама, бірақ әлсізге қорған бола біл» дейтін. Осы сөздер менің санамда әрдайым жаңғырып тұрады. Адамдардың тағдырына араша болатын, әлсізге қолдау көрсететін, әділеттілікті орнатуға себепкер болатын жолмен жүруім керек деп шештім. Жоғары оқу орнында оқып жүргенде құқық қорғау органдарының жұмысымен тереңірек таныса бастадым. Ол кезде де бұл саланың оңай емесін білдім. Күнделікті стресс, қауіпті жағдайлар, түнгі кезекшілік, отбасынан алыстау – бәрі бар. Бірақ осының бәрі мені шегіндіре алған жоқ.
Себебі, бұл – ішкі ұмтылыс. Мамандық емес, миссия деп қабылдадым. Содан бастап жолымды нақты осы бағытпен жалғастыруға бел будым. Ол кезде құқық қорғау саласына оқуға түсу өте қиын еді. 87 гранттық орынға 700 адам таластық. Физикалық күш, психологиялық түрде мықтылық бәрі есепте тұрады. Барлық сыннан өтіп, сол гранттың біріне түстім. 2013 жылдан бастап құқық қорғау саласында қызмет етіп келемін. Таңдауыма еш өкінген емеспін. Себебі, менің жұмысым – халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін күрес.

– Бұл салаға келгісі келетін жастарға қандай талап қойылады?

– Іріктеу формалды түрде дұрыс ұйымдастырылған. Тестілеу, дене дайындығы, психологиялық сараптама қарастырылған. Бірақ, қоғам өзгеріп жатыр, адамдармен сөйлесе білу, сабыр, төзімділік, қысымға төтеп беру – бұлар бүгінгі полицияға өте қажет қасиеттер. Қазір күшпен емес, ақылмен жұмыс істеу керек. Сол себепті іріктеу жүйесі де тек қатал тәртіпке емес, адамгершілік, эмоциялық интеллект сынды қасиеттерге де назар аударуы қажет. Дегенмен, біздің салада оқу тоқтамайды. Бірақ, тек заңды жаттап, формулалармен шектеліп қалу аздық етеді. Қызмет барысында әртүрлі мінездегі адамдармен жұмыс істейміз, соны ескеріп, тренингтерде психология, дау-жанжалды жағдайдағы әрекет, барлығы үйретіледі. Бұл салаға келген жас ізденімпаз болса, одан жан-жақты, білікті маман шығатынына сенім мол.

– Бүгінгі қоғамның полицияға деген сенімі жайлы не айтар едіңіз?

– Қоғамда құқық қорғау органдарына деген сенімсіздік көбіне бір оқиғадан немесе жеке қызметкердің әрекетінен туындайды. Біреу жол ережесін бұзып, айыппұлмен келіспейді, енді бірі істің мән-жайын толық түсінбейді. Бірақ, жалпы жүйеге топырақ шашуға болмайды. Сенім – екіжақты: біз ашық болып, заң аясында әділ жұмыс істеп, қоғаммен диалог орнатсақ, халықтың да көзқарасы өзгереді. Салыстырмалы түрде қазір қоғамда құқық қорғау органдарына деген сенім арта түскен. Халықтың білім, көзқарасы қалыптасқан. «Бармақ басты, көз қысты» жағдайларға орын жоқ. Барлық сот процесі онлайн, тікелей эфирде көрсетіледі. Сол үшін де халықтың сенімі артып келеді дер едім.

– Ауыр қылмыстық істі жүргізгенде қандай күйде боласыз?

– Жасыратын түгі жоқ, кейбір істер түн ұйқыңды бұзады. Балаларға қатысты қылмыстық істер, тұрмыстық зорлық-зомбылық – мұндай жағдайлар адам ретінде жүрегіңе қатты әсер етеді. Ішімізде қандай эмоция болса да, оны сыртқа шығару – кәсібилікке жат. Сол үшін құқық қорғау саласының мамандарына да кәсіби қолдаумен қатар, адам ретінде моральдық демеу қажет. Әр іс – бір тағдыр. Ал біз сол түрлі тағдырдың ортасында жүреміз. Кейде заң мен ар-ождан арасында таңдау жасауға тура келеді. Дегенмен, заң бәріне ортақ. Мұндай сәттерде ішкі арпалыс басталады. Бірақ біз – заң қызметкеріміз, сондықтан шешім заң аясында қабылдануы тиіс. Дегенмен, жағдайға қарай кеңес беріп, адамгершілікке салатын сәттер де кездеседі. Бұл жерде тепе-теңдікті ұстау өте маңызды.

– Полиция беделін көтеру үшін қандай нақты жұмыстар атқарылды?

– Соңғы жылдары едәуір өзгеріс бар. Материалдық-техникалық база жақсарды: жаңа көліктер, заманауи байланыс құралдары, «Сергек» жүйесі. Бірақ меніңше, ең маңызды өзгеріс – ішкі санада. Қазір біз тек «тәртіп сақшысы» емес, қоғаммен ашық жұмыс істейтін қызметкер қалыптастыруға ұмтылып жатырмыз. Мектептерге, қоғамдық орындарға жиі барып, халықпен етене жақын араласып жүрміз. Бұл – имидж үшін емес, сенім үшін. «Сергек», «Цифрлық полиция» сияқты жүйелердің тиімділігі өте жоғары. Мәселен, «Сергек» – жолдағы тәртіпке үлкен әсер етті. Камера бәрін тіркейді, адам факторы азаяды, дау туындамайды. Ал, «Цифрлық полиция» халыққа ыңғайлы болды: өтінішті онлайн беруге болады, процесті қадағалай алады. Бұл жүйелер бізге де, азаматтарға да уақытты үнемдеуге, әділдікке сенуге мүмкіндік береді. Әрбір сатыда ашықтық бар. Бұл – үлкен жетістік.

– Қоғаммен байланыс орнатуда не жетіспейді?

– Коммуникация әлсіздеу. Көбіне, халық пен полиция арасында диалог жоқ. Адамдар бізді тек жаза қолданушы ретінде көреді. Бұл стереотипті бұзу үшін ашық кездесулер, сұрақ-жауап форматындағы жиындар керек. Әр учаскелік инспектор өзінің аймағындағы адамдармен жақсы таныс болуы шарт. Қоғам бізді тек оқиға болғанда емес, күнделікті өмірде де көріп, сезінуі тиіс.

– Жұмыстан шаршайтын, қажитын сәттер бола ма?

– Әрине, болады. Бұл қызметтің көрінбейтін жүгі көп: психологиялық қысым, отбасынан алшақтық, қоғам тарапынан түсінбеушілік. Бірақ, бір адамға көмегің тигенде, бар шаршауың ұмытылады. Әсіресе, жақындарыңның сенімі мен қолдауы – ең үлкен демеу.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Соңғы жаңалықтар