
Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, қала дамуына қатысты маңызды мәселелер талқыланды. Жиынды Қоғамдық кеңес төрағасы Бұхарбай Парманов жүргізіп, отырысқа кеңес мүшелері, салалық басқармалар өкілдері және БАҚ қатысты.
Күн тәртібінде жер қатынастары, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығы, азаматтық қорғаныс, сондай-ақ энергетика және инфрақұрылымды дамыту салаларындағы атқарылған жұмыстар қаралды. Басқарма басшылары өз бағыттары бойынша жасалған жұмыстар мен жоспарлар туралы баяндама жасап, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін негізгі көрсеткіштер мен нәтижелерді ұсынды.
Кеңес мүшелері баяндамаларды талқылап, мемлекеттік органдардың жұмысын жетілдіруге бағытталған ұсыныстарын білдірді. Кейбір өзекті мәселе қоғамдық бақылауға алынатыны айтылды. Бұл — қаладағы ашықтықты арттыруға, тұрғындардың сұранысына жедел жауап беруге мүмкіндік.
Отырыста оқылған баяндамалардан, көтерілген мәселелерден Шымкенттің тұрақты дамуы мен халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған ортақ бастамалардың нақты орындалып жатқанын байқадық.
Бұл — қала тұрғындары үшін маңызды. Себебі Қоғамдық кеңес мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етіп, халық пен билік арасындағы көпір қызметін атқарады.
Салалық басқармалардың есептері алдағы жұмыстың бағыт-бағдарын айқындауға, тұрғындар мүддесіне сай шешімдер қабылдауға негіз болмақ.
