Редакция таңдауы

«Қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау мәдениеті».

Қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау мәдениеті еліміздің әр бір азаматына белгілі. Қоғамдық орындарда өзін дұрыс ұстай білу өте маңызды. Себебі біз көп уақытымызды көшеде, көлікте бейтаныс адамдардың ортасында өткіземіз. Көшеде де, қоғамдық көлікте де өзін-өзі ұстаудың басты ережесі – басқаларға қолайсыздықтар мен қиындықтар туғызбау.

Дегенмен қоғам арасында бұл ережелерге немқұрайлықпен қарайтындар аз емес. Елімізде қоғамдық орындарда былапыт сөйлеп, жеке тұлғаларға зәбірлеп тиiсуді жөн көретін немесе айналасындағыларға құрметпен қарамауды бiлдiретiн, қоғамдық тәртiп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер жасайтын азаматтарымыз баршылық.

Осындай әрекеттер жасаған азамат үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 434-бабының талаптарына сәйкес жауапкершілік көзделген. Яғни қоғамдық орындарда жоғарыда көрсетілген әрекеттерді жасаған азаматқа айыппұл салу немесе әкiмшiлiк қамаққа алу шарасы қарастырылған.

Одан бөлек қоғамдық жерлерде қылмыс жасап, соның азабын көріп жатқандарда аз емес.

Айтар болсақ ағымдағы жылдың бас кезінде «Б» есімді азамат өзінің таныстарын көше бойында кетіп бара жатқанын көріп, оларды тоқтатып, бірге отырып өзара әңгімелесіп тұрып, өздерімен бірге болған спирттік ішімдікті ішіп тұрған. Сол кезде «Б» есімді азамат масаң күйде, көшенің бойында қоғамдық орында, барынша арсыздықпен сол жерде болған жәбірленуші «Е» есімді азаматқа қарап, ар-намсына тиетін сөздерді айтып, қоғамдық орында көшенің бойында, болмашы себептерді негізге алып, барынша арсыздықпен, қоғамдық тәртіпті қоғамды құрметтемеу анық көрінетін әрекеттер жасап, ас үй пышағын өзінің оң қолына алып, жәбірленуші «Е» есімді азаматтың артынан барып, сол жақ жамбас тұсынан бір рет соққы жасап, оның денсаулығына зиян келтірген.

Нәтижесінде «Б» есімді азамат Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған бас бостандығын айыру түріндегі жазасы тағайындалған.

Сондықтан қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау мәдениетін сақтамаған азаматтар шығынға батып, өз қалтасынан айыппұл төлеп қана қоймай, жазасын темір тордың аржағында өтеуі әбден мүмкін екендігін біле білген жөн.

Еңбекші ауданының прокуратурасы

Соңғы жаңалықтар