Құқық қорғау органдары мен өзге де мемлекеттік органдардың үйлестіру кеңесі өтті. Онда есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мен жасөспірімдер қылмысының алдын алу мәселесі қаралды.Жиынға құқық қорғау және мемлекеттік органдардан бөлек, мәслихат депутаттары, діни ұйымдардың басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, қоғамдық ұйымдар, бизнес қауымдастықтар, мектеп басшылары, оқушылар және олардың ата-аналары қатысты.

Қазіргі таңда жастар арасында құқық бұзушылықтың көбеюі – алаңдатарлық жағдай. Сол себепті де аталған мәселелер Үйлестіру кеңесінің күн тәртібіне енгізіліп отыр.
Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов заң мен тәртіп қағидаты аясында аталған екі мәселе бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Прокуратураның мәліметінше, биыл кәмелетке толмаған 5 жасөспірімнің есірткі сату дерегі тіркелген. Шымкент қаласында есірткімен байланысты қылмыс саны 3,2 пайызға өскен. Бұл ретте, прокуратураның үйлестіруімен нашақорлықтың алдын алу және есірткі бизнесіне қарсы күресте ауқымды шаралар атқарылып жатқанын, есірткімен күрес әрбір мемлекеттік органның тікелей міндеті екенін атап өтті.
Қала прокуратурасының бастамасымен бүгінде «Құқықтық тәртіп және тазалық» жобасы аясында қалалық коммуналдық қызмет өкілдері – «Тазалық сақшылары» құқық бұзушылықпен күресте белсенді көмек көрсетіп келеді. Олардың қырағылығының нәтижесінде қала көшелеріне есірткі заттарын сататын интернет-дүкендердің жарнамасын жазып жүрген азаматтар қолға түскен.
Шымкент қаласының Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Құрманбек Сахов 2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Оның мәлімдеуінше, 10 айда кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс 136 пайызға өскен. Оның басым бөлігі – ұрлық.
Полиция қызметкерлері қазіргі таңда құқық бұзушылықты анықтауда арнайы техника (дрон) қолданып жатыр. Кезекті рейд барысында дронның көмегімен есірткіні жарнамалап жүрген көрші елдің азаматы ұсталыпты. Департамент 1713 интернет-сайтты бұғаттаған.
Басқосуда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жастардың бос уақытын тиімді өткізу, қосымша білім беруде жұмысты жандандыру қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ, іс-шарада мектеп оқушылары да жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуда бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Тағабай ҚАСЫМОВ
