Шаһардағы Шұғыла шағын ауданында құқық қорғау және татуласу орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа орталықтың мақсаты – азаматтардың құқықтарын қорғау, құқықтық сауаттылығын арттыру және дауларды сотқа дейінгі тәртіппен шешуге ықпал ету.
Құқық қорғау және татуласу орталығы «Қазақстан кәсіби медиаторлары мен құқықтық кеңесшілер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті, медиатор, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Этномедиация кеңесінің төрайымы Дана Кенжеқұлованың бастамасымен ашылып отыр. Іс-шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары Данабек Исабеков, Жарқынбек Амантайұлы, судьялар, ЖОО оқытушылары қатысып, орталықтың жұмысына сәттілік тіледі.
Мұнда тұрғындарға тегін құқықтық кеңестер беріліп, татуластыру рәсімдері жүргізіледі. Орталықта адвокаттар, медиаторлар, психологтар және өзге де тиісті сала мамандары бірлесіп, қызмет көрсетеді. Орталықтан арнайы этномедиация кабинеті жабдықталып, этнос өкілдерінен сотқа келіп түскен арыз-шағымдар мен дау-дамайларды этномедиаторлардың көмегі арқылы татуластыру, реттеу көзделуде.
Т.ДҮЙСЕНБЕКҰЛЫ