Шымкент қаласында Қырғыз Республикасының Құрметті консулдығы ашылды. Бұл оқиғаның маңызды саяси және символдық мәні бар. Ол Қазақстан мен Қырғызстанның бауырлас халықтар арасындағы тату көршілікті, өзара түсіністікті және ғасырлар бойғы достықты одан әрі нығайтуға деген ұмтылысын растайды. Екі елді ортақ тарихи тамыр, тіл, мәдениет және рухани құндылықтар біріктіреді.
Салтанатты іс-шараға Ош қаласы әкімінің бірінші орынбасары Адилет Шаршеналы-уулу, Қырғыз Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Женишбек Асанкулов және Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов, сонымен қатар екі елдің бірқатар кәсіпкерлері қатысты.
– Құрметті консул – бұл тек Қырғыз Республикасының өкілі емес, ол екіжақты маңызды дипломатиялық, қоғамдық міндет мойнына жүктелетін адам. Қырғызстан мен Қазақстан тек көршілес, бауырлас ел ғана емес, бізді терең тарих, ортақ мәдени мұралар байланыстырады. Біз көп ғасырлардан бері иықтасып тату-тәтті өмір сүрдік. Тәуелсіздіктен кейін де сенімді, тату қарым-қатынас құра білдік. Осының нәтижесінде 200-ден аса келісімге қол қойылды. Қазақстан – Қырғызстанның сауда саласындағы ең жетекші серіктесі. Сауда көлемі жыл өткен сайын көбейіп келеді. Шымкент қаласы – Қазақстанның маңызды стратегиялық мәдени орталығы. Бұл шаһарда тұратын жерлестеріміз айтарлықтай баршылық. Бүгінгі консулдықтың ашылуы сол Шымқалада уақытша тұрып жатқан қырғыздардың өтініш-тілегіне дер кезінде құлақ асудың мүмкіндігі. Сонымен бірге құрметті консулдық кәсіпкерліктің жаңа арнасын ашуға, екіжақты экономикалық бастамаларға, инвестиция тартуға, логистикалық сауда дәліздерін, жастардың стартаптарын қолдауға тамаша мүмкіндік. Әрі қарай жаңа тынысы ашылады деп сенемін, – деді Женишбек Асанкулов.
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асыловта құрметті консулдықтың ашылуында сөз алды.
– Құрметті консулдықтың ашылуы – бұл екіжақты өзара іс-қимылды дамытудағы және мемлекетаралық байланыстарды тереңдетудегі маңызды қадам. Бұл дипломатия, экономика, мәдениет және гуманитарлық алмасу саласындағы әріптестікті ілгерілету үшін тиімді платформа боларына сенімдімін. Шымкент қаласы – Қазақстанның ірі мегаполистерінің бірі, өнеркәсіптің, логистика мен мәдениеттің қарқынды дамып келе жатқан орталығы. Біз сындарлы ынтымақтастыққа ашықпыз және бірлескен бастамаларды іске асыруға жәрдемдесуге дайынбыз. Біздің қаламызда құрметті консулдықты ашу туралы шешім қабылдағаны үшін Қырғыз Республикасының Үкіметі мен Алматыдағы консулдыққа алғысымды білдіремін. Бұл жоғары деңгейдің көрінісі, – деді Қуаныш Жұмабекұлы.
Салтанатты жиын барысында екі елдің жетекші кәсіпкерлері өз компаниясы мен өнімі жайлы айтып, бейнероликтер көрсетілді.
Шара соңында екіжақты қарым-қатынастарды дамыту мен ортақ бастамаларды іске асыру бойынша Шымкент пен Ош қаласы әкімдіктері әріптестігінің 2025-2028 жылдарға арналған жол картасына қол қойылып, таныстырылды.
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ