
Бүгінде Шымкент қаласы нағыз алып құрылыс алаңына айналды. Соңғы жылдары мұнда жекелеген ғимараттар ғана емес, тұтас жаңа шағын аудандар бой көтеріп, мегаполистің келбеті айтарлықтай өзгерді. Қала аумағында әлеуметтік маңызы бар нысандар, жол және инженерлік инфрақұрылым жүйелері, заманауи көпқабатты тұрғын үйлер қарқынды түрде салынып жатыр.
Ресми деректерге сүйенсек, соңғы жылдары Шымкентте тұрғын үй құрылысының көлемі айтарлықтай өскен. Қазір мегаполисте әр жыл сайын шамамен 1 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынады. Құрылыс саласының осылайша өркендеуі қала экономикасына тың серпін беріп отыр. Бұл бағытта мыңдаған адам жұмыспен қамтылып, құрылыс материалдары өндірісі, көлік-логистика, сауда, қызмет көрсету сияқты салаларға да мультипликативті әсерін тигізуде. Шымкентте құрылыс көлемінің ұлғаюы мен тұрғын үй пайдалануға берудің артуы — мегаполистің экономикалық әлеуетінің тұрақты өсіп келе жатқанын айғақтайды.
Жаңарып, жаңғырып келе жатқан Шымкент бүгінгі таңда Қазақстандағы ең қарқынды дамып жатқан мегаполистердің біріне айналды. Құрылыс индустриясының өрлеуі тек қала архитектурасын өзгертумен шектелмей, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, жаңа инфрақұрылымдық мүмкіндіктердің қалыптасуына және жалпы урбанистік мәдениеттің дамуына үлкен үлес қосуда.
Дегенмен, кейде құрылыс саласында кейбір кемшіліктердің орын алатыны, сапасыз жұмыстардың да кездесіп қалатыны жасырын емес. Мамандар бұл түйткілдің себебі тек сапасыз материалда емес, бақылау жүйесінің әлсіздігінде жатыр деп топшылайды. Құрылыс саласында елуден аса жыл еңбек еткен маман Ерлан Қабденов кезінде бір нысанға 10-15 маман жауапты болса, қазір бар болғаны 4-5 адамның бақылауымен шектелетінін айтады. Авторлық және техникалық қадағалау кезінде кейде кейбір олқылықтардың көзге ілінбей қалатынын айтты.
Шымкентте де жарты жыл бұрын мүгедектер мен көп балалы отбасыларға берілген баспаналарда айтарлықтай ақаулар анықталыпты. Жаңа үйдің шатырынан су тамшылағаны аздай, жертөлесі де құрғамай, электр жарығы да жиі өшіпті. Қыста пәтерлері, тіпті, жылымаған. Құзырлы органдар тексеру жүргізген кезде мердігер компанияның 54 пәтерлі баспанаға жеке үйге арналған шағын сорғы орната салғаны анықталған. Бұған ұқсас жағдайлар жиі болмаса да, ара-тұра айтылып қалады екен.
Құрылыс саласындағы кемшіліктер қала әкімдігінің де, өзге құзіретті органдардың да назарынан тыс қалып жатқан жоқ. Қалада құрылыс сапасына қатысты кемшіліктерді жою және белгіленген стандарттарды сақтамаған мердігерлерді жауапқа тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Нақтырақ айтар болсақ, қалалық құрылыс басқармасы құрылысқа қойылатын талаптарды сақтамай, сапаны ақсатқа компанияларға жалпы көлемі 176,5 миллион теңге айыппұл салынғанын мәлімдеді. Бұл қаржы мердігер ұйымдардың келісімшарт талаптарын орындамауы және техникалық пен авторлық қадағалау тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігіне байланысты өндірілген. Басқарма 2023 жылы дәл осындай бұзушылықтар саны бұдан да көп болғанын хабарлаған. Ал, қалада былтырғы тексерістердің қорытындысы бойынша үлескерлік қатысу туралы заңнаманы бұзған 17 құрылыс компаниясына әкімшілік айыппұл салынған.
Бұдан бөлек, құрылыс сапасына байланысты да заң бұзушылықтар тіркеліпті. 36 құрылыс нысанына әкімшілік хаттамалар толтырылып, 24 902 040 теңге айыппұл салынған. Соның 16,4 миллион теңгесі өндірілген. Жалпы былтыр Шымкентте 168 құрылыс нысанына қатысты әкімшілік жауапкершілік қолданылған. Айыппұлдардың көлемі 107 миллион теңгеге жуықтағаны мәлім болған. Пәтер сапасына қатысты азаматтардан түсетін шағымдардың басым бөлігі жертөлеге су кіруі, қасбеттің су өткізуі, ішкі әрлеу жұмыстарының дұрыс орындалмауы сияқты құрылыс ақауларына байланысты екен. Ал бұл мердігер компаниялардың жауапкершілігіне жататын жұмыстар. Айта кету керек, бұрын тұрғын үйлерге 5 жылдық кепілдік берілсе, қазір бұл мерзім 7 жылға дейін ұзартылған. Ал егер келісімшартта арнайы көрсетілмесе, Азаматтық кодекске сәйкес, кепілдік 10 жылға дейін болуы мүмкін. Кепілдік негізінен үйдің сапасына тікелей қатысы бар маңызды элементтерді қамтиды. Мысалы, іргетас, қабырға немесе шатыр секілді негізгі конструкциялар, сондай-ақ жертөле, қасбет пен инженерлік жүйелердің басты бөліктері кепілдік шеңберіне кіреді. Қазір үйді пайдалануға беру кезінде арнайы қабылдау комиссиясы жұмыс істейді. Оның құрамына авторлық және техникалық қадағалаушылар, мердігер өкілі және тапсырыс беруші жергілікті атқарушы органның өкілдері кіреді. Олар нысанның сапасын тексеріп, пайдалануға жарамды деген шешім шығарады. Ал пәтер тұрғындарға тапсырылғаннан кейін жауапкершіліктің бір бөлігі тұрғындардың өзіне өтеді.
Айтқандай, өткен аптада қала әкімдігінің ресми өкілі Сәрсен Құранбек қала аумағында салынған тұрғын үй кешендеріне қатысты шағымдардың барын жасырмады. Мәселен, «Стандарт Сити» кешені жеке қаражат есебінен салынып, 2021 жылы пайдалануға берілсе де, екі жыл өтпей жатып жертөлеге су өтуі, қасбеттің ажырауы секілді мәселелер тіркелген. Прайм-Парк кешенінде де жағдай осыған ұқсас. 2023 жылы пайдалануға берілгенімен, 2024 жылы тұрғындардың арызынан кейін паркингке су өтуі, қасбет элементтерінің сынуы, абаттандырудағы кемшіліктер анықталыпты. Қаратау ауданындағы Әдия, Жас Отау-Тұран, Отау-сити, Шахристан сияқты тұрғын үй кешендерінде де жылу жүйесінің дұрыс істемеуі, су кету, қасбет пен инженерлік желілердің ақауы секілді қайталанатын мәселелер тіркеліпті. Кейбір мердігер мекемелер кемшіліктерді түзегенімен, құрылыс басталған сәттен жауапкершілікпен қарамағаны да айтылды. Әсіресе, Шахристан кешенінде құрылыс нормаларын сақтамағаны үшін «Базиса» ЖШС-не шара қолданылып, нұсқама берілген. Ең ауыр шара Бұзақ шағын ауданындағы №27, №28 үйлерге қатысты болған. Мұнда анықталған кемшіліктер үшін «Қазақ сәулет бір» ЖШС-нің лицензиясы тоқтатылып, жобалық-сметалық құжаттамаға оң қорытынды берген «Қазэкспертпроект» ЖШС де жауапкершілікке тартылып, 2,7 млн теңге айыппұл салынып, аккредиттеу куәлігінен айырылды. «Алтын Әлем», «Бәйдібек би» тұрғын үй кешендерінде де белгілі бір кемшіліктер болғанымен, мердігерлер оларды түзеткен.
Былтыр ақпаннан бері Парламент Мәжілісінде талқыланып жатқан жаңа Құрылыс кодексінің жобасы қоғамда үлкен қызығушылық тудырып отыр. Себебі, құжат еліміздегі құрылыс саласының жүйелі мәселелерін реттеп, адам қауіпсіздігін бірінші орынға қоюды көздейді. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің айтуынша, кодекс әзірлеу барысында құрылыс компаниялары тарапынан белгілі бір лоббилік ықпал байқалған. Бұл ең алдымен кепілдік мерзімдерге қатысты нормада көрініс тапқан. Азаматтық кодекске сәйкес, құрылыс компаниялары пайдалануға берілген нысан үшін 10 жылға дейін жауапты болуға тиіс. Алайда жаңа жобада кепілдік мерзімін мердігердің өзі белгілеуі мүмкін деген түзету ұсынылған. Бұл құрылыс компанияларын жауапкершіліктен босатуға жол ашатыны анық. Сондықтан депутат бұл норманы әділ емес деп санап, қарсы пікір білдірген. Депутат атап өткендей, құрылыс нарығындағы тәртіпсіздік пен бақылаудың әлсіздігі жобалаушылар мен сарапшылардың көбейіп кетуіне әкелген. Құрылыс процесін толық цифрландыру жемқорлықты азайтып, ашықтықты қамтамасыз ететін маңызды қадам. Нысанды жобалаудан бастап оны бұзу процесіне дейін барлығы ақпараттық жүйе арқылы бақылануы саланың заманауи талаптарға сай дамуына жол ашады.
Әрине, мұндай түсініксіз нормалар тұрғын үй құрылысы саласында да жеткілікті. Құрылыс инженері Ербол Сүлейменовтің пікірінше, құрылыс нысанын пайдалануға беру процесіне төрт негізгі тарап қатысады:
тапсырыс беруші, мердігер компания, техникалық-авторлық қадағалау және мемлекеттік қабылдау органы. Әрқайсысы өз құжаттарына рет-ретімен қол қойып, жұмыстың орындалуына жауап береді. Соңғы шешімді мемлекет қабылдайды. Алайда, нысан пайдалануға берілген соң кепілдік мерзімі ішінде ақау анықталса, қазіргі заңнамамен толық жауапкершілік тек мердігер компанияға жүктеледі екен. Мемлекеттік бақылау органдары немесе жергілікті атқарушы органдар материалдық немесе құқықтық тұрғыда жауапқа тартылмайды. Өйткені мемлекет құрылыс процесінің әрбір кезеңіне араласып отырса, мердігер компанияның еркіндігі шектеліп, олар керісінше жұмыстың жүрмей жатқанын алға тартып шағым айтуы мүмкін. Сол себепті мемлекет тек лицензия беру және қабылдап алу арқылы реттеп, негізгі жауапкершілікті мердігерге береді. Құрылыс сапасыз болса немесе кепілдік мерзімі ішінде ақаулар анықталса, мұндай компаниялар қара тізімге енгізіледі, лицензиясынан айырылуы мүмкін. Көптеген құрылыс компанияларының басшылары сапасыз жұмыс немесе заңбұзушылық үшін сотталған жағдайлар да бар.Сондай-ақ ол шетелдік тәжірибеде кепілдік беру жүйесімен қатар, мердігер компания тек нысанды салып қана қоймай, оны белгілі бір уақыт бойы қызмет көрсетумен қамтамасыз ететінін айтады. Яғни үйді салған компания өзі қызмет көрсетіп, ПИК сияқты бөлек сервистік ұйым арқылы тұрғындармен жұмыс істейді. Бұл компанияның жауапкершілігін күшейтеді әрі сапаға деген көзқарасын өзгертеді. Қазақстанда мұндай жүйені BI Group сияқты компаниялар енгізіп жатыр. Олар үйді салып қана қоймай, кейін өз сервистік компаниясы арқылы техникалық қызмет көрсетеді. «Бізде керісінше мердігер үйді салып тапсырады да, одан кейін нысаннан толық қол үзіп кетеді. Тұрғындар мәселесін ПИК немесе басқа компаниялар өзі шешеді. Бұл сапа мен жауапкершілік арасындағы байланыс үзілетін тұс. Тағы бір өзекті мәселе, мемлекеттік жобалардың сметалық құжаттары ұзақ уақыт бойы келісіліп, құрылыс басталғанша бағаның өсуіне әкеледі. Мысалы, мектеп, аурухана немесе тұрғын үй салу жоспары президент жолдауынан кейін бірнеше жыл қаралып, сметасы бекітіліп, қаржыландыруы кешігіп келеді. Осы уақыт ішінде құрылыс материалдарының бағасы өсіп кетеді. Соның салдарынан мердігер шығынға батпас үшін сапаны төмендетуге мәжбүр немесе жобадан бас тартады. Кейбір компаниялар тәуекелге барып құрылысты бастап, кейін бюджет есебінен шығынын жаппақ болып, заң алдында жауапқа тартылып жатады. Сондықтан құрылыс жобасы нақты уақыттағы нарықтық бағамен, бюрократиялық кешеуілсіз жоспарлануы керек. Бұған қол жеткізілсе, сапасыз құрылыс, аяқталмай қалған жобалар мен жауапкершіліксіздік азаяр еді.
Кепілдік мерзімі бұрын Қазақстанда 3 жыл болатын, қазір 10 жылға дейін ұзартылды. Бірақ кепілдік уақытын ұзартып қою жеткіліксіз, мұны орындайтын нақты механизм болуы шарт. Мысалы, мердігер компания үйді салып қана қоймай, кемінде 5-10 жыл оның қызмет көрсетуіне міндеттелсе, мәселе әлдеқайда тиімді шешілер еді. Бұл тұрғындардың да, компанияның да мүддесін қорғайтын теңгерімді жүйе қалыптастырады», дейді маман.
Құрылыс саласы мамандарының айтуына қарағанда, ғимаратты техникалық сараптамадан өткізудің басты мақсаты –нысанның жалпы жағдайын бағалау, ақауларды анықтау және оның пайдалануға қауіпсіздігін тексеру болып отыр. Құрылыс барысында жиі кездесетін ақаулардың ішінде іргетастың дұрыс таңдалмауы, оның отыруы, механикалық немесе физикалық зақымдануы бар. Әсіресе, гидроизоляцияның дұрыс жасалмауы көпқабатты үйлердегі ең жиі проблема көрінеді. Жобалар қағаз жүзінде өте сапалы дайындалғанымен, іс жүзінде қаржы үнемдеу немесе дұрыс есептемеу салдарынан құрылыс стандарттары сақталмайды. Нәтижесінде, 1-2 жыл немесе 5 жылдан кейін ақаулар көріне бастайды. Сол үшін кепілдік мерзімі ішінде ақауларды дер кезінде анықтап, құрылыс компаниясынан талап ету керек. Әйтпесе, іс сотқа өтіп, ұзаққа созылады. Инженер мамандар болса құрылыс кезіндегі негізгі қателіктердің бірі гидроизоляция технологиясының сақталмауы екенін айтады. Жобада сапалы гидрооқшаулағыш материалдар пайдаланылуға тиіс болғанымен, іс жүзінде мамандардың жеткіліксіздігі мен жұмыстың асығыстықпен атқарылуы салдарынан бұл талаптар орындалмайды.Оның айтуынша, бетон толық кеппей жатып гидроизоляция қабаты жағылған кезде материал мен іргетас арасында бос кеңістік қалады. Бұл жерге ылғал жиналып, қыс мезгілінде мұзға айналып, жабынды жыртып жібереді. Кейін жерасты сулары ғимаратқа өтеді. Сонымен қатар, іргетастағы технологиялық тесіктер уақытында жабылмай, су өткізу қаупін арттырады. Бұған қоса сарапшылар елімізде құрылыс мамандарының жетіспеушілігі өткір мәселе екенін жиі айтып келеді. Айталық, Жоғары оқу орындарына түсетін студенттер саны жеткілікті болғанымен, сапалы инженерлер мен тәжірибелі кадрлар азайып барады. Жастардың IT, маркетинг, PR сияқты мамандықтарға кетуі құрылыс индустриясын кадрсыз қалдырып отыр. Дегенмен, мәселе шешілді деп айту ерте. Өйткені ақау қайта қайталанбауы үшін тек нұсқама беру жеткіліксіз. Бұл орайда сапа мәдениетін қалыптастыратын тұрақты бақылау, кәсіби жауапкершілік пен қоғам алдында есеп беру жүйесі қажет-ақ.
Жадыра МҮСІЛІМ
