Редакция таңдауы

«Құрылысшы болу да үлкен өнер»

«Хабар» телеарнасы еңбек адамының беделін көтеруді мақсат еткен «Шеберлер шайқасы» атты реалити-шоу ұйымдастырған еді. Жоба медиа жұлдыздарды емес, маңдай терімен еңбек етіп жүрген нағыз мамандарды көрерменге танытуды көздейді. Бағдарламада қатысушылардың жетістігі қаралым мен лайкпен емес, нақты іспен өлшенді. Түрлі сала шеберлері Бас жүлде – 5 миллион теңге үшін бақ сынады. Аталған жобада шымкенттік құрылыс шебері Бақытжан Ормолдаев үздіктер қатарынан көрініп, 2 миллион теңге жүлдені иеленді. Орайы келгенде жерлесімізді жеңімпаз болуымен құттықтап, әңгімеге тартқан едік.

– Бақытжан Бейсенбайұлы, алдымен өзіңіз туралы айтып өтсеңіз…

– Мен Түркістан облысы Созақ ауданында дүниеге келгенмін. Ата-анам кейін Шымкентке көшіп келіп, осында еңбек етті. №40 мектепте оқыдым. Мектептен соң «әлемдік экономика» мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Дегенмен, бала кезімнен әкемнің қасында жүріп, құрылысқа ерте араласқан соң бұл сала маған жақын болып кетті.

Өз мамандығым бойынша да жұмыс істедім, одан кейін шамамен 10 жыл өрт сөндіруші болдым. Ол кезде бір күн жұмыс істеп, үш күн демалыс берілетін. Сол бос уақытымда құрылысқа барып, қосымша еңбек еттім. Ақырында осы салаға біржола келдім. Қазір есептесем, құрылыс саласында жүргеніме 17 жыл болыпты.

Жұбайым балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді. Біздің үш ұлымыз бен бір қызымыз бар. Бала-шаға болған соң бір айлыққа қарап отыру қиын. Құрылыс саласының жақсы тұсы – еңбегіңе қарай табыс табасың. Әкем ізімнен ерген інімді де кішкентайынан осы салаға баулыды. Қазір екеуміз де құрылыс арқылы нәпақамызды тауып жүрміз.

Бүгінде құрылыс саласы қатты өзгерді. Ауыр жұмыс азайды, көп дүниені техника атқарады. Бұл уақытты да үнемдейді. Мысалы, бұрын бір есікті орнатуға бір күніміз кететін. Қазір бір күнде 4-5 есікті еш қиындықсыз қоямыз. Күн ұзаққа құлыпты қашаумен ойып отыратын заман өтті. Арнайы құралдардың көмегімен бәрін әп-сәтте бітіресің.

 

– «Шеберлер шайқасына» қалай келдіңіз?

– Интернеттен хабарландыруды көріп, өзім өтініш бердім. Бірден айтайын, жобаға ақша үшін емес, өзімнің шеберлігімді сынау үшін бардым. Өтініш бергеннен соң 2–3 күнде хабарласып, телефон арқылы анкета толтырдым. Көп ұзамай телеарнадан шақырту алдым.

Бірінші кезеңде әр сала бойынша жиналған 5 маман сайысқа түсті. Мысалы, біздің топта 5 құрылысшы болды. Соның ішінен кірпіш қалау тапсырмасын орындау арқылы біреуіміз ғана іріктеліп шықтық. Осылайша сантехниктер, электриктер, аспаздар, тігіншілер, механиктер, өрт сөндірушілер, фермерлер, ағаш шеберлері, дәнекерлеушілер арасынан үздіктер таңдалып, екінші кезеңге өтті.

Екінші кезеңде барлығымыз бірігіп, екі командаға айналдық. Мен біздің команданың капитаны болдым. Алдымен қоқыс жинап, оның әр келісіне ақша алдық. Бұл кезеңде біз жеңілдік. Кейін тауға апарды. Онда кофехана соғу керек болды. Қажетті құрал-жабдықтардың бәрі дайын екен. Кофеханамызды көршілеріміздікінен ерекше әрі келушілерге жайлы етіп жасауға еш қиындық тумады. Қоқыс теріп тапқан ақшамызды командадағы аспазға беріп, оны азық-түлікке үнемдеп жеткізуді тапсырдым. Аспазымыздың шабытпен жасаған палауы туристердің көңілінен шығып, олардың ілтипаты кофеханамыздың ішін жылулыққа бөлеп жібергендей болды. Әлбетте біздің команда жеңіске жетті. Айта кетейін, түскен ақшаның барлығы қайырымдылыққа берілді.

Ал, финалдық кезеңде біздің физикалық тұрғыдан дайындығымыз сыналды. Құдды әскерде жүрген сарбаздардай көптеген кедергілерден өттік. Жүгірдік, секірдік, одан бөлек белгіленген шақырымдарды уақытында орындау керек болды. Соңында тереңдігі 3 метр, ұзындығы 500 метр болатын көлге келіп жеттік. Сол жерде бөренелерді бір-біріне байлап, сал жасау арқылы көлдің арғы бетіне өту тапсырмасы берілді. Бұдан төрт адам өттік, бір адам денсаулығына байланысты сайыстан шет қалды. Ол жақта біздің алдымызда 100 жәшік тұрды. Әр жәшіктің ішінде шар, ал тоғыз шардың ішінде кілт бар. Сол кілттердің үшеуі ғана сыйлық салынған жәшіктерді ашады. Үш жәшіктің бірінде – 5 млн, екіншісінде – 3 млн, үшіншісінде – 2 млн теңге. Қысқасы, кім бірінші мәреге жетсе, жеңіс соның қолында. Мен ашқан жәшіктен 2 миллион теңге шықты.

 

 – Тамаша! Енді айтыңызшы, жақсы құрылысшы болу үшін адамға қандай қасиеттер қажет?

– Көп адам «құрылысшы» дегенде ауыр зат көтеріп, кірпіш тасып, я болмаса цемент араластырып жүрген адамды елестетеді. Шын мәнінде олай емес. Құрылыс – жалпылама атау. Оның ішінде бірнеше сала бар. Есік орнату, кірпіш қалау, еден төсеу, түсқағаз жабыстыру секілді бағыттардың әрқайсысы өз алдына бір мамандық деуге болады. Мұның бәрін бірдей меңгеру 100 адамның екі-үшеуінің ғана қолынан келеді. Оның өзі үлкен тәжірибемен келетін дүние.

Маған да «басқа жұмыс істемейсің бе?» дегендер болды. Көріп те жүрдім, бірақ айлығы аз. Кейде шаршайсың, ойланасың. Бірақ, бұрыннан келе жатқан клиенттер хабарласып: «Басқа ешкімге сенбейміз, өзің келші» дегенде, қайтадан шабыттанып кетесің. Адал еңбектің бағасы бар екенін түсінесің.

Меніңше ең бастысы, адам еңбексүйгіш болу керек. Жұмыссыз жүрген адам құрылыс саласының жоғарыда атап өткен бағыттарының ең болмағанда біреуін меңгерсе, жаман болмайды деп ойлаймын. Бірде құрылыс мамандығында оқыған екі жігітті кафель қалауға жіберсем, олар: «Аға, ол жерде адам көп, ұяламыз» дейді. Мен: «Егер ұялсаңдар, маска киіп алыңдар. Бұл – адал еңбек. Екі сағатта 20 мың теңге табуға болады. Бір күнде екі нысанға барсаңдар, табыс та екі еселенеді. Уақыт өте келе жақсы маманға сұраныс артады» дедім.

17 жылдық тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, құрылысшы болу да – үлкен өнер. Ол үшін ерекше ептілік пен ыждағатты еңбек қажет. Ал, нағыз шебер жұмысшы ешқашан жұмыссыз қалмайды.

 

– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға көп рахмет! Еңбегіңіз жана берсін!

 

Сұхбаттасқан
Дилара БИМЕНОВА

 

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win