Редакция таңдауы

Құрылыстың заңдылығы қатаң бақылауға алынған

Бүгінде Шымкент қаласында құрылыс саласы қарқынды түрде дамып келеді. Осыған орай, құрылыстың заң талаптарын сақтай отырып, белгіленген стандарттарға сәйкес жүргізілуін қадағалаудың маңызы зор. 

Биыл қаңтар мен сәуір айларында Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталатындығы туралы 489 хабарлама келіп түсіп, арнайы реестрде тіркелген. Оның ішінде бюджеттік қаражат есебінен салынып жатқан 41 нысан, ал, жеке қаражатқа салынатын 448 нысан туралы хабарламалар бар.

Басқарма тарапынан биыл жалпы 61 құрылыс объектілері бойынша 142 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Бұл басқарма лицензиялау және аттестаттау саласы бойынша да жұмыс жүргізеді. Атап айтқанда, 2025 жылдың қаңтар мен сәуір айлары аралығында құрылыс саласында сарапшылық жұмыстарды және инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыру үшін 61 сарапшыға басқарма тарапынан аттестат берілді.

Қаладағы лифтілердің техникалық талаптарға сай болуын қадағалау және оларды жаңарту бойынша жұмысты үйлестіру де қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының міндетіне кіреді. Қаладағы жалпы лифтілер саны – 1249. Оның ішінде: тұрғын үйлерде орнатылған лифттер саны – 950, денсаулық сақтау мекемелерінде – 59, ал, білім беру басқармасына қарасты мектептерде 56 лифт бар. Сонымен қатар қоғамдық орындарда, сауда орталықтарында және қонақ үйлерде 184 лифт жұмыс істеп тұр.

ҚР Үкіметімен 2022 жылғы 23 қыркүйектегі №736 қаулысымен бекітілген «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» Концепциясының негізінде жергілікті бюджеттен қайтарымды қаражат есебінен ағымдағы жылы 28 лифтіні ауыстыру жоспарланып, бюджеттен қаражат бөлінген. Бағдарламаның операторы «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС тарапынан 24 лифт ауыстырылып пайдалануға берілген, қалған 4 лифт бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, 2025 жылы 12 лифт, 2026 жылы 23 лифтті ауыстыру жоспарлануда.

Соңғы жаңалықтар