Редакция таңдауы

ҚҰТЫРУ – ҚАТЕРЛІ ДЕРТ

Адам баласының тіршіліктегі ең қымбат байлығы – денсаулық. Алайда, осы өмірді әп-сәтте жалмауы мүмкін қауіпті індеттердің бірі – құтыру ауруы. Бұл дерт адам мен жануарларға ортақ аса қауіпті зоонозды жұқпалы аурулар қатарына жатады. Ең басты қаупі – орталық жүйке жүйесін зақымдап, ми мен жұлынға әсер ету арқылы бүкіл ағзаның жұмысын бұзады.

Құтыру вирусы көбіне ит, мысық, түлкі, қасқыр, қарсақ сияқты үй және жабайы жануарлардың тістеуі, тырнауы немесе сілекейі арқылы жұғады. Аурудың жасырын кезеңі бірнеше күннен бір жылға дейін созылуы мүмкін. Сондықтан уақытында медициналық көмекке жүгіну – өмірді сақтап қалудың ең тиімді жолы.

Шымкент қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетованың мәліметінше, 2025 жылдың 9 айында қала аумағында құтыру дерегі тіркелмеген. Дегенмен, белгілі және белгісіз жануарлардың тістеуінен, тырнауынан немесе сілекейінен 2735 адам зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінген. Оның 49,1 пайызын (1343 адам) – 14 жасқа дейінгі балалар құрайды.

– Эпидемиологиялық тексерулер нәтижесінде балалардың көбі мектепке бару немесе қайту барысында иесіз иттердің шабуылынан жарақат алғаны анықталды. Зардап шеккендердің 94,7 пайызы ит пен мысықтан жарақат алса, оның 58,6 пайызы белгісіз жануарлар. Барлық науқастарға антирабиялық екпе курстары жүргізілген, – деді Айгүл Тұрымбетова.

Құтырудың алдын алу мақсатында Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, қауіпті контингенттерге, атап айтқанда зертхана қызметкерлері, аңшылар, кинологтар, ветеринарлар, иесіз жануарларды аулаушылар және т.б. жыл сайын жоспарлы екпе алу міндетті.

Жалпы құтыру вирусы табиғатта жабайы жануарлар арасында үнемі айналымда болады. Күз, қыс айларында жабайы жануарлардың ауылшаруашылығы малдарына жиі шабуылынан үй жануарларының құтырумен ауыруына қауіп төндіреді. Белгілі немесе белгісіз ит, мысық пен басқа жануар тістеп, тырнап немесе сілекейі тиген жерді тез арада 20 пайыздық сулы-сабынды ерітіндімен сүрту, жара шеттерін 70 пайыздық спирт немесе 5 пайыздық йод ерітіндісімен залалсыздандырып, стерильді таңып байлау қажет. Ең маңыздысы медициналық көмекке жүгіну арқылы құтыруға қарсы арнайы антирабиялық иммуноглобулин мен вакцина алу қажет. Уақытылы басталған профилактикалық екпе ғана қауіпті індеттің алдын алады.

– Құтыруға қарсы антирабиялық вакцина 0, 3, 7, 14 және 28 күндері егіледі. Егер жануар белгілі болса, ол 10 күн бойы ветеринариялық бақылауда ұсталады. Осы кезеңде зардап шеккен адам 3 реттік екпе алады. Ал белгісіз немесе жоғалған жануар тістеген жағдайда толық 5 реттік вакцинация жүргізіледі, – дейді Айгүл Мелесқызы.

Маманның сөзінше, Шымкент қаласы, Жандосов көшесі, №92 мекенжайындағы №2 қалалық аурухананың Рабиология бөлімшесінде тәулік бойы антирабиялық көмек көрсетіледі. Вакцина тегін егіледі және қоры жеткілікті.

Мамандардың айтуынша, үй жануарлары адамның досы болғанымен, кейде қауіпті инфекция көзіне айналуы мүмкін. Сондықтан келесі қауіпсіздік шараларын ұстану қажет. Үй жануарларын жыл сайын ветеринарлық бақылаудан өткізіп, құтыруға қарсы екпе ектіру, ит пен мысықтарды чиптеу және ветеринарлық паспорт алу, иттерді байлап ұстау және қараусыз қалдырмау, белгісіз, жабайы жануарларға жақындамау және тиісті органдарға хабарлау, жануар тістеген немесе сілекейі тиген жағдайда жараны сабынды ерітіндімен жуу, спирт немесе йодпен өңдеу және дереу дәрігерге қаралу.

Адам мен жануар арасындағы байланысты бақылауда ұстау маңызды. Халық арасында «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп бекер айтылмаған. Құтыру – емі жоқ, жазылмайтын қатерлі дерт. Сондықтан әрбір тұрғын өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, қауіп туындаған жағдайда антирабиялық екпені уақытында алу қажет.

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win