Сонымен, екі аптаға созылған бокстан ересектер арасындағы әлем чемпионаты мәресіне жетті. Ерлер командасы, әйелдер құрамасы да тарихи жеңіс сыйлап, зор абыроймен оралды. Рас, Ливерпуль шаршы алаңының шаңын қақты біздің батырлар. Ағылшын елінде қазақ боксы қайтадан өз тұғырына шықты. Біздің жеңісті дәстүрімізге, қазақ боксшыларының әлеуетіне бүкіл әлем куә болды.

Осыдан екі жыл бұрын Махмұд Сабырханды Шымкент халықаралық әуежайынан жерлестері зор қошеметпен күтіп алған. Ташкент төрінде әлем чемпионы атанып, Оңтүстік өрендерінің жеңісін жалғастырып еді. Күтіп алу рәсіміне чемпионның ата-анасы, бауырлары қуаныштан толқып жүрген-тін. Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Б.Нарымбетов әлем чемпионатына барып, жанкүйерлік еткенін, осындай жеңімпаздардың арқасында ұлттық рух көтерілгенін атап өткен. Іс-шарада әлем чемпионы бұл жеңіспен тоқтап қалмайтынын, жанкүйерлер сенімін ақтауға бар күшін салатынын айтты.
