Қыс мезгілінің таяп қалғанын ауа-райының құбылмалы қалпы мен кешкі ызғар анық аңғартып тұр. Әсіресе, Шымкент секілді ірі мегаполисте ауа-райының аяқасты өзгеріп сала берсе, бұл жағдай тұрғындардың қауіпсіздігіне, көлік қозғалысының тұрақтылығына, қаланың күнделікті тіршілігіне тікелей әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан қысқа алдын ала дайындалу коммуналдық қызметтердің міндеті ғана емес, бүкіл қаланың қалыпты тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды шаруа болып тұр.

Қардың қалың түсуі, көктайғақ пен көшедегі көлік жүктемесінің артуы сияқты қауіптерге қарсы күні бұрын қамдану маңызды. Бұл қыстың көзі қырауда болатын жол апаттарының алдын алып, қоғамдық тәртіп пен қалалық инфрақұрылымның мүдірмей қызмет етуіне мүмкіндік береді.
Осы орайда Шымкент қаласы биылғы қысты жеңіл өткізу үшін барлық қажетті шараларды қолға алып жатыр. Қала әкімдігі мен коммуналдық құрылымдар дайындықты күз айларында-ақ бастап, техниканы жаңартып, материал қорларын нығайтып, қар шығаратын арнайы орындарды анықтап қойды. Мамандардың айтуынша, алғашқы сынақ желтоқсан айының басында-ақ болуы мүмкін. Қазірдің өзінде түнгі температура +2…+5 градустан төмендемесе де, коммуналдық жүйе кез келген жағдайда әрекет етуге әзір.
Қала аумағында жалпы ұзындығы 891 шақырымды құрайтын 443 магистральды көше тіркелген. Осы жолдарды санитарлық және механикалық тазалау бес мердігер ұйымның мойнына жүктелген. Биылғы қысқы маусымға 243 арнайы техника сақадай сай дайындалған. Қар тазалайтын машиналар, құм-тұз себушілер, тиегіштер және қосалқы көліктер толық тексеріліп, жөндеуден өткізілген.
Қар қалың түскен немесе көктайғақ жиілеген күндері тәулігіне 2 мыңға жуық жұмысшы көшені тазалау жұмыстарына шығады. Бұл — орталық көшелердің қозғалысын уақытылы қалпына келтіруге мүмкіндік беретін негізгі күш. Қажет болған жағдайда қосымша бригадалар мен техника да жұмылдырылатыны айтылды.
Көктайғақтың алдын алуға қажетті материал қоры мол. Қала қоймаларында 25 мың текше метр құм және 15 мың тонна тұз сақталған. Орта есеппен әр ауданға 5 мың текше метр құм мен 3 мың тонна тұз бөлінеді. Бұдан бөлек, мемлекеттік-жекешелік әріптестік келісімдері аясында инертті материалдар қосымша алынған. Қар шығаратын арнайы орындар белгіленіп, әр аудан әкімдіктерімен толық келісілген.
Жол қауіпсіздігін арттыру үшін қала көшелерінің жағдайы тәулік бойы бейнебақылау жүйесі арқылы мониторингтеледі. Бұл әдіс қауіпті аймақтарды нақты анықтап, арнайы техниканы жылдам бағыттауға мүмкіндік береді. Ал, көлік қозғалысы күрт көбейетін таңертеңгі және кешкі қарбалас уақыттарда коммуналдық техника колонналарын жол-патрульдік полициясы бастап шығады. Мұндай үйлесімді жұмыс магистральдардың уақытында тазалануын және жол қозғалысының тоқтап қалмауын қамтамасыз етеді.
Қыс мезгілі — тек адамдардың ғана емес, қаланың да шыдамдылығын сынайтын уақыт. Сондықтан тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, әлеуметтік нысандардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету — әкімдік пен коммуналдық ұйымдардың ең басты міндеті. Қала билігі бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы тұрақты бақылауда болатынын мәлімдеді.
Шымкенттің қысқа дайындығы биыл ерекше қарқынмен жүргізілді. Техника жаңартылып, материал қоры жеткілікті деңгейде қалыптастырылды, жолдарды тазалау схемалары нақтыланды, полициямен бірлескен жоспар күшейтілді. Бұл — тек қар мен көктайғаққа қарсы күрес емес,
1,25 миллион тұрғыны бар қала тіршілігінің кідіріссіз жалғасуына жағдай жасауға бағытталған кешенді жұмыс.
Алдағы аязды күндер мен қаһарлы қыс қандай мінез көрсетсе де, қала қызметтері төтенше жағдайды болдырмауға, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын. Қыс қаһары қатты болса да, алдын ала жасалған жүйелі дайындықтың арқасында Шымкент көшелері қозғалысы тұрақты, қала тіршілігі қалыпты болмақ.
А.САЙЛАУҰЛЫ
