Редакция таңдауы

Қысқы ойындарда кімдерге үміт артамыз?

Өткен жылы Харбинде (Қытай) өткен ІХ Қысқы Азия ойындарында фристайл-акробатика өкілдері тарихи жеңіске қол жеткізген еді. Ұлттық құрама сапында Шымкент қаласының спортшылары 1 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлде жеңіп алып, жанкүйерлерін қуантты. Жерлестеріміз Шерзод Хаширбаев, Аяна Жолдас, Асылхан Асан, Ардана Маханова жүлдегер атанды. Дінмұхамед Райымқұлов жастар арасында әлем чемпионатынан жеңімпаз болып оралды. Өткен жылды қысқы спорт өкілдері табысты қорытындылаған. 

Иә, 2025 жылы қысқы спорт өкілдері жастар арасында әлем чемпионаты, Дүниежүзілік Универсиада және Қысқы Азия ойындарында жүлдегерлер қатарынан көрінді. Дінмұхамед Райымқұлов жастар арасында әлем чемпионатында топ жарды. Бұл – тарихи жеңіс.

Фристайлшылар Азия ойындарының тарихында тұңғыш рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Синхронды секіруде Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов бірден екі Қытай командасын артта қалдырып, топ жарды. Аралас командалар арасындағы сайыста Аяна Жолдас, Шерзод Хаширбаев және Асылхан Асан екінші орынға ие болды. Қорытынды есепте жерлестеріміз 235,39 ұпай жинады.

Сонымен қатар, Аяна Жолдас жекелей сында қола жүлде жеңіп алды. Финалда төрешілердің шешімі бойынша 76,54 ұпайға иелік етті. Аяна Жолдас пен Ардана Маханова синхронды секіруде үшінші нәтиже көрсетіп, қола жүлдені қоржынға салды.

«Енді Олимпиада ойындарына дайындаламыз». Шымкент әуежайынан Қысқы Азия ойындарының жүлдегерлерін күтіп алу рәсіміне куә болдық. Жүлдегер спортшылар қолдау көрсеткен баршаға рақметін айтып, келесі жарыстарға дайындыққа кірісетіндерін жеткізді. Фристайл-акробатикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Бағлан Іңкәрбек спортшылар тапсырманы екі етпей орындағанын, енді Қысқы Олимпиадаға дайындыққа кірісетіндерін хабарлаған.

Мінекей, осы аптаның басында қуанышты хабар жетті. Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, еліміздің фристайл-акробатика құрамасы 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарына бес лицензия иеленді. Халықаралық шаңғы спорты федерациясы (FIS) Италияда өтетін Олимпиадаға қатысуға бөлінген квоталардың ресми тізімін жариялады. Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасына бес жолдама (4 ер, 1 әйел) беріліп отыр.

Аталған лицензиялардың төртеуі Шымкент қаласының спортшыларына тиесілі. Атап айтқанда, Олимпиада ойындарында ел намысын Шерзод Хаширбаев, Дінмұхаммед Райымқұлов, Асылхан Асан және Аяна Жолдас қорғайды. Жалпы, Олимпиадаға берілетін жолдамалардың нақты саны 2026 жылғы қаңтар айының соңында түпкілікті бекітіледі. Жауапты бәсеке 2026 жылғы 6-22 ақпан аралығында Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді. Дүбірлі додаға 93 елден 3 500-ден астам спортшы қатысады.

Жерлестеріміз Қытай, Канада, АҚШ-та өткен фристайл-акробатикадан әлем кубогына қатысып, қажетті ұпайларды жинады. Өткен жылдың соңында қала спортшылары Чжанцзякоуда (Қытай) өткен Әлем кубогында бақ сынады. Биыл қаңтардың басында Канаданың Лак-Бопор қаласы және АҚШ-тың Лэйк-Плэсид аймағындағы Әлем кубогының кезеңдеріне қатысып, дайындықтарын пысықтады. Соңғы кезеңде Қазақстан құрамасының өкілі, жерлесіміз Асылхан Асан үздік ондыққа еніп, оныншы орынға тұрақтаған болатын. Дінмұхамед Райымқұлов 14-ші, Шерзод Хаширбаев 23-ші орынға жайғасқан еді.

Төккен тер текке кеткен жоқ. Шымкент қаласының фристайл спортының өкілдері жауапты сында кезекті рет бақ сынамақ. Шерзод Хаширбаев, Дінмұхаммед Райымқұлов, Асан Асылхан және Аяна Жолдас талай сындардан өткен тәжірибелі спортшылар. Қазақстан Республикасының құрама командасының мүшесі Шерзод Хаширбаев тәжірибелі спортшылардың бірі. Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін жеңімпазы, Жастар ойындары мен Спартакиадасының жеңімпазы, Әлем, Еуропа Кубогының жүлдегері. Жерлесіміз 2022 жылы Бейжің қаласында (Қытай) өткен XXIV Қысқы Олимпиада ойындарына қатысып, 15-орын алды.

Дінмұхаммед Райымқұлов – халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін жеңімпазы, жастар ойындары мен Спартакиадасының чемпионы. 2025 жылы қаңтар айында өткен Жастар арасында Әлем чемпионатында (Алматы) алтын жүлдеге ие болды.

Құрама сапындағы жас спортшылардың бірі Асылхан Асан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазақстан Республикасының құрама командасының мүшесі. Алматы қаласында өткен ҚР чемпионатында 1-орын алды. Шымкент қаласының Ашық біріншілігінде де топ жарды.

Ал, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Аяна Жолдас көп уақыттан бері ел намысын қорғап келеді. 2018 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарында бақ сынаған болатын. Әйелдер арасында көшбасшы спортшылардың бірі. Ол Еуропа кубогы кезеңдерінде бірнеше рет жүлде алған.

Бәрі де Шымкент қалалық №8 қысқы спорт мектебінің шәкірттері. Шымкент қаласының №8 қысқы спорт түрінен мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі 2010 жылдың 17 қыркүйегінде ашылып, жұмысын бастады. Содан бері көптеген спортшылар ел намысын абыроймен қорғап жүр. Әзірге, қалада бір ғана қысқы спорт мектебі жұмыс істейді. Жылдан-жылға материалдық-техникалық база да жақсара түсуде. Оқу-жаттығу жиындарын өткізуге барлық жағдай жасалған. Фристайл-акробатика өкілдерінің шетелде дайындалуына көмек берілуде. Бапкерлер, дәрігерлермен бірлескен жұмыстың нәтижесінде жеңісті жол жалғасын тапты.

Елімізде өткен жетінші Қысқы Азия ойындары көптеген жастың үмітін оятты. Көптеген жасөспірімдерге серпін берді. Сол кезде қарсыз өлкенің жастары да фристайл-акробатика өнеріне бет бұра бастады. Қысқы спорт түрлерінде Оңтүстіктің өзіндік жеңісті дәстүрі қалыптасып үлгерді. Фристайл-акробатика өкілі Жібек Арапбаева 2011 жылы Азия ойындарында күміс жүлдегер атанса, Жанбота Алдабергенова 2014 жылы Сочи ойындарында финалға шығып, алтыншы орын алған. Жібек Арапбаева 2010 жылы Ванкувер және 2014 жылы Сочи ойындарында жүлдге таласты. Қазақ қыздарының арасынан фристайл акробатикадан тұңғыш рет екі Олимпиадаға қатысушы ретінде тарихқа есімін жазды.

Жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде қала спортшылары әр Олимпиада ойындарында бақ сынап жүр. Жерлестерімізді Азия ойындарына дайындаған білікті жаттықтырушы Бағлан Іңкәрбек 2014 жылы Сочи Олимпиадасына қатысқан еді. Белгілі спортшы қазіргі уақытта фристайл-акробатикадан ҚР құрама командасының бас бапкері. Білікті маман Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алып, абыроймен қайтуға жұмыс істейтінін атап өткен-ді. Міне, сол сенім үдесінен шығып отыр. Бұл жолы бір емес 4 бірдей лицензияға қол жеткіздік. Бұл да қала спортындағы тарихи жетістіктердің бірі. Б.Іңкәрбек енді өз шәкірттерін Олимпиада ойындарына үкілеп қоспақ.

2018 жылғы Олимпиадаға Аяна Жолдас, 2022 жылғы Бейжің ойындарына Шерзод Хаширбаев қатысты. Дегенмен, екеуі де іріктеу кезеңдерінен өте алған жоқ. Аталған спортшылар кезекті рет төртжылдықтың басты бәсекесіне жолдама алып отыр. Бұл жолы жүлде үшін аянып қалмайтыны сөзсіз.

Айта кетсек, ҚР Туризм және спорт министрлігі 2026 жылғы 6-22 ақпан күндері Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін ХХV қысқы Олимпиадаға ұлттық команданы сапалы дайындаудың кешенді жоспарын әзірлеп, жүзеге асыруда. Болжамға сәйкес, Олимпиадаға елімізден шамамен 35 спортшы барады. Отандық атлеттер қысқы Олимпиаданың 10 дисциплинасы бойынша бақ сынауды жоспарлап отыр. Олардың қатарында биатлон, конькимен жүгіру спорты, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, шаңғы жарысы, шаңғымен трамплиннен секіру, шаңғы қоссайысы, тау шаңғысы спорты, фристайл-могул және фристайл-акробатика бар.a

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win