Туризм және спорт министрлігі 2026 жылғы 6-22 ақпан күндері Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін ХХV қысқы Олимпиадаға ұлттық команданы сапалы дайындаудың кешенді жоспарын әзірлеп, жүзеге асыруда.

Болжамға сәйкес, Олимпиадаға елімізден шамамен 35 спортшы барады. Отандық атлеттер қысқы Олимпиаданың 10 дисциплинасы бойынша бақ сынауды жоспарлап отыр. Олардың қатарында биатлон, конькимен жүгіру спорты, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, шаңғы жарысы, шаңғымен трамплиннен секіру, шаңғы қоссайысы, тау шаңғысы спорты, фристайл-могул және фристайл-акробатика бар.
Министрліктің мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта Софья Самоделкина мен Михаил Шайдоровтың мәнерлеп сырғанаудан 2 жеке ресми Олимпиада лицензиялары бар. Сонымен қатар, спортшылар шорт-тректен – 9, конькимен жүгіруден 12 лицензия жеңіп алды. Команданың түпкілікті құрамы спортшылардың халықаралық жарыстардағы нәтижелеріне қарай жасақталады. Олимпиада квоталарының нақты саны 2026 жылғы қаңтардың соңында мәлім болмақ.
Кешенді жоспарды іске асыру аясында министрлік республикалық спорт федерацияларымен және өңірдегі әкімдіктерімен бірлесіп жаттығу үдерісін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізді. Атап айтқанда, қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық құрамалар 178 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, 125 халықаралық жарысқа қатысты.
Туризм және спорт министрлігі ұлттық құраманың бәсекеге қабілетті даярлығын қамтамасыз ету және отандық спортшылардың төртжылдықтың басты додасында табысты өнер көрсетуі үшін қажетті жағдайларды жасау бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыруда.
Айта кетсек, ақ Олимпиадаға Шымкент қаласынан фристайл-акробатика өкілдері үміткер болып отыр. Жерлестеріміз қазіргі уақытта фристайл-акробатикадан Әлем кубогының кезеңдерінде бақ сынап, қажетті ұпайдарды жинауда.
