Редакция таңдауы

Республикалық оқу-жаттығу басталды

Республикалық «Жер-2025» командалық-штабтық оқу-жаттығуы ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі, генерал-майор Рамиль Камаловтың басшылығымен өтіп жатыр. Екі күн ішінде жаттығуға қатысушылар төтенше жағдайлар кезіндегі жедел  қызметтердің өзара іс-қимылы мен үйлестірудің тәжірибелік дағдыларын пысықтайды. Іс-шара зілзала жағдайында әрекет ету жүйесін жетілдіру және әрекет етуге дайындықты пысықтау мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Оқу-жаттығудың бірінші кезеңі таңғы сағат 08:00-де басталды. Азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің күштері мен құралдары, сондай-ақ, ТЖМ бөлімшелері толық дайындыққа келтірілді. Республикалық және қалалық жедел штабтар, сондай-ақ, зардап шеккен халықты уақытша орналастыруға арналған шатырлы қалашық құрылды.

«Жер-2025» командалық-штабтық оқу-жаттығуына №52859, 28237 және 68303 әскери бөлімдері, сондай-ақ, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарының Төтенше жағдайлар департаменттерінің, Денсаулық сақтау және Қорғаныс министрліктерінің, Апаттар  медицинасы орталығының 269 маманы және 90 бірлік техникасы  жұмылдырылды.

Оқу-жаттығудың ресми ашылуында Төтенше жағдайлар вице-министрі, генерал-майор Р.Камалов еліміз үшін сейсмикалық қауіпсіздік маңызды мәселе екенін атап өтті. Әлемде болып жатқан жағдайлар бұл бағытта жұмысты күшейтуді қажет етеді. Жиында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов сейсмикалық қауіпсіздікті арттыру бағытындағы жұмыс барысынан хабардар етті. Мұндай оқу-жаттығулар төтенше жағдай кезінде дұрыс әрі жоспарлы әрекет етуге үйретеді, азаматтардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға көмектеседі.

Оқу-жаттығудың бірінші күні Төтенше жағдайлар вице-министрі, генерал-майор Р.Камалов жедел топтардың уақытша орналасу орнына барып, олардың дайындығын тексерді. Кейін далалық штабта ұйымдастырылған жиналыста жедел топтар басшылары шартты жойқын жер сілкінісінің салдарынан туындауы мүмкін ахуал, төтенше жағдай салдарын жоюға арналған күштер мен құралдардың дайындығы туралы баяндама жасады. Сондай-ақ, оқу-жаттығу барысында заманауи құтқару жабдықтары, медициналық техника мен құрал-жабдықтардың көрмесі ұйымдастырылды. Онда еліміздің әр өңірінен келген азаматтық қорғау саласының өкілдері өздерінің заманауи өрт сөндіру автокөліктері, дрондар мен жауынгерлік жарақтарымен таныстырды.

Тағабай ҚАСЫМОВ

Соңғы жаңалықтар