Жазушы Бибігүл Иманғазинаның «Бибі-Сана» кітабының «Қаламгер, қайраткер – Бибі-Ана» атты таныстырылым кеші өтті. Кешті Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы мен Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана бірлесіп өткізді. Оқырман қауымды тың туындымен таныстыру мен рухани-адамгершілік құндылықтар, ұлттық сана, әйел болмысы мен тағдырына қатысты өзекті мәселелерді кеңінен насихаттау мақсатында өткен кеште жазушының «Бибі-Сана» атты шығармасының маңыздылығы мен қазіргі қоғам үшін өзектілігі жан-жақты талқыланды.

Әдеби кештің шымылдығы Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Жаппарқұлованың кіріспе сөзімен ашылды. Ол өз сөзінде кітаптың терең мазмұнына тоқталып, автордың шығармашылық болмысына жоғары баға берді.
-Бала күнімде көз жасымды тыя алмай оқыған “Тауқымет” кітабы – қазақтың мыңдаған қызының басынан өткен ащы шындық еді. “Бибі-Сана” сол кітаптың толықтырылған нұсқасы. Тақырып бүгінгі заманның да жанайқайы, – деп атап өтті.
Бағдарлама аясында автордың өмірі мен шығармашылық жолын танытатын бейнеролик көрсетіліп, романнан сахналық қойылым ұсынылды. Әдеби композиция арқылы көрермендер кейіпкердің ішкі жан күйзелісін, тағдырмен бетпе-бет келген сәттерін, рухани күресін терең сезіне алды.
Сонымен қатар, әдебиеттанушылар мен зиялы қауым өкілдері шығарманың көркемдік ерекшелігіне, идеялық мазмұнына талдау жасап, оның бүгінгі оқырман үшін маңыздылығына кеңінен тоқталды. Олар романның әйел тағдыры, қоғамдағы әділетсіздік, рухани төзім мен жауапкершілік тақырыптарын батыл көтеретінін атап өтті.
«Бибі-Сана» қоғамдағы адам жанының терең қатпарларын ашып көрсететін, тағдыр, жауапкершілік ұғымдарын көркем тілмен өрнектеген шығарма. Романда дертке шалдыққан тән ғана емес, күйзеліске түскен сана, сынға түскен рух бейнеленеді. Басты кейіпкер тірі қалу үшін ғана емес, адам болып қалу үшін күреседі.
Шығармадағы жас қыздың өзгеше тағдыры, намысын қорғау жолындағы көзсіз ерлігі мен қайтпас қайсарлығы оқырманды бейжай қалдырмайды. Озбырлық жасамақ болған жігіттің кесірінен мүгедек болып қалса да, мойымай, қайта аяғына тұрып, өмірге жаңаша көзқараспен оралған кейіпкер – рухының мықтылығын көрсетеді. Ең әсерлі тұсы — бұл образдың прототипі автордың өзі болуы, яғни шығармада өмір шындығы мен көркемдік терең астасып жатыр.
«Бибі-Сана» — әйел тағдыры арқылы тұтас қоғамның жарасын көрсеткен, оқырманды ойға қалдыратын туынды. Шығарма бүгінгі қоғам үшін де, келер ұрпақ үшін де рухани бағдар болары сөзсіз.
“Шымкент келбеті”
