Редакция таңдауы

Сабантой – ұлттар достығын ұлықтаған мереке

Шымкенттегі «Абай» саябағының аумағы көркем дәстүрлер мен рухани құндылықтар тоғысқан шынайы мерекеге айналды. Себебі, «Сабантой – 2025» мерекелік іс-шарасы биыл да көпұлтты Қазақстан халқының достығы мен татулығын паш ететін жарқын көрініске ұласты.

Жалпы, Сабантой – түркі халықтарының арасында, әсіресе, татар және башқұрт халықтарында ежелден келе жатқан халықтық мереке. Көктемгі егіс жұмыстары аяқталған соң тойланатын бұл мереке табиғатпен үндестікте өмір сүруді, еңбек пен бірлікті дәріптейді. Ал, бүгінде Сабантой Қазақстан халқы Ассамблеясының аясында бүкілхалықтық сипат алып, ел ішіндегі этносаралық келісім мен өзара құрметтің нышанына айналған.

Биылғы мерекені Шымкент қалалық татар-башқұрт этномәдени бірлестігі жоғары деңгейде ұйымдастырып, мәдени бағдарлама аясында түрлі қойылымдар мен дәстүрлі ойындарды ұсынды. Қала әкімдігі, Қазақстан халқы Ассамблеясының Шымкент қалалық хатшылығы және өзге де құрылымдар белсенді атсалысып, халықтың рухани мерекесін шын мәнінде салтанатты әрі есте қаларлықтай өткізуге мұрындық болып отыр.

Мерекеге келген тұрғындар мен қонақтар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. «Біз еліміздегі ең жарқын әрі мәні терең мерекелердің біріне куә болдық. Бұл мейрам Қазақстан халықтарының мерекелер шеруінде ерекше. Сабантой жыл сайын Шымкент қаласының тұрғындары үшін көптен күткен сүйікті мерекеге айналып, ел ішіндегі бейбітшілік пен келісімді нығайтуға өз үлесін қосып келеді», деп өз әсерлерімен бөлісті тұрғындар.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына орай жыл бойы елімізде түрлі форматтағы мәдени-көпшілік іс-шара өткізіліп жатыр. Сабантой да осы игі бастамалар қатарында айрықша аталады. Іс-шара аясында сөз алған Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың бөлім басшысы, ҚХА хатшылығының меңгерушісі Айгүл Әмзеева Сабантой – тек бір ұлттың ғана емес, бүгінде жүзден астам этностың бірлігін білдіретін, бейбіт өмір мен татулықты дәріптейтін жалпыұлттық мейрамға айналғанын айтады. «Бұл мерекенің басты мақсаты – еліміздегі түрлі этностардың мәдениетін ұлықтап, ұлттар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту. Осындай іс-шаралар арқылы халықтар арасындағы өзара түсіністік артып, қоғамдық келісім мен бейбіт өмір салтанат құрып келеді», деді ол.

Сондай-ақ, мереке аясында ұлттық тағамдар мен қолөнер көрмесі мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Татар мен башқұрт халқының ұлттық киімдерін киген өнерпаздар сахнада өнер көрсетіп, көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады.

Шымкент қаласындағы башқұрт этномәдени бірлестігінің төраға орынбасары Саима Акбердиеваның айтуынша, бұл мейрам тек башқұрт халқының ғана емес, барша Қазақстан халқының ортақ мерекесіне айналған. «Бұл күні біз өз мәдениетімізді дәріптеп, ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрді келешек ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік алып отырмыз. Мерекені өткізуге қолдау көрсеткен қала басшылығына және барлық қатысушы ұйымдарға шын жүректен алғыс айтамын», деді ол. Оның айтуынша, Шымкент қаласындағы алғашқы Сабантой мейрамы 1991 жылы «Локомотив» стадионында өткен. Содан бері бұл дәстүр үзілмей, жыл сайын жалғасын тауып келеді. Бүгінгі мерекеге Қазан мен Астана қалаларынан арнайы келген мәртебелі меймандар мен өнерпаздар да қатысып, мейрамның деңгейін жаңа биікке көтерді.

Шындығында да мереке тек қуаныш пен ойын-сауық емес, халықтың рухани құндылықтары мен бірлігін айқындайтын, достық пен сыйластықтың айнасы. Мерекеге мәдениет саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен ардагерлер мен этномәдени бірлестіктердің белсенді мүшелері де қатысты. Олардың ішінен ел бірлігі мен ынтымағын нығайту жолындағы еңбегі үшін бірқатар азаматтар алғыс хаттармен марапатталды.

Қала әкімдігі тарапынан да этномәдени бірлестіктердің жұмысына ерекше қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, қаладағы 16 этномәдени орталықтың әрқайсысына ана тілі мен салт-дәстүрді насихаттауға бағытталған 650 мың теңгеден грант бөлінген. Бұл бұрын-соңды болмаған қаржылық қолдау әрі этносаралық келісімді сақтауға бағытталған нақты қадам.

Соңғы жаңалықтар